«Қиял әлемі» өртеніп кетті
Алматының орталығында орналасқан ойын-сауық саябағы отқа оранды. Қоймалар мен ойын автоматтары өртеніп кетті. Өрттің неден болғаны белгісіз.
Абай даңғылының бойында орналасқан «Айя» қиял әлемі» саябағында өрт шықты. Қою қара түтін кеше таңертең қала орталығының сәнін кетірді. «Тілсіз жаудың хабары таңғы сағат 06.30 шамасында келіп түсті» деп хабарлайды Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. Сағат 06.35-те өрт сөндіру қызметінің бірінші жасағы аттандырылып, өрт сағат 08.10-да оқшауланды. Өрттің қанша ауқымды шарпығаны бірден белгілі болмады. Мамандардың тұспалына қарағанда, шамамен 3 мың шаршы метрді өрт шалған болуы ықтимал. Ойын-сауық саябағының дәрігерлік жәрдем беру орны, ойын автоматтары мен бірнеше қоймасы да жанып кеткен. «Өртті сөндіруге 16 техника мен 65 адам жұмылдырылды. Өрт сөндіруші қызметкерлер тілсіз жаумен 3-4 сағат көлемінде арпалысқан. Жарақат алып, қаза тапқандар жоқ» дейді төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі. Оқиғаның себебі анықталып жатыр. «Айя» қиял әлемі» – Алматыдағы кісі көп келетін ірі ойын-сауық саябағы. Қазір ол бірнеше тәулікке уақытша жабылды.