Қазақтың рухын қалай оятамыз?

Қазақтың рухын қалай оятамыз?

Қазақтың ұйықтап жатқан рухы қайтсе оянады? Әлбетте, қазақтың елі мен жері үшін жан алып, жан беріскен, өмірін қазақтың жолына арнаған ұлық бабаларымыздың ұлағатты істерін, батырларымыздың ерлігін, хандарымыздың қасиетін дәріптеу, талмай насихаттау арқылы ғана. Алайда табиғатынан бұйығы, қой мінезді, көнбіс, алқымына пышақ тақалмайынша, тұяқ серіппейтін біздің қоғамда Абай селт еткізе алмаған, Ахаңдар оята алмаған рухты батырларымыз бен хандарымыздың, кешегі Алаш арыстарының ұлт азаттығы үшін күресін баспасөзде жазу арқылы ғана насихаттау жеткіліксіз.

Бұл істің жүйелі сипат алуына биліктің өзі үнемі мұрындық бола жүріп, азаматтық қоғамның ұлттық сананы жаңғыртатын, ұйқыдағы рухты шағып оятатын кейбір бастамаларына мемлекеттік деңгейде қолдау көрсеткені, маңыз бергені абзал. Сонда ғана толқыннан толқын туып, сана сілкінеді, ұйыққа тартқан ұйқы ашылады. Ал сананы сілкінтіп, ұйқыны ашатын шараның бірі қазақтың Тәуелсіздігі үшін күрескен соңғы ханы Кенесарының рухын елге қайтару болмақ.
Құдайға шүкір, хан Кененің рухын елге қайтару үшін әзиз басын табуға әрекеттенушілер, қал-қадерінше іздестіру шараларын жасап, қайрат қылушы азаматтар баршылық. Бірақ әзірге нәтижесіз аяқталып жатқан осы бастамалар да бұл іске мемлекеттік деңгейде маңыз берілуі тиістігін алға тартып отырғандай. Осы тұста сондай-ақ қазақтың рухы ұйқыдан ояна алмай, есінеп жатқанының айғағы ретінде бір мысал келтірсек те болатын сияқты.
Кенесары ханның басын іздеп жүрген азаматтардың бірі Уәлихан Қайсаров газетіміздің «Дат!» айдарында берген сұхбатында («Алаш айнасы», 28.07.2010 №125) Кенесары қорын құрғанын, бірақ оған осы күнге дейін небәрі 2 мың теңге ғана түскенін қынжыла айтқан еді. Бұл да болса, біздің жұрттың өз рухын іздеуге келгенде жанып түспейтінін, әлі де бейуаз ұйқыдан арылмағанын байқатса керек.
Әрине, Кенесары рухын іздеу мәселесінде саяси астар іздеп, көлеңкесінен күдіктенетіндер түрлі уәж айтуы мүмкін.Алайда ол заман келмеске кеткелі қашан? Ресейдің өзі бүгінде ұлттық рухын өлтіріп алмас үшін патшалық дәуірдегі ұлықтарын дәріптеп жатқанда, біздің бұғып, жалтақтауымызға не жорық дейміз еріксіз. Өз заманында ұлтқа қалқан болған азаматтарын ұлықтауға мысал іздесек, туысқан Түркиядан да табылады. Орталық Азияда қалған Әнуар пашаның сүйегін елге әкелу шарасына Түркияның аса зор мемлекеттік маңыз бергені мәлім. Ендеше, Кенесары ханның басын іздеу де жекелеген азаматтардың ғана емес, мемлекеттің де діттеген мақсаты болуы тиіс.
Осы орайда біз сәл алға озып, «Кенесары ханның басы табыла қалған (ал оның табылатынына іздеушілердің еш күмәні жоқ) жағдайда, оны елге әкелу мәселесі қалай жүзеге асуы тиіс» деген сауалға жауап іздеген едік. Есімдері елге белгілі, сөзі саралы сол азаматтарымыздың пікірлері төмендегідей болып шықты.

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, профессор:
– Кенесары – мемлекеттің Тәуелсіздік рәмізі. Ол – қазақ хандарының үлгісі, хандық биліктің эталоны. Сондықтан оның бас сүйегін тауып, қайта жерлеу мемлекетшіл-елдік дәрежеде ұйымдастырылуы тиіс. Мысалы, Орталық Азияда сүйегі қалған түрік Әнуар пашаны 90-жылдары Түркияға қайта жерлегенде оның үстіне мемлекеттік туын жауып, Ыстамбұл көшелерімен алып өткен. «Біздің шаһит» деп, осы оқиғаға республикалық деңгейде маңыз берген болатын.
Ал мұсылмандарда түрлі жағдайда қалған саусаққа дейін жерленеді. Біз де Кенесары ханның әзиз басын тауып, елге әкелсек, оны бар жөн-жоралғысымен жерлеуге тиіспіз. Бұл оқиғадан бүгінгі жастарға сабақ, ұрпаққа ғибрат болуы үшін оған мемлекеттік деңгейде мән-мағына, маңыз берілуі қажет.
Жалпы, «топырақ бұйыру» деген бар. Кезінде Әлихан Бөкейхан бауырлары Алаш көсеміне дұға бағыштайтын бір зиярат орны болсын, қазақ ұмытқан даңқты қайраткерге әлемде бір белгі қалсын деп, Талдыбейітке Әлекеңнің тер сіңген кепкесін жерлеген. Қазір біз үшін сүйек жинау міндет емес, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру – міндет. Хан Кене сүйегі – сондай шара.
Ал «қай жерге жерлейміз» дегенде, қасиетті Түркістан мен бүгінгі Астананың қай-қайсысын да таңдауға болады деп ойлаймын.

Думан РАМАЗАН, жазушы:
– Кенесары ханның бас сүйегін әкелу мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ. Түспейді де. Бұл – қазіргі ең өзекті мәселелердің бірі. Азаттық үшін отаршылдармен арыстандай алысып өткен ханның бас сүйегін алып келіп, туған жердің қойнына тапсырмай, Тәуелсіздігіміздің саяси ұпайы түгенделмейді. Жапондар соғыс кездерінде жат жерлерде шейіт болған қарапайым жауынгерлерінің сүйектерін іздеп тауып, елдеріне апарып, арулап жерлеп жатыр. Бұған мемлекеттік тұрғыда ерекше мән беріледі, маңыз артылады. Жапонияда бұл – мемлекттік саясат. Орыстардың өзі төңкерісшілер бала-шағасымен атып тастаған ІІ Николайдың сүйегін тауып, оны шетелдерде экспертизадан  өткізіп, бақайшағына дейін зерттеп-зерделеп, оған мемлекеттік деңгейде маңыз беріліп, арулап жерледі емес пе?! Сонысымен-ақ орыстардың ұйықтап жатқан рухын оятып кеткен жоқ па?! Қазір орыстардың ұлттық рухы күшейіп келеді. Олар байқап отырсаңыз, сол баяғы ықпалын жүргізу үшін жанталасып, сол бағытта кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр.

Бұл – осындай ұлттың рухын оятар игі істердің нәтижесі. Бізге де дәл солай істеу керек. Кенесары ханның сүйегін іздеп-тауып, оны туған жерге әкеліп, арулап қою керек. Осыдан кейін оны тағзым етіп, рух шақырар қасиетті орынға айналдыру қажет. Бұлар жас ұрпақтың рухын оятады. Ханның ұлттық, елдік идеяларын кеңінен насихаттап, оны жүзеге асырудың жолдарын қарастыру керек. Кенесары туралы кинофильмдер түсірілу керек! Біз толық тәуелсіз болғымыз келсе, осындай шараларға мемлекеттік мән артуға тиіспіз! Біз ұлттық мемлекет болғандықтан, мұны мемлекеттік саясатқа айналдыра білуіміз қажет! Сонда ғана қазақтың ұлттық рухы оянып, ешқандай жау ала алмайды. Имендіре, иліктіре алмайды! Бұл біздің аңсап жеткен Тәуелсіздігімізді қорғап қалуымыз үшін қажет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста