Өзгенің жұмыс цехын паналған көпбалалы жанұя жаңа жыл қарсаңында күтпеген тосын сыйға тап болды. Астаналық кәсіпкер бес баласы бар отбасыға 190 шаршы метрлік зәулім үйді тегін бере салды. Жаңадан салынған зәулім үйдің іші толықтай жиһаздармен қамтылған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Ең қызығы жаңа қожайын мен оның әйелі де әлгі үйдің жөндеу жұмыстарына кезінде ат салысқан. Өзге де құрылысшылармен бірге келіп, жұмыс істеген ерлі-зайыпты болашақта әлгі үйдің өздеріне берілетінін білмеген. Кәсіпкер Ақмола облысының Аршалы ауданында шағын қалашық тұрғызып жатыр. Бұл оның осы аудан орталығында көп балалы жанұяларға тегін тарту еткен төртінші үйі.
«Ең басты талап көпбалалы, бақытты отбасы болуы керек. Қандай қиындықтар болса да, ажыраспаған, махабаттарына берік, бір-біріне сүйеніш болған, жыртығын жамап, балаларын сабаққа жіберіп отырған ата-аналардың алып жатқан баспанасы. Тегін. Әрине тегін десе көптеген адамдар неше түрлі әңгіме айтуы мүмкін. Бірақ бұл отбасылардың отағалары үйлерінде құры жатпайды, таңертеңнен кешке дейін жұмыста. Ал тапқан табыстары үй алуға жетпей жатыр ғой. Оған олар кінәлі емес. Олар бір кісідей жұмыс істеп жатыр. Жатып ішер, жалқау деген әңгіменің бәрін қою керек. Ал отағасы жұмыс істемейтін болса онда бұндай жанұялар біздің талаптан өтпейді», — деді кәсіпкер Көңілбай Шүкенов.
Астаналық тұрғын «Бақытты отбасы» атты қайырымдылық жобасын бастаған. Мақсаты — үлгілі, қандай қиындық келсе де жанұясын сақтаған, балаларын білімге, өнерге баулыған ерлі-зайыптыларды тауып, баспанамен қамту. Жоба авторларының сөзінше, көп бала туған отбасын аянышты, кедей, мәдениетсіз, өмірден қалыс қалған қылып көрсету қазір белең алған. Көпбалалы дегенді естіген адамның ойына бірден негативті ой қалыптасады, бұл қоғамның дерті деп санайды қайырымды іске бастамашыл болған топ.
«Қазіргі уақытта көпбалалы десе көпшлік көз алдына бейшара адамды елестетеді. Қазір «бақытты отбасы» идеологиясын жермен жексен еттік. Қазақстанда қайырымдылық қорлары көп. Олардың көбі балалардың көз жасын көрсетіп, жылатып барып елден ақша, басшылықтан баспана сұрап жатады. Бірақ ол біздің ұлттық санамызға кері әсерін тигізіп жатыр. Осындай аянышты жағдайларды көріп өскен балаларда: «біздің елде армандар орындалмайды, ол үшін тек жылап-сықтау керек» деген ой қалыптасады. Елімізде ұлтымыздың рухын көтеретін бірегей жобалар болуы керек қой. Сондықтан бұл біздің кішкентай болса да ұлттық идеологияға қосып жатқан үлесіміз», — деді жобаның авторы Көңілбай Шүкенов.
Әрқайсысы 190 шаршы метрлік зәулім үйлер Ақмола облысының Аршалы ауданында орналасқан. Бүгін су жаңа баспананың кілтін алған отағасы Астанада бес баласымен бірге құрылыс заттарын шығаратын цехта тұрып келген. Оңтүстік өңірден суық жаққа барса да, қиындықтарға қарамастан тұрақты еңбек етіп жүрген жастар. «Бақытты жанұя» атты шағын қалашықтағы тағы бір үй осы жазда берілген еді. Әрбір жанұяда 8-9 баладан тұрып жатыр. «Бақытты отбасы» деп танылған жанұяларды кәсіпкер Қызылорда, Түркістан, Қарағанды облыстарынан көшіріп әкеліп, орналастырған.
«Көпбалалы деген ұғым адам ұялатын отбасы емес. Қандай да бір қорлардан немесе әкімдіктен барып үй сұраған кезде мұқтажбын, сорлымын деп жылап жатады. Елімізде мемлекеттік «Бақытты отбасы» атты тұрғын үй бағдарламасы бар. Көпбалалы, толық емес, ажырасқан отбасыларға беріледі. Осы бағдарламамен үй аламыз деп қаншама отбасы әдейі ажырасып жатыр. Ол ұрпаққа, біздің сүйегімізге таңба. Сондықтан біздің жобамызды дұрыс түсінсе екен дейміз. Бізден осы баспананы алу үшін қаншама отбасы «мен бақыттымын, күйеуімді жақсы көремін, балаларым да бақытты, иә, кішкене жетпесе де, біз бір-бірімізге көмектесіп жатырмыз» деп жазып жатыр. Осындай бірлігі жарасқан, балалары өнер-білімге жақын отбасыларға біз тегін үй салып беруге міндеттіміз. Бірауыз жылы сөздің өзі миллиардтаған ақшадан қымбат. Мен бұл балалардың қазақ елін көркейтетініне, дамытатынына сенемін. Олар ержеткен соң да рухты азаматтарды тәрбиелейді. Осындай бай мемелекетте кедей өмір сүруіміз мүмкін емес», - деп ағынан жарылды кәсіпкер.
Іші толықтай жаңа жиһаз, тұрмыстық техникалармен қамтылған кең үйдің кішкентай қожайындары, тіптен олардың анасы да бұл жаңалықты әлі білмейді. Жаңа жылдық заттармен көмкерілген зәулім үйге балаларды бүгін кешке қараңғы түсе әкелмек. Ертегі әлеміндей көмкерілген баспананың кілтін кәсіпкер оларға отшашу арқылы және баталы мол дастарханмен табыстамақ.
«Біз Қызылорда облысының Жаңақорған ауданынан көшіп келдік. Екінші баламыз туған соң ата-енемізден бөлініп, пәтер жалдап тұрдық. Ұзақ уақыт пәтерсіз жүрсек те балаларымызға үнемі қамқор болдық. Өмірге ренжіп, кейімедік. Кенже баламды босанған соң осы «Бақытты отбасы» байқауының өтіп жатқанын естіп, әлеуметтік желі арқылы хат жібере салған едім. Кейін Астанадан арнайы іздеп келіп, жағдайымызды көріп, кетіп қалған. Үйді аламыз деген ой мүлдем болмады. Жазда арнайы алғызып, сән-саланатпен кілтті берді. Сөзімді жеткізе алмай, қуаныштан жылай беріппін. Күйеуіме де жұмыс табылды. Екі кішкентайдан басқасы мектепте, сабақтан соң үйірмелерге қатысады. Осы жобаның арқасында солтүстікке қоныстанып, өмір сүріп жатырмыз. Енді міне қасымызға тағы бір отбасы көшіп келеді екен, күтіп отырмыз, дайындалып», - деді көпбалалы ана Лаура Тасқожаева.
«Мына жерде 5 отбасыға баспана салынған. Соның 3-еуі берілді. Төртіншісін бүгін кешке беруге дайындалып жатырмыз. Арманым — Қазақстанда ешкімді үйсіз қалдырмау! Қазақтар өмірге несие төлеу үшін келген жоқ. Өмірінің жастық шағын банктерге несие төлеумен өткізу — барып тұрған қорлық», — деді жоба авторы.