Қазақстанның бірқатар өңірінде жолдар жабылды
Қазақстанның жеті облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда қозғалыс шектелді, деп хабарлайды төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
"Ауа райының нашарлауына байланысты (көктайғақ, қар аралас жаңбыр, бұрқасын, жолдың көрінбеуі) еліміздің жеті өңірінде – Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда қозғалыс жабылды", - деді министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли.
Сонымен қатар, Қазгидромет ақпаратынша, алдағы күндері Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарының кей жерлерінде көктайғақ, бұрқасын, қар, тұман болады, желдің жылдамдығы секундына 15-20 метрге жетеді.
ТЖ министрлігі қазақстандықтарды алыс жолға шығарда ауа райы болжамын қарап, сақтық шараларын сақтауға шақырды.
Қандай жолдар жабылуы мүмкін екенін 1403 немесе құтқару қызметінің "112" нөмірі, сондай-ақ "Дәрмен" мобильді қосымшасы арқылы нақтылауға болады.