Қазақстанның БАҚ саласындағы стратегиясы дайындалады - Дәурен Абаев
Аталған құжат бұқаралық ақпарат құралдарының даму болашағын айқындайды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бұйырса, келесі жылы біз осы салада бір құжатты дайындауды бастайын деп жатырмыз. Жалпы, еліміздің бұқаралық ақпарат саласындағы стратегиялық маңызы бар құжаты болады. Болашақта қай бағытта жүреміз? Қалай дамиды? Осының бәрін зерттеп, өздеріңізге келесі жылдың соңына таман ұсынамын деп сенемін», - деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың бүгін қазақ сайттары редакторларының форумында.
Өз сөзінде министр жаһандану заманында ақпараттық-коммуникациялық теxнологиялардың кеңінен дамуына тоқталды. Бүгінде 7 млрд-тан астам адамның тең жартысы әлеуметтік желілердің қолданушысы болып саналады. Ал әлеуметтік желілердің өздері ақпарат құралдарының салмақты бәсекелесіне айналды.
«Қазір күннің басты тақырыбын Фейсбукта отырған қарапайым қолданушы қалыптастыра алады. Бір редакция зерттеп жүрген мәселенің маңыздылығын WhatsApp-тағы бір видео жоққа шығаруы мүмкін. Алайда бұл үрдіс журналистиканың рөлін төмендете алған жоқ, керісінше, әлеуметтік медиа дамыған сайын кәсіби мамандардың бағасы арта түсуде», - деп атап көрсетті Д.Абаев.
Осы орайда министр бүгінгі форумға теледидар, радио мен баспасөз өкілдерін не үшін шақырылғанын түсіндірді.
«Интернеттің қарқынды дамуы коммуникация құралдарын бір арнада тоғыстырып, дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианың сабақтастығы күшейе түсуде. Оны бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан баршаңызды осы саладағы ең маңызды мәселелерді бірлесе талқылауға шақырып отырмыз. Форум барысында ортаға салынған пікірлер мен идеялар отандық ақпарат саласының дамуына үлес қосады деп сенемін», - деді Д.Абаев.