Қазақстанды «Қазақ елі» атандырар рух бар мұнда
Кезінде самсаған сары қол жортқан Сарыарқаның төсі кеше тағы да адам нөпіріне толды. Бірақ бұл жолғы жиын бейбіт өмірдің жаршысы еді. Елордадағы «Қазақ елі» монументінің алдына жиналған жұрттың көптігі сондай, алабы атшаптырым алаңда ине шаншар орын қалған жоқ. Нақты деректерге қарағанда, бұл күні алаңда 70-75 мың адам болған. Олардың арасында еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін бар. Ал қаладағы қоғамдық көліктің бәрі кеше тек «Қазақ елінің» алдына қаздай тізілді.
Болашақтың басты бағдарындай...
Иә, тек қарапайым халық қана емес, елдің игі жақсысы мен атқамінерлерінің дені қалмай қатысқан бұл жиын, мемлекеттік мерекелерден де артық болғандай әсер қалдырды. Өйткені кеше қазақ мемлекетінің мәңгілік тәуелсіздігінің символы болған «Қазақ елі» сәулет-мүсін кешені жаңа мазмұнмен қайта ашылды. Дәлірек айтқанда, ескерткіш архитектуралық, идеялық-көркемдік тұрғыдан толықтырылып, халықпен қайта қауышты. Салтанатты мерекеге арқау болған тарихи сәт, тағы бір қуанышқа жүкті болғанын айрықша атап өткен жөн. Яғни қосымша жаңғыртудан өткен «Қазақ елі» монументінде Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі де сомдалды. Дәл осындай ерекшелігімен ел сүйінткен салтанатты рәсімге, Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-министр Кәрім Мәсімов, қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов бастаған лауазым иелері мен депутаттар және Әбіш Кекілбай, Шерхан Мұртаза, Бекболат Тілеухан сынды зиялы қауым өкілдері қатысып, жүрекжарды лебіздерімен бөлісті. Еліміздің баянды болашағына бағдар сілтейтін еңселі ескерткіш «Қазақ елі» монументі былтыр Астананың онжылдық мерейтойында тұсауын кескені мәлім. Оның салтанатты ашылуына қатысқан Елбасы мемлекетіміздегі басты ескерткіш осы болатынын атап өткен еді. Ескерткіш ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігін, ықылым замандардан бүгінге дейін жалғасып жатқан ұрпақтар сабақтастығын бейнелейді.
Мемлекетіміздің басты мемориалы ретінде мойындалған ескерткіштің өн бойы ұлтын сүйетін ұлағатты ұл-қыздарымыз ұлықтауға тиіс арғы-бергі тарихқа тұнып тұр. Ескерткіштің биіктігі 91 метр. Бұл тәуелсіздігіміздің тұсауын кескен жылды меңзейді. Оның ақ мәрмәрмен апталған тұғыры халық көңілінің кеңдігі мен пейілінің пәктігін паш еткендей. Ұшар басына қасиетті Самұрықты қондырып, заңғар көкке шаншылған стелла өркениет өріне қарышты қадаммен беттеген қазақ елінің қуатты құлшынысының көрінісі.
Ескерткіш қалай жаңғыртылды?
Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің қатысуымен өткен Астана қалалық мәслихатының кезектен тыс ХХХІY сессиясында, қалың елдің көзқуанышына айналған келісті кешеннің болмысы мен бітімін әлі де архитектуралық және идеялық-көркемдік тұрғыдан толықтыра түсу қажеттігі туралы мәселе қойылған болатын. Мәслихат сессиясында белгілі болғандай, «Қазақ елі» монументінің бұрынғы қалпына мынадай өзгерістер енгізу көзделген: яғни тұғырдың жалпы биіктігін 20,1 метр қылу. «Халық және Президент», «Қаһармандық», «Жасампаздық» пен «Болашақ» деп аталатын төрт қола барельеф 68 шаршы метр көлемді иеленбек. Мұндағы басты бейненің биіктігі бес метр. Ал «Бірлік» атты көп мүсінді ансамбльдің әрқайсысының биіктігі 3,5 метр болатын тоғыз кейіпкерден тұрады. Жоғарыда аталған төрт қола барельефтің әрқайсысы өзіндік мән-мазмұнға ие. Солардың ішіндегі «Халық және Президент» деп аталатын барельефте алақанын конституцияға қойып, ант қабылдап тұрған тұңғыш Президенттің бейнесі заң үстемдік құрған зайырлы қоғамның айқын рәмізі іспетті. Осы композициядағы қалықтаған қарлығаштар бейбітшілік бесігінде тербелген халқымыздың риясыз көңіл-күйі мен мемлекетіміздің берік ұстындары достық, татулық, келісімді көрсетеді. Тарих өзінің толқымалы, тағдыршешті тұстарында ұлт мұратын ұлықтаған көшбасшы көсемдерін туғызбай қоймайды. Ендеше, туған халқын өтпелі кезеңнің тар жол, тайғақ кешулерінен абыроймен алып шыққан, көреген де көшелі саясаткерлігін күллі әлем мойындаған тумысы бөлек тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзімен бірге жүріп, біте қайнасқан ел-жұртымен тұтастықта бейнеленуі сәтті табылған көркемдік шешім екені сөзсіз. Бұл тұрғыдағы қабырғалы ойлар халық қадірлейтін тұлғалардың аузынан да ағыл-тегіл ақтарылмай қалған жоқ.
Әбіш КЕКІЛБАЕВ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Сенат депутаты:
– Қаһармандыққа толы өткенімізді, жасампаздыққа толы бүгінімізді, батыл бастамашылдыққа толы ертеңімізді бейнелейтін ақ мәрмәр монументтің орталық тұлғасы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың болуы әбден заңды. Тәуелсіздіктің қуанышымен тыныстаған шат-шадыман ағайынның асқақ көңілі алып самұрықтай аспанға самғайды. Әлем сахнасына өз Конституциямызды қабылдап көтерген күнімізді еске түсіреді. Бұл – ел жолында жүк қалдырмас ерлікке ескерткіш. Бұл – абзал армандар мен асыл мұраттарға қанат бітіре алатын дархан елдікке ескерткіш. Бабалар аманатын арқалаған, ардақты ұлын аялаған халықтық махаббаттың ескерткіші.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Сенат төрағасы:
– Дана халқымыз: «Еркіндік қайда болса – елдік сонда, бірлік қайда болса – ерлік сонда», – деп айтқандай, «Қазақ елі» монументі – еліміздің сан ғасырлық тарихына, ұлтымыздың ұлы перзенттеріне, асыл мұратына, атажұртымызға арналған мәңгілік ескерткіш. Шын мәнінде, бүгінгідей байтақ мемлекетімізде, жауһар Астанамызда осындай мағынасы терең монументтің орнауы – қазақ халқы үшін тарихи әділдіктің салтанат құруын айғақтайды. Еліміздің басты ескерткіші ұрпақтар байланысын, уақыт үндестігін бейнелейді. Бұл – ата-бабаларымыздың рухына тағзым етіп, жас ұрпақты ізгілікке, отансүйгіштікке бастайтын киелі орын. Міне, сондықтан да біздер үшін оның маңызы аса зор!
Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:
– Ұлтқа ұстаз болып отырған Елбасының асқақ рухы мен еркі, қайраты мен ақылы, парасаты мен пайымы, көрегендік пен көсемшілдігі, мемлекетшіл қайраткерлігі қашан да өрелі өнеге, үлкен үлгі болып табылады. Сондықтан Астана қаласының мәслихаты бастамашылығымен ашылған осынау райы ерекше рәміз біздің ата-баба аманатына адалдығымыздың, ұлттық сана-сезіміміз бен тарихи таңдауымыздың, ел мен оны жетектеген Елбасымызға деген қадірлі құрметіміздің, халық үшін керекті, тарих үшін деректі айғағымыздың дәл көрінісі деп қабыл алайық!
Қысқа дерек
«Қазақ елі» сәулет-мүсін кешенін мүсіншілер Нұрлан Далбай (топ жетекшісі) мен Мұрат Мансұровтан; сәулетшілер Сәрсембек Жүнісов, Бақтыбай Тайталиев пен Ерлан Жақыпбековтен тұратын шығармашылық топ жасап шығарды. Монументті салған – TAMIZ INVEST GROUP АҚ.