Қазақстандағы сәулет біліміне – 50 жыл
Биыл Қазақстанда сәулет білімінің негізі қаланғанына 50 жыл толып отыр. Республикамыздың сәулетшілер дайындайтын жоғары оқу орындарынан осы кезең ішінде білімді әрі білікті он мыңнан астам сәулетшілер шоғыры қаулап өсіп шықты.
«Сәулет өнері – тасқа жазылған құдіретті музыка» деген екен немістің ақыны. Ғимараттарды салу, қалаларды жобалау өнері ретінде сәулет өнері үшін жарты ғасыр көп уақыт емес. 50 жыл ішінде ежелгі көшпенділер мәдениетінің елі Қазақстан өзінің меншікті сәулетші-мамандарының күшімен көркейе түсті.
Сәулетшілер ордасы – Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының бастауы тереңде жатыр. Білім көкжиегін бетке алған шәкірттерге сапалы дәріс беріп келе жатқан Сәулет-құрылыс академиясының тарихы 1961 жылы «Сәулет өнері» мамандығы бойынша студенттер қабылдаудан басталды. Сәулет мектебін қалыптастыруда Ленинград өнеркәсіптік құрылыс инженерлері институтында кәсіби сәулеткер білімін алып келген Төлеу Бәсеновтің еңбегі зор.
1963 жылы құрылыс, сәулет және санитарлық-техникалық факультеттер ашылған болатын. Араға он жеті жыл салып 1980 жылы атаулы факультеттер базасында Алматы сәулет-құрылыс институты шаңырақ көтерді (қазіргі Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы – ҚазБСҚА).
Содан бері бұл шаңырақтан білімді әрі білікті талапкерлер қанатын қатайтып, биікке самғады. Түлектеріміз табысына жұрт қуанатындай нағыз кәсіпкер болып шықты.
Әр білім қайнарының алдына қояр басты мақсат-мүддесі болады ғой. Сәулет-құрылыс академиясының межелеген мұраты – жоғары білікті мамандар дайындау, студенттерді жоғары деңгейде білім нәрімен сусындату, қоғамнан өз орнын таба білетін жан-жақты, қарым-қабілетті, зияткер тұлға тәрбиелеп шығару.
Академияның білім беру саясатының бірі – студенттердің қабілетін тану, оны жетілдіруге қол ұшын созу. Айтылған мақсаттар рет-ретімен орындалу үстінде. Бұл орайда ҚазБСҚА-ның айы оңынан туып тұр. 2000 жылдан бастап ҚазБСҚА республикамызда кредиттік оқыту технологиясының бағытын ұстануда алғашқы жоғары оқу орындарының бірі болды.
Академия тұңғыш рет 2007 жылы Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары арасында «Сәулет» мамандығы бойынша ЮНЕСКО-ХСО халықаралық аккредитациясынан өтті.
2011 жылдың шілде айындағы британдық Сәулетшілер одағы өкілдерінің қатысуымен келген комиссия ҚазБСҚА-да сәулетшілерді дайындау сапасының жоғары деңгейде екендігіне көзі жетті, біздің білім беру бағдарламамызды халықаралық аккредитацияға қайта ұсынды.
Еліміздің экономикасын дамытуда құрылыс кешендерінің, тұрғын үй және қоғамдық ғимараттардың бой көтеруі басты назарға алынып отырған мезетте Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы алға қойған мақсатына жетті.
ҚазБСҚА – тек мемлекет сәулетін ғана емес, білім сәулетінің де аспанмен тілдескен күмбездерін соға береді. Ол үшін тек келешекке көреген көзбен, теңіздей телегей біліммен аттану керек.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай қарашаның 3-5-і аралығында Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы Қазақстандағы сәулет білімінің 50 жылдық мерейтойын тойламақшы.
Мерейтойың құтты болсын, сәулетшілер ордасы!
Читайте также
Футбольный клуб 'Кайрат' столкнется с сильными соперниками на турнире в Катаре
Фанаты "Барыса" получили негативные известия
GTA VI впервые покажут уже в декабре
Дану Уайта угостили куртом в Нью-Йорке
"Золото в серебре" : 16-летняя казахстанская спортсменка дважды победила на чемпионате мира по джиу-джитсу
Димаш Кудайберген обратился к сборной Казахстана по футболу