Бір жарым айдан астам уақыт бұрын Алматыда жоғалып кеткен бес жасар қыз кеше көршілес Қырғыз Республикасы аумағынан табылды.
Оның айтуынша, өткен қыркүйек айының 30-ында Алматыдан ұрланған Толғанай Мұхамеджанова сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні Бішкек қаласында жүргізілген жедел +іздестіру шарасы барысында табылған. «Бүлдіршін өзін ұрлап кеткен 20 жастағы қырғызстандық азаматшаның үйінен табылды. Ол аман-есен, қазір ата-анасының жанында», – дейді Е.Тұрғымбаев.
Ерлан ТҰРҒЫМБАЕВ, Алматы қалалық ІІД бастығы:
– Баланың жоғалуына оны дүкенге ертіп шығып, сол беті қайтып оралмаған көршілес азаматша басында-ақ күдік тудырған еді. Аталған тұлғаның қырғызстандық екені және оның осында жезөкшелікпен айналысатыны белгілі болған. Алайда Алматыдағы жезөкшелер жұмыс істейтін барлық нүктелер жіті тексерілгенімен, ол ешқандай нәтиже бермеген болатын. Сол себепті қазақстандық полицейлер Бішкекке іссапарға жіберіліп, жергілікті әріптестерінің көмегімен ұрыны қолға түсірді.