Қазақстанда жерді дұрыс пайдаланбаған диқандарға салық салу ұсынылды
Топырақ құнарлылығын сақтамаған шаруаларға салық салу керек. Сенатор Әли Бектаев Үкіметке осындай депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Сенатордың айтуынша, мал азығы тапшылығын қуаңшылықпен ғана байланыстыру дұрыс емес. Елде топырақ сапасын сақтауға бағытталған мемлекеттік саясат жоқ. Ауыл маңындағы жерлерді бақылаусыз пайдаланудың кесірінен жайылым алқаптардың 60 пайыздайы тозған. Мал азығын өндіретін шабындықтар да азайып кеткен. Депутат шаруаларға субсидия бөлетін кезде жер құнарлығын сақтауды талап етуді ұсынды.
“Кейбір өңірде жердің деградацияға ұшырағаны соншалық, сор мен голофиттер көбейіп, Арал теңізіндегідей тұздардың көшуі орын алып жатыр. Жаңадан қабылданайын деп отырған Ауыл шаруашылығы саласын дамытудың 2021-24 жылдарға арналған мемлекеттік жобасында агросекторды топырақты сақтау үшін нақты шара енгізу қажет”, – дейді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әли Бектаев.