Қазақстанда көкөніс пен жеміс-жидектің кейбір түрлерінің бағасы арзандады, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі "Қазагромаркетинг" АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Қазагромаркетинг" АҚ 2015 жылдың 13-20 қаңтар аралығында ел аймақтары бойынша азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізді. Осы уақыт аралығында республика бойынша ет пен сүт өнімдерінің бағасы өзгермегенімен, көкөніс пен жеміс-жидектің кейбір түрлерінің арзандағаны байқалды. Астанада арпа жармасының келісі 121 теңгеден 101 теңгеге (17 пайызға) арзандады. Бұған сатылымда қаптан өлшеніп сатылатын арзан өнім мөлшерінің артуы себеп болды. Ал өнімнің көтерме бағасы өзгермеген – 70 теңге.
Қарағандыда қарақұмық жармасының келісі 225 теңгеден 193 теңгеге дейін (14 пайызға) арзандады. Сатушылар көтерме бағаны төмендеткен. Астанада тары жармасы 36 пайызға арзандады. Орташа есеппен бір келі жарманың бөлшек сауда бағалары 204 теңгеден 130 теңгеге төмендеді. Астаналықтар қазір арпа жармасының келісін де бұрынғыдай 194 теңгеден емес,140 теңгеден сатып алып жатыр.
Мамандардың мәліметінше, Астанада қызанақ, жүзім, қияр, баялды бағалары да арзандады. Қызанақтың келісі 589 теңгеден 508 теңгеге, яғни 14 пайызға, жүзім 22 пайызға - 589 теңгеден 508 теңгеге, қияр 14 пайызға (702 теңгеден 604 теңгеге дейін), баялды 16 пайызға (725 теңгеден 610 теңгеге дейін) төмендеді. Көтерме баға өзгермеген. Алматыда да қияр бағасы 543 теңгеден 464 теңгеге төмендеді. Ал Қостанайда, керісінше, қызанақ бағасы 14 пайызға (350-ден 400 теңгеге дейін), қиярдың келісінің құны 360 теңгеден 398 теңгеге дейін, қырыққабаттың келісі 80 теңгеден 90 теңгеге қымбаттады. Өнім бағасының артуына жеткізілім мөлшерінің азаюы мен сатушылардың көтерме бағаны өсіруі себеп. Шымкентте де қиярдың келісі 300 теңгеден 330 теңгеге өсті. Өскеменде жүзім қымбаттаған, бұрын келісі 566 теңге болса, соңғы аптада ол 633 теңгеге көтерілді. Павлодарда қырыққабаттың келісі 90 теңгеден 100 теңгеге дейін жоғарылады. Қарағандыда лимонның бір келісі 472 теңгеден 525 теңгеге өсті.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда азық-түлік бағасын негізсіз көтеруге жол берілмейтіні хабарланған болатын. Республиканың барлық өңірінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы негізсіз қымбаттамауы үшін атқарушы органдар бағаны тұрақтандырудың кешенді шараларын қолға алды. Ұлттық экономика министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп бағаны үнемі бақылап отырады, қазір өңірлерде азық-түлік тауарларының бағаларын қалыптастырумен айналысатын тұрақтандыру қорлары жұмыс істеп жатыр.