Қазақстан халқы өз таңдауын жасады

Қазақстан халқы өз таңдауын жасады

Қазақстан халқы өз болашағына қатысты басты таңдауын жасады. Сәуірдің 3-і күні таңғы сағат 7-ден бастап есігін ашқан еліміздегі барлық сайлау учаскелеріне ағылған сайлау құқығына ие азаматтар елдің ендігі Президентін анықтау үшін дауыс беріп, азаматтық ұстанымдарын айғақтады. Орталық сайлау комиссиясының сәуірдің 4-і күні ертеңгі сағат 10.00-де жариялаған алдын ала қорытындылары бойынша қазіргі Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлау­шылардың 95,5 пайызы дауыс берген.
Ал Жамбыл Ахметбеков –1,4, Ғани Қасымов –1,9, Мэлс Елеусізов 1,2 пайыз да­уыс жинаған. Бұл көрсеткіштер әрбір сайлау учаскесіне келіп, дауыс беріп шыққан сайлаушыларды сауалға тартқан Exit-poll мәліметтерімен шамалас деуге болады. Exit-poll өкілдері сайлаушылардың 94,8 пайызы Н.Назарбаевқа дауыс бер­генін сәуірдің 3-і күні түнгі сағат 23:00 шамасында-ақ хабарлаған болатын.
Бірден ескерте кетейік, ОСК әзірге шұғыл түскен деректер бойынша ғана дауыс берудің алдын ала қорытындыларын жариялап отыр. «Сайлау заңнамасы бо­йынша Орталық сайлау комиссиясы дауыс берудің қорытынды нәтижелерін жеті күн ішінде, яғни алдағы сәуірдің 9-ынан кешіктірмей жариялауы тиіс», – деген ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов облыстық сайлау комиссияларының дауыс беру қорытындылары туралы хаттамалары енді келіп түсе бастағанын мәлімдеді.
Дауыс беру қалай өтті?
Бірден алға озып айтайық, Орталық сайлау комиссиясы мен жергілікті атқа­рушы органдардың, облыстық, қалалық және учаскелік сайлау комиссияларының ұйымдастыру жұмыстарын мейлінше тыңғылықты атқарып, тұрғындардың қызығушылығын оятуға шама-шарқынша тырысқандығынан болар, бұқара халық та бұл күні ерекше белсенділік танытты. Ал дауыс беру барысы, жалпы алғанда, ың-шыңсыз, яғни сайлау заңнамасы өрескел бұзылды дейтіндей төтенше оқиғаларсыз өтті. Мұны біз емес, сайлау барысын ба­қылап, көрген-түйгендерін ауық-ауық БАҚ өкілдерімен өткізілген арнайы бри­финг­терде мәлімдеп отырған шетелдік бай­қау­шылар айтып жатты. Шетелдік байқау­шы­лардың делегациялары сәуірдің 3-і таңғы 7-де дауыс беру басталған сәттен -ақ сай­лау учаскелерін аралап, өз міндеттеріне кіріскен болатын. Олардың біразы сол күні сағат 11-ден бастап БАҚ өкілдерімен кез­десіп, сайлау барысы туралы алғашқы пікірлерімен бөліссе, енді біразы ертеңінде, яғни сәуірдің 4-і күні бақылау қорытынды­ларын жарыса жария­лады. Бір қызығы, барлық шетелдік бай­қау­шылардың пікір­лері, тұтастай ал­ғанда, бір арнаға – сайлау жоғары деңгейде ұйымдастырылып, тыныш өтті деген ортақ түйінге тоғысқан сыңайлы. Сөзіміз құрғақ болмас үшін Астана қаласындағы сайлау учаскелерін бақылаған бірқатар шетелдік байқаушы миссия өкілдерінің дауыс беру жүріп жатқан кезде айтқан пікірлерін келтіре кетейік.
ИКҰ-ның ұйғарымы
Шүкру Туфан, Ислам Конференциясы Ұйымы делегациясының мүшесі:
– Қазақстандағы сайлауға байла­ныс­ты Ислам Конференциясы Ұйымы атынан құралған делегация бірқатар дауыс беру учаскелерінде болып қайт­­ты. Атап айт­қанда, осы учас­ке­лерді аралау кезінде қандай да бір заңбұзушылықтарды байқаған жоқ­пыз.
Болгар «бұрышынан» қос пікір
Нина Дюльгерова, халықаралық қатынастар, экономика және тарих ғылымдарының докторы, Болгария делегациясының мүшесі:
– Шындығын айтсам, өз басым дауыс берудің ұйымдастырылу деңгейінің жоғарылығынан жақсы әсер алдым. Дауыс беру барысынан бәлендей заңбұзушылық немесе олқылық байқаған жоқпыз. Қалыпты, байсалды жүріп жатыр. Тізімге қатыс­ты туындап қалып жатқан техникалық сәттер де дереу шешілуде. Біз түске дейін үш сайлау учаскесінде болдық және дауыс берушілердің бел­сен­ділігін көрдік. Соңғы сайлау учас­кесінде тізім бойынша 2000-нан астам сайлаушы болатын болса, таң­ғы 07.00-ден түскі 11.30-ға дейінгі ара­лықта 500-ге тарта сайлаушы да­уыс беріп үлгерді. Бұл дегеніңіз сол учаске бойынша дауыс берушілердің 25 пайызына жуық.

Тодор Благев, Болгария делегациясының мүшесі:
– Тек сайлаушылардың тізіміне қатысты техникалық келеңсіздіктер болды. Бұл, негізінен, тұрғындардың сайлау учаскесіндегі тізімде болмай қалуына байланысты техникалық мә­селелер. Дегенмен бұл жағдайда сай­лау­шылардың өздері жауапкер­ші­лік танытып, сайлауға дейін тізімде бар-жоғын анықтап алулары тиіс бола­тын. Сондықтан мен мұндай жайт­тарды заңбұзушылық деп сана­май­мын. Мұндай техникалық сәттер әлемнің барлық елінде болады.
Пол Вилле, Бельгия Парламентінің құрметті сенаторы:
– Қысқа мерзімді байқаушы ретінде біз көргенімізді айта аламыз. Мен сайлаудың қалыпты өтіп жат­қа­нын көрдім. Дауыс беру үрдісінен ай­­­­т­арлықтай кемшілік байқаған жоқ­пын. Сай­лаушылардың дауыс беруде кан­­д­идат таңдауға мүмкіндігі бол­ды.
Сайлау мереке секілді
Альфред Рубикс, Еуропарламент депутаты, Латвия:
– Мен Қазақстанға сынау үшін кел­ген жоқпын, сайлауды көзбен кө­ріп, ба­қы­лауға келдім. Мені сайлау ба­ры­сына қатысты кемшіліктерді тізіп, ол­қы­лықтарды айтады деп күт­се­ңіздер, бірден мәлімдеймін, ол ой­ла­рыңыздың үдесінен шыға алмай­мын. Өйт­кені өзіміз аралаған сайлау учас­ке­лерінен бәлендей кемшіліктер көр­ген жоқ­пын. Мені кездескен адам­дар­дың бар­лы­ғының да сайлау­ға мере­кеге бара жатқандай кейіпте бо­луы қуант­­ты. Расында, сайлау учас­келерін­де кіші­гі­рім концерт се­кіл­ді мерекелік ша­ра­лар­дың ұйым­дас­тырылғанына да куә болдық. Сай­лауға адамдардың отба­сы­мен келге­нін көрдік, кейбіреу­ле­рімен аз-кем сұх­баттастық та.
ХАЛЫҚ ЕРЕКШЕ БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТТЫ
Президент сайлауына республика жұрт­шылығы өте белсенді түрде атсалыс­ты. Сол күні, яғни 3-і күні түнгі сағат 10:30-да баспасөз мәслихатын өткізген Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов ел президентінің кезектен тыс сайлауына республикамыз­дағы сайлау құқы бар азаматтардың 89,9 пайызы қатысқанын атап өтті.
Сонымен, сәуірдің 3-і күні түнгі сағат 10 кезіндегі мәлімет бойынша, елімізде сайлау құқығы бар азаматтар респуб­ликадағы 9725 сайлау учаскелерінде да­уыс берді. Бұдан бөлек, ел аумағынан тыс­қа­ры жерлердегі азаматтар Қазақ­стан­­ның шет мемлекеттердегі дипломатиялық өкілдіктерінің жанынан құрылған сайлау учас­келеріне барып, өз таңдауларын жаса­ды.
Сайлауда дауыс беру көрсеткіші бойын­ша 96,9 пайызбен Алматы облысы көш бастап отыр. Аталмыш аймақтағы сайлау­шылардың 850 662-сі дауыс берген. Екінші орында – Жамбыл облысы, 95,3 пайыз дауыс берген. 95,1 пайызбен үшінші орында Ақтөбе облысы тұрақ­таған. Ең аз көрсеткішке ие облыс – Пав­лодар. Бұл өңірде сайлауға құқы бар азаматтардың 88,3 пайызы ғана дауыс беруге қатысқан. Ал, керісінше, басым бөлігін саяси элита мен қоғамның басты қозғаушы күші құрай­тын Алматы және Астана қалала­рының тұрғындарының белсенділігі онша байқал­маған. Алматы қаласының 68,5 пайызы, ал астаналық­тардың 69,1 пайызы ғана өз таңдауларын жасау үшін сайлау учаскелері­не келген. Қазіргі мәлімет бойынша Қа­зақ­стан бо­йынша 9 миллионнан астам сай­лаушының 89,9 пайызы, яғни 8 252 718 азамат да­уыс берген (толық тізімді төмен­де­гі кес­теден көруге болады).
Ең тыныш сайлау
Биылғы кезектен тыс президент сай­лауы электораттың ерекше белсенді­лігі­мен ғана емес, дау-дамайсыз өтуімен ерек­шеленген. Заңға қайшы әркеттер мен сайлаушылардың құқықтарының бұзылуы туралы айтарлықтай оқиғалар болмаған. Оны мамандар да мойындап отыр. Бас прокуратураның Әлеуметтік-экономи­калық саладағы заңдылықтарды қадағалау департаментінің бастығы Андрей Крав­ченко бұл сайлауды «ең тыныш әрі арыз-шағымдар аз түскен сайлау» деп баға­лады.
Андрей Кравченконың мәліметіне қара­ғанда, сайлау күні елдегі түрлі мемле­кеттік органдарға құқық бұзушылыққа қатысты 15 қана өтініш түскен. «Аталмыш өтініштердің тоғызы прокуратура орган­дарына, бесеуі учаскелік сайлау комиссия­ларына, ал бір өтініш сотқа жолданғаны бел­гілі болып отыр. Олардың барлығы да кезектен тыс сайлау кезінде болған мә­селелерге бай­ланысты. Прокуратура ор­ган­дары аталған шағымдардың бір парасы бо­йынша тиісті шаралар қолданды. Ал ша­ғымдардың тағы бір бөлігі іс жүзінде рас­тал­мады», – деп атап өтті ол.

ПРЕЗИДЕНТТІККЕ КАНДИДАТТАР ДА ДАУЫС БЕРДІ, БІРАҚ КІМ КІМГЕ?..
Айтқандай, сәуірдің 3-і күні Қазақстан президенттігіне кандидаттардың өздері де сайлау учаскелеріне келіп, дауыс берді. Мысалы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Жамбыл Ахметбеков Астанада, Мэлс Елеу­сізов пен Ғани Қасымов Алматыдағы сайлау учаскелерінде дауыс берді.
Сайлау күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада орналасқан №182 сайлау учаскесіне жұбайы, елі­міз­дің бірінші ханымы Сара Назарбаевамен бірге келіп, дауыс берді. Дауыс бергеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілде­ріне арнап сөйлеген сөзінде Н.На­зарбаев Қа­зақстанның тағы бір тарихи сәтті басы­нан өткеріп отырғандығын атап көрсетті. Елба­сы биылғы жыл Қазақстан Тәуел­сіздігінің 20 жылдығы екендігін айта келе, осы жылдар ішінде жас мемлекеттің көп­теген қиындықты еңсергенін, алай­да алды­мызда бұдан да іргелі міндеттер тұрғандығын жеткізді. «Бүгін біз өз болашағымызды таңдау үстіндеміз. Бүкіл әлемнің назары Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауға ауып отыр. Тә­уел­сіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында өтіп отырған Қазақстандағы осы сайлаудың тарихи мәні өте жоғары. Біз бұған дейін де көп жұмыс атқардық. Алайда алды­мыз­да одан да маңызды шаралар күтіп тұр. Қоғам мен мемлекетімізді жаңғырту мақ­сатында ауқымды жұмыстар атқарыл­мақ», – деді Президент. Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы кезектен тыс сайлаудың ерекшелі­гіне тоқтала отырып, кандидат­тарға теңдей мүмкіндік жасалғанын, олар­дың БАҚ-та өз ұстанымдарын халыққа жеткізу үшін барынша жағдайлар қамтыл­ғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, кандидаттар­дың барлығына өңірлерді аралап, халыққа өз бағдарламаларын жеткізуге толық мүмкіндік болды. «Біз қоғамға ашықпыз. Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы 1059 байқаушыны, 200-ден астам шетелдік журналистерді тіркеді. Міне, осындай ашық әрі заңды атмосферада елімізде ашық сайлау өтіп жатыр. Бүгін барлық қазақстандықтар дауыс беруге отбасыларымен, ұжымдары­мен, топ-тобымен келуде. Мен осындай белсенділік үшін ризамын. Барлығымыз бірге біздің қоғамның тұрақтылығы үшін, көпұлтты еліміздің достығы үшін, болаша­ғымыз үшін, балаларымыздың болашағы үшін, әлеуметтік жаңғыру үшін, біздің азамат­тарымыздың жақсарып келе жатқан әл-ауқаты үшін, біздің ортақ үйіміз – Қа­зақстан Республикасы үшін дауыс береміз», – деп тұжырды сөзін Прези­дент.
Қазақстан президенттігінен үміткер Жамбыл Ахметбеков жексенбі күні сағат таңғы 9-да Астанадағы №38 сайлау учаскесіне отбасымен және өзін қолдайтын көрші-қолаң, ағайын-туыстарымен келіп, дауыс берді. Бұған дейін бірде-бір сай­лауды құр жібермеген Жамбыл Ахметбеков үшін бұл сайлау ерекше саналуда. Себебі айтпаса да түсінікті. Сондықтан да кө­­ңіл-күйі көтеріңкі болғанымен, қобалжу­лы екенін жасырмады. «Сайлаудың нәти­же­сі қалай болса да, ең бастысы, Қазақстаны­мыз, еліміз өсіп-өркендеуге бет бұрды. Ынты­мақ, ырыс, береке – барлығы осы бүгінгі күннен басталады. Бүгінгі күн Қа­зақстанның өркениетті елдердің қатарына қо­сылуына бастар жолдың тағы бір қадамы бо­лып саналады», – деді ол дауыс беріп шыққан соң.
Өміріндегі сайлаулардың ешқайсысы­нан қалмай, бәрінде таңғы сағат 7-ден бас­тап сайлау учаскесінің алдында тұраты­нын айтқан ол мұның өзі тәрбиенің көрінісі деп санайтынын жеткізді. «Біз жас кезі­міз­ден сайлаудан қалмауға тәрбиелен­генбіз. Сайлауға бару тойға барумен бірдей, ол біз үшін мейрам саналатын», – дейді кан­дидат.
Жеңістен үміт күткен ол егер додадан сүрінбей келіп жатса, бұл халықтың да жеңісі деп санайтынын айтып ағынан жарыл­ды. «Менің жеңісім халқымның же­ңісі боп саналады. Бүгінгі берілген да­уыс­тың барлығы Қазақстанның өсіп-өр­кен­деуіне берілген дауыс деп есептеймін», – деді кандидат.
Алайда халық басқа таңдау жасады. ОСК-нің алдын ала деректері бойынша 95 пайыздан астам дауыс беруші қазіргі Елбасыға дауыс берді.
Сайлау күні алғашқылардың бірі болып Алматы қаласындағы №313 сайлау учас­кесіне президенттіктен үміткер Ғани Қасымов келді. Дауыс беруге өзінің не­ме­ресімен келген патриоттардың «патшасы» «Мен сайлауға қатысып, дауысымды бердім. Сайлаушылардың барлығы да учаскелеріне барып, өз таңдауларын жасасын» деген ұсыныс білдірді. Сонымен қатар Алматы шаһарында орналасқан
№ 247 сайлау учаскесіне президенттіктен та­ғы бір үміткер Мэлс Елеусізов өз отба­сымен келіп дауыс берді. «Табиғат» эко­логиялық қозғалысының төрағасы дауыс беру бюллетенін қолына алып тұрып: «Мен тарихта болмаған жағдай жасағалы тұрмын. Мен өз дауысымды бұл сайыста жеңімпаз болып шығатын Нұрсұлтан Әбішұлына беремін. Мен ғана емес, сонымен қатар менің отбасым да қазіргі Президентке дауыс береді», – деді. Сайлауды спорттық жарысқа теңеген Мэлс Хамзаұлы өз ойын «мен өз дауысым арқылы Назарбаевты жеңісімен құттықтап, қолын алдым деп есептеймін» деп қорытындылады.
– Сайлау аяқталды. Науқан қандай деңгейде жүргізілді?
– Ойдағыдай болды. Ешқандай әкімшілік те, басқа да кедергілер болған жоқ. Өте қысқа мерзім болса да, алдыма қойған мақсаттарымды толықтай жүзеге асырдым.
– Сайлаушылардың қанша пайыз дауысын аламын деп ойлайсыз?
– Ол жағын нақты айта алмаймын. Орталық сайлау комиссиясының қоры­тынды мәліметтерінен кейін бәріміз бірге білетін боламыз.
– Сіз Назарбаевқа дауыс бердіңіз, ол кісі сізге дауыс берді деп ойлайсыз ба?
 – (күліп) Білмеймін, мүмкін, алдағы сайлауларда маған дауыс беретін шығар.
Демек, Елбасының дауысынан дәмелі болған эколог әзіл-шыны аралас жауабы арқылы саясаттағы өзіндік күрес жолынан жаңылмайтынын емеурінмен жеткізді. Кеше Астана қаласында баспасөз мәс­лихатын өткізген Мэлс Елеусізов эколо­гиялық партия құру туралы ойымен бөлісті. Өз кезегінде Ғани Қасымов та партияның жұмысына көңіл бөліп, алдағы жылы өтетін парламенттік сайлауға әзірленетінін айтып отыр.

Сайлау – бір күннің ғана жеңісі емес
Сөйтіп, өзінің конституциялық құқығын атқарып, халықтың белсенділігіне ризашы­лығын білдірген Елбасы Н.Назарбаев 3 сәуір күні түнгі сағат 12-лер шамасында «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратындағы сайлауалды штабына келген болатын. Дәл осы жерде Мемлекет басшысы өзінің мыңдаған жақтастарымен бірге «Хабар» телеарнасының жаңалықтары арқылы ҚР Орталық сайлау комиссиясының сайлауға қатысушылар белсенділігі туралы алдын ала мәліметтермен, сондай ақ Exit-poll-дың соңғы мәліметтерімен танысты. Сай­лау­шыларды учаске алдынан торуылдап, кімге дауыс бергендігі туралы мәліметтерді жинайтын, сөйтіп, жедел ақпаратты қам­титын Exit-poll мәліметтері бұл жолы да ҚР Президенті Н.Назарбаевтың айқын жеңісте екендігін көрсетті. Мәселен, ҚР Әлеумет­тану­шылар мен саясаттанушылар қауым­дас­тығының жүргізген сауалнамасының қорытындысы бойынша, 3 сәуір күні өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа сайлаушылардың 94,82 пайызы дауыс­тарын берген. Қалған кандидаттар бойын­ша нәтижелер: Ғани Қасымовқа 2,17 па­йы­зы, Жамбыл Ахметбековке 1,57 пайызы, Мэлс Елеусізовке 1,44 пайызы дауыс бер­ді. Ал «Демократия институты» ғылыми-зерттеу қауымдастығының сауалнамасы бойынша респонденттердің 95,1 пайызы дауыстарын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа беріпті. Сарапшылардың болжауынша, мұндай сауалнама барысын­дағы қателесу деңгейі шашамен +-0,44 пайызды құрайтынын да еске сала кеткен жөн. Сонымен, алдын ала мәліметтерді өзінің сайлауалды штабында, мыңдаған жақ­тастарымен, өңірлердегі штаб мү­шелерімен телекөпір арқылы естіп, таныс­қан Елбасы Н.Назарбаев ыстық ықылас пен зор қошеметке ие болды. Телекөпір арқылы байланысқа шыққан өңірлік штаб­тар Елбасы Н.Назарбаевты кезекті жеңі­сімен құттықтап жатты. Сосын Президент сайлауға өзінің кандидатурасын ұсынған партиялық әріптестеріне, барлық өңірдегі штаб мүшелеріне, «Қазақстан –  2020» жал­­пыұлттық демократиялық күштер коа­ли­ция­сына, аймақтардағы 29 мың сенімді өкі­лі мен 80 мыңнан астам ерікті жақтас­тарына, сондай-ақ сайлауға қатысып дауыс берген барша қазақстандықтарға алғысын айтты. «Қадірлі отандастар! Міне­кей, еліміздің Тәуелсіздік жылдарындағы тағы бір өте үлкен тарихи белес – Прези­дент сайлауы өз мәресіне жетті. Орталық сайлау комиссиясының алдын ала мә­лі­меттері бойынша, қазақстандық­тар, біздің аза­мат­тарымыз менің жүргізіп отырған сая­сатым­ды, әр күні аптаға, әр аптасы жыл­ға бала­натын өткен 20 жыл бойы істе­ген шарала­рымызды мақұлдап, сайлауға қаты­су арқылы болашаққа жоспарлаған бар­лық бағдарламамызға сенім білдіріп отыр. Ел басқаратын адамға, мемлекеттің Пре­зи­ден­тіне мұндай халықтың кең қол­дауы­нан, теңдессіз сенімділік білдіруінен артық қандай марапат керек?! Сондықтан да маған сенімін артқан халқымнан айна­ла­­йын!» – деді үлкен ризашылықпен Н.На­зарбаев.
Сонымен қатар Н.Назарбаев алдын ала мәліметтерге сүйене отырып, қа­зақ­стан­дықтардың басым бөлігі кезекті рет реформаны жақтағанын, қалың көпшіліктің қоғамды жаңғырту жолын таңдағанын, азаматтарымыз өздерінің ахуалын одан сайын жақсарту бағытын қолдағанын атап өтті. «Сайлауда дәл сайлау күні емес, одан бұрын жасаған істерің жеңіске жетелейді. Ендеше, біздің өткен 20 жылда жүзеге асырған ауқымды жұмыстарымыз бекер болмады. Бұл жолғы сайлау өзіміз сол кездері таңдаған бағыттағы атқарылған ісіміздің берілген бағасы, сынағы болды», – деген Елбасы өзінің сенімді өкілдеріне, әсіресе өзін жақтауда белсенділік танытқан жастарға тағы бір мәрте ризашылығын білдірді. Президенттiкке үміткер болған басқа да кандидаттарға алғысын айтып, олардың көтерген ұсыныстарына назар аудару қажеттігін еске салды. «Біздің барлық жетістіктеріміз – бірліктің нәтижесі. Көпұлтты Қазақстанның татулығының жемісі. Біздің мемлекеттік саясаттың ең басты бағыты – қазақстандықтардың тұр­мы­сын жақсарту. Менің Қазақстан халқына Жол­дауым мен еліміздің 2020 жылға де­йін­гі стратегиялық даму жоспарында көр­се­тілген міндеттер мен соған байланысты қа­былданған бағ­дарламаларды жүзеге асы­руға қарқынмен кірісуіміз керек. Мен сіз­­дерді, қымбатты тұрғыластарым, сайла­уал­­ды науқаны кезінде қалай тиімді, сауатты әрі бекем қимылдасаңыздар, осы жұмыста да солай әрекет етуге шақыра­мын», – деді сайлауал­ды штабында өз жақ­­тастарына арнап сөйлеген сөзін қоры­тындылаған Елбасы Н.Назарбаев.

ЖЕҢІЛГЕНІНЕН ЖЕР ШҰҚЫҒАН ЕШКІМ ЖОҚ
Астанадағы журналистер үйіндегі баспасөз орталығында Мэлс Елеусізов пен Жамбыл Ахметбеков қорытынды баспасө­з мәслихатын өткізді. Екеуі де өзін қолдап, дауыс бергендерге, сайлау науқанында тер төгіп, сойылын соққандарға рақметін айтып, алғысын жариялады. Ал Жамбыл Ахмет­беков шашбауын көтергендерге партия атынан омырауларына жұлдызша­ларын қадады. Екеуі де сайлаудың заң та­лапта­рына сай әділ өткенін айтып, өзде­рі­не берілген бағаға риза екендерін айт­ты.
Жамбыл Ахметбеков: «Орталық сайлау комиссиясы жариялаған дауыс беру нәти­же­лері шындықты объективті түрде көрсе­тіп отыр. Мұны мойындауымыз қажет», – де­се, Мэлс Елеусізов: «Қазақ­стандағы пре­зидент сайлауының еркін әрі әділ және қол­даныстағы заң талаптарына сай өткен­дігін мойындау керек», – деп атап көр­сетті.
Бұл додадан шаң қауып қалатынын айқын білсе де, екеуінің де сайлауға қатысуда белгілі бір мақсаты бары белгілі болды. М.Елеусізов жұрттың назарын экологиялық проблемаларға аудартқысы келсе, Жамбыл Ахметбеков Парламент сайлауына түсуге тамаша мүмкіндік ашыл­ғанын айтып отыр.
«Сайлауға түсудегі басты мақсатымды – өз идеяларымды қалың көпшілікке жеткізіп, азаматтардың назарын елдегі эко­логиялық проблемаларға аудару екен­дігін сайлау науқаны басталғанға дейін мәлімдеген болатынмын. Мен мақсатыма жеттім деп ойлаймын», – дейді Елеусізов, әйтеуір, қу тақырға отырып қалған жоқпын дегендей.
Ал Жамбыл Ахметбеков бұдан кейін Парламент сайлауына түсу ниеті барын білдірді. «Менің ойымша, президенттік сайлауда жұмыс істеген үгіт-насихат кампаниям Парламент сайлауына түсуге тікелей жол ашты. Қолдаушыларым еш алаңдамасын, мен партиялық қызметімді тоқтатпаймын», – деді ол.
Ал байқаушылар не дейді?
Инга Абгарова, грекиялық Mir i omonia газетінің журналисі:
– Мен сайлауға дайындық кезеңін өте жақсы ұйымдастырылған деп ба­ға­лаймын. Грекиядан сайлауды бақы­лауға Астанаға төрт, Алматыға үш де­ле­гат келіп отырмыз. Қазақ­стан­дағы сай­лауға Грекия үлкен қы­зығушылық та­нытады, себебі Грекия­да посткеңестік кеңіс­тіктен көшіп бар­ған көп азамат ме­кен етеді.

Дуглас Алан Таунсенд, АҚШ бақылау­шы­лар делегациясының мүшесі:
– Біз түске дейін алты сайлау учас­кесіне бардық. Сай­лау­шы­ларды тіркеу мен олар­ға сай­лау бюл­летеньдерін беру процедура­лары то­лы­ғымен дұрыс ұйым­дасты­рыл­­ған де­ген қорытындыға келдік.
Николай Тактаров, ТМД бақылаушысы:
– Біз үшін бұл сайлауға қатысу ма­ңыз­ды. Өйткені осында алатын тәжіри­бе­мізді биылғы жылдың 4 жел­тоқ­са­нын­да Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының депутаттарын сайлағанда және келесі жылдың 11 наурызында РФ Президентінің сайла­уын­да қолда­на­тын боламыз.

Галина Муравьева, ТМД бақылаушысы:
– Алматыдағы жастардың сайлау­ға белсенді қатысып отырғанын айт­қым келеді. Маған сайлау учас­ке­лерінің ашы­луы кезіндегі Қазақ­стан­ның Әнұраны­ның ойналуы ұнады.

Сайлау кезінде Конституция талаптары сақталды
«Қазақстан Республикасы Президентін сайлау Конституцияның барлық талабына сәйкес өтті. Сайлау барысында заңға кереғар ешқандай әрекеттер байқалған жоқ». Кеше Алматыда «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері осылай деп мәлімдеді.
Республикалық қоғамдық бірлестікті­ң төрағасы Өмірәлі Қопабаевтың ай­туынша, бірлестік құрамына кіретін білік­ті заңгерлер Алматы облысы мен Ал­маты, Тараз, Талдықорған, Астана қа­ла­ларындағы сайлау учаскелерінде бақы­лаушы болған. «Заңгерлер бірауыздан сай­лаудың өте әділ өткенін айтты. Біз бақы­лаған барлық учаскелерде тәртіп пен реттілік сақталды. Сайлаудың шы­на­йы өтуі біздің демократиялық ел екені­міз­ді тағы бір дәлелдеп берді»,– дейді Ө.Қопабаев. Оның айтуынша, 2005 жылдан бері тұрақты қызмет етіп келе жатқан «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің құрамына бүгінде Алматы қаласындағы белгілі оқу орындарының білікті заң­гер­­ле­рі кіреді. Бірлестіктің негізгі мақсаты демократияның бір институты саналатын сайлауды жетілдіру, сайлау заңдарын ха­лық­қа жеткізу болып табылады.
Сейілхан Әуелбеков, «Заңгерлер әділетті сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі:
– Сайлау сәтті өтті. Халық­тың сайлауға қатысу белсенділігі өте жоғары болды. Мен Алматыдағы төрт сайлау учаскесінде болдым. Бақылаушы ретінде ешқандай заңбұзушылықты көрген жоқпын. Ең бастысы, сайлау өте жинақы, дұрыс ұйымдастырылған. Әркім өзінің дауысын беріп, кетіп жатты. Кей­бір сайлау учаскелерінде бірін­ші рет сайлауға қатысқан жастарға жә­не қарт адамдарға сыйлықтар беріліп жатты. Сайлау мерекелік күйде өтті деуге де болады.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста