Қазақстан визасыз елдер тізімін 80 мемлекетке дейін кеңейтті. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«2022 жылы визасыз елдердің тізімі паспорттардың әртүрлі санаттары бойынша 80 мемлекетке дейін кеңейтілді. Оның ішінде жалпы азаматтық паспорттар үшін - 26 мемлекет. Паспорттардың әртүрлі санаттары бойынша 9 жаңа елмен өзара келісімдер жасалды: Мальдив аралдары, Андорра, Никарагуа, Венесуэла, Боливия, Парагвай, Доминикана, Албания және Белиз», - деді ол министрліктің осы жылғы жұмысын қорытындылауға арналған баспасөз мәслихатында.
Мұнан бөлек, оның айтуынша, осы жылдың 12 қазанында Қатармен дипломатиялық және арнайы паспорттардың иелері үшін визалардан өзара босату туралы үкіметаралық келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қол қойылды. Ол жалпы азаматтық паспорттардың иелерін визалық талаптардан босатады.
«Қолайлы инвестициялық ахуалды құру, іскерлік байланыстарды жандандыру және елдің туристік әлеуетін арттыру үшін ҚР Үкіметі Иран Ислам Республикасының, Қытай Халық Республикасының және Үндістан Республикасының азаматтары үшін визасыз режим енгізді. Бұл осы елдердің азаматтарына Қазақстан аумағында 14 күнге дейін болуға мүмкіндік береді», - деді Айбек Смадияров.