Қазақстан сиырлары қысыр қалған ба?
Адам ағзасына жылына шамамен 405 келi сүт өнiмдерi қажет екен. Егер Қазақстандағы тұрғындарға шағып есептесеңiз, бiзде өндiрiлетiн сүт өнiмдерiнiң көлемi бiздiң сұранысымызды қанағаттандыра ала ма? Әй, қайдам... Отандық сүт өнiмдерiмiздiң уызына жарымай келе жатқанын несiне жасырамыз? Дүкен сөрелерi де шетелдiк өнiмдерге самсап тұр. Тiптi балаларымыздың аузын да туған жерiмiздiң шүйгiндi шөбiне жайылған малдың ақ сүтiне жарыта алмай келемiз. Ал сапа туралы әңгiме мүлдем бөлек. Сүт қатқан шайымыздың күрең түсiнен де айырылдық. Кеше Астанада бас қосып, конференция өткiзген сүт өнеркәсiбi саласының мамандары мен сарапшылары осы мәселенi егжей-тегжейлi талқылады.
Жасыратын несi бар, бұрын әжелерiмiздiң қолынан iшетiн бал татыған айраны мен қатығын үлкен-үлкен цех болып жасай алмай келемiз. Қазiргi дүкен сөрелерiнде «айран» деп айқайлатып қойған дүниелердi үйдегi отырған әжеңе апарып берсең: «Мұны айран деп саған кiм айтты? Бұл – шалап!» – деп кейiр едi. Егер сенсеңiз, сол ашытылған өнiмдердiң 86 пайызы Ресейден әкелiнедi (!). Сонда орыстардың кемпiрi бiздiң әжелерден пысық болғаны ма? Әншейiнде өзiмiз менсiне бермейтiн көршiлес Қырғызстан да бiзге бiршама сүт өнiмiн әкеледi. Дүкендердегi ашытылған сүт өнiмдерiнiң 13 пайызы – айырқалпақты ағайынның қолынан шыққан өнiм. Қалған бiр пайызы басқа жақтардан. Барлығын есептесеңiз, бiзге сырттан келетiн ашытылған сүт өнiмдерiнiң көлемi – 34 мың 256 тонна.
Қоюлатылған сүт өнiмдерiнiң де басым көпшiлiгi көршi орыс жұртынан келедi. Ол жақтан келетiн импорт көлемi – 59,6 пайыз. Сүт өнiмiнiң бұл түрi елiмiзге сонау Литва мен Беларуссиядан да әкелiнедi. Әсiресе, Беларуссиядан Қазақстанға құрғақ сүт көп келедi екен – бiз тұтынатын өнiмнiң 41,9 пайызы. Қазақстанға құрғақ сүтiн өткiзуден екiншi орында Украина тұр. Бiр қызығы сол, құрғақ сүтiңiз елiмiзге тiптi мұхит кешiп, АҚШ-тан да жеткiзiледi екен. Бiздiң нарықтағы америкалық құрғақ сүттiң үлесi, өткен жылғы дерекпен – 14 пайыз.
Дарқан дастарқанымызда қай елдiң дәмi жоқ дейсiң?! Сөремiздегi iрiмшiк пен сүзбенiң 49,7 пайызын Украина әкеледi. Яғни барлық өнiмнiң тең жартысы. Ал Ресейден экспортталатын iрiмшiк көлемi 34,2 пайызды құрайды. Ендi екеуiн қосыңыз, 83,9 пайыз. Сөйтiп, малдың тiлiн бiлiп өскен халқымыз өзге елдердiң тұтынушысына айналып отыр. Сарымайдың да басым бөлiгi Ресей мен Украинадан тасылады. Сонымен қатар Беларусь, АҚШ, Қырғызстаннан да сарымай келедi екен.
Бәрiбiр шайқап алып, қарынға салған майға жетпейдi ғой... Деймiз де қоямыз. Сарымайды тортасына дейiн айыратын ата-бабаларымыздың iсiн жалғастырғымыз жоқ.
Керiсiнше, мал шаруашылығы шикiзатын өңдеуден, былтырғы жылға қарағанда, биылғы көрсеткiштерiмiз төмендеп кеткен. Мәселен, сүт және кiлегей өнiмдерi 2008 жылдың алғашқы екi айында 41 мың 251 тонна болса, 2009 жылғы осыған сәйкес қаңтар-ақпан айларында 34 мың 761 тоннаға дейiн қысқарған. Құрғақ сүт өнiмдерi бақандай 46 пайызға төмендеп кетiптi. Сарымай – 34 пайызға, ал балмұздақ жасау шамамен 50 пайызға азайған.
Дәл осы көрсеткiшке қарап, «елiмiздiң сиырларына не болған» деген ой келедi. Шетiнен қысыр қалған ба?
Облыстардағы сүт өндiру мәселесiне келер болсақ, Маңғыстау облысы, 2007 жылмен салыстырғанда, 2008 жылы өндiрiс көлемiн 7 пайызға асыра орындаған. Десек те бұл аймақ сүт өндiруден – ең соңғы орындардың қатарында. Былтыр маңғыстаулықтар 3,3 тонна сүт сауған. Ал Алматы қаласы, алдыңғы жылмен салыстырғанда, 25 пайызға жуық аз сүт алған. Бiр жағынан, қалалы жерде сүт алатын мал ұстаудың оңай еместiгiн түсiнуге болар. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысының сиырлары сүттi немесе сауыншылары ширақ. Елiмiзде ең көп сүт өнiмiн беретiн аталмыш облыс 2008 жылы 678 тоннадай сүт алыпты. Әдетте мал басы қарқынды өсiп келедi дегендi жиi айтамыз. Бiрақ сүт өндiру көлемiнiң республика бойынша 2008 жылы небәрi 2,5 пайызға ғана артуы көңiлге аздап болса да көлеңке түсiредi. Ал осы сауылған сүттi толық өңдеп, сауда үйлерiнiң сөрелерiне жеткiзе алмайтынымыз тiптен өкiнiштi.
P.S.
Жоғарыдағы көрсеткiштiң бәрi «әлi де мал шаруашылығына ойдағыдай көңiл бөлiнбей отыр» дегендi аңғартса керек. Тiптi сарапшылар мал шаруашылығынан шығатын нәтиженiң төмендеп кетуiн немен түсiндiрерiн де бiлмейдi. Дағдарысты кiнәлайын десе, Үкiмет отандық өнiмдердi өндiруге барлық жағдайды жасап қойды. Импортқа белгiлi бiр мөлшерде тыйым да салды. Сүт өнiмдерiмiздiң сапасы да сын көтермейдi. Бұл пiкiрiмiзге отандық өнiмдердiң елiмiзге ағылып жатқан импортпен бәсекеге қабiлетсiздiгi дәлел. Сонымен қатар техникалық деңгейiмiздiң төмендiгi кешендi дамуымызға қолбайлау болып отыр. Кеше Астанада өткен жиында сөз алған экономика ғылымының докторы, профессор С.Құрманғалиевтiң мәлiмдеуiнше, қазiргi таңда Қазақстанның агроөнеркәсiптiк кешенi 1990 жылдардағы экономикалық көрсеткiштерге де жетпеген. «Агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту тенденциясының сараптамасы өндiрiстiң техникалық деңгейi жаңа заманғы талаптарды қанағаттандырмайтынын айғақтап отыр. Жаңартуды талап ететiн ескiрген техникалар 60 пайыздан асқан», – дейдi ол.