Осыдан біраз жыл бұрын қазақ әдебиеті кеңістігінде кітаптың классикалық дәуірінің аяқталуы туралы бірқыдыру сөз болған болатын. Сол әңгіме уақыт өткен сайын үдей түспесе, тыйылар емес.
Әлбетте, бастапқыда үлкен-кішіге үрей тудыра келген сыпсың сөз мезгіл ауыса бере үйреншікті жағдаятқа айналып жататыны белгілі ғой. Қазір бұл тараптағы гөй-гөй тек авторлардың ғана емес, баспагерлер мен газетшілердің де басында тұрған жайға айналған. Түрлі деңгейдегі статистикалық деректер де жыл сайын баспа өнімдерінің азайып кетуімен бірге, кітапханаларға жазылушылар мен келушілердің саны да кеміп келе жатқанын көлденең тартады. Дерек-мәліметтердің айтқанын мысал еткенмен, оқырман және жазарман арасындағы түрлі түйткілді мәселе шешіле кетпейді ғой. Қазір баспагерлер мен авторлар «кітап» деген киелі ұғым көпшілік үшін медиабизнестің бір түрі ғана болып бара жатқанын айтады. Ал оқырман мен қаламгерлердің аға буыны жас ақын-жазушылардың жазғанына көңілдері толмайтынын тілге тиек етеді. Бұл мәселелерге өз қаражатына жинағын баспадан шығарған жазарманның оны өткізу жолында басынан кешіретін қилы оқиғаларын қосыңыз. Бұл жағдаяттар алыс-жақын шетелде қалай шешілген?
Интернеттің игілігін әдебиетке пайдалану керек
Мәселен, Ресейде оқырман саны да, кітап саны да бізден анағұрлым көп. Аудитория кеңдігіне орай, баспалар жекелеген авторлардың жинақтарын өз дүкендер желісі арқылы саудаға салу үшін ақы иесінен 2000-3000 доллардай қаражат сұрайды. Орманы қалың орыс елінде қағаз өндіретін зауыттар да баршылық. Ал тұтас Қазақстанда қағаз шығаратын зауыттың жоқтығы қынжылтады. Ондай зауыт-фабрикалар бар болса, тек әжетхана қағаздарын шығаратыны да жасырын емес. Ресейде қағаз бағасы да, соған сай кітап бағасы да бізден арзан.
Біздің елдегі ресейлік басылымдар тауарларының едәуір көп болуы да осыдан екені анық. Ал бізде баспа ісі көбіне мемлекеттік тапсырысқа тәуелді. Кітап таралымы да анау айтқандай мәз емес.
Жақында АҚШ-тың бір баспасынан қарағандылық белгілі журналист, Карлаг тарихын зерттеуші Екатерина Кузнецованың екі бірдей кітабы жарыққа шықты. «Карлаг: сым темірдің екі жағында» және «Карлаг: ортақ таңбамен мөрленген тағдырлар» атты қос кітапта автор өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері зерттеп келе жатқан ГУЛАГ бөлімшесінің тарихы және онда қамалған азапкер жандар турасында мол деректер жинақтаған. Қарағанды мен Қазақстан баспаларынан шығарса қымбатқа түсетін аталмыш кітаптарды оқығысы келген кез келген жан www.karlag.org сайтына еніп, қос жинақты АҚШ баспасынан тікелей тапсырыс арқылы алдырып оқи алады.
Е.Кузнецова кітабын шығару үшін теңіз кешіп, АҚШ-қа барған да жоқ. Баспаның сайтына кіріп, кітабының мәтінін салып, тапсырыс бере салған. Lulu-дан кітап шығару үшін автор еш шығын шығармайды. Оның жолы мынадай: мәселен, сіз 10 баспа табақ кітабыңызды түрлі-түсті қатырма мұқабамен, 1000 дана таралыммен шығаруға қаражат таба алмай жүрсіз делік. Бұл Қазақстандағы баспаларда шамамен 250-400 мың теңге тұрады. Ал бұл баспа сізден 1 тиын да сұрамайды. Тек кітаптың мұқабасы мен мәтінін арнайы пішім-қалыпта жолдасаңыз, жетіп жатыр. Бүгін түс ауа тапсырыс берсеңіз, ертең баспаның сайтында сіздің кітабыңыздың шыққаны туралы, оны сатып алу үшін тапсырыс беруге болатыны, бағасы жөнінде ақпарат жарияланып тұрады. Баспа біздің елдегідей 1000 дана кітапты бастырып шығарып, қарап отырмайды. Кітапты автор не оқырман талабына орай керекті таралыммен көбейтіп отырады. Мысалы, біз жоғарыда мысал келтірген Е.Кузнецованың әр кітабының бағасы 14,99 доллар тұрады. Кітаптың электронды нұсқасының бағасы 2,99 доллар. Баспаның автормен келісімшартына орай, басып шығарған кітаптан түсетін пайданың 80 пайызы жазушыға беріледі-міс. Бір қарағанда, автор үшін де, оқырман үшін де, экология жанашырлары үшін де өте тиімді. Бірақ мұның сыртында батыс өркениетінің кітапты құндылық деп бағалауынан гөрі медиабизнес саласы деп қарастыратыны анық аңғарылады. Жоғарыдағы мысалдан-ақ байқасаңыз, классикалық қағаз кітаптан гөрі электронды кітаптың бағасының арзан болуы қазіргі оқырманды екіұдай ойға қалдырады. 2000 теңгеге кітап сатып алғаннан гөрі электронды нұсқасын 450 теңгеге сатып алған тиімді көрінуі бек мүмкін.
АҚШ және көптеген Еуропа елінде жолға қойылған кітапты және өзге де баспа өнімдерін сұраныс бойынша тираждау ерте ме, кеш пе, біздің елге де келеді. Оған қазіргі таралымның аздығы мен елдегі электронды ақпарат тасымалдау желілерінің қауырт дамуы кепілдік береді. Біз бұл тараптағы көзқарасымызды қазақтың дәстүрлі 1000 әні мен күйі шығарылған сәтте «енді жазба және ауыз әдебиетіміз электронды нұсқада таралуы керек» деп жазған болатынбыз. Қалай болғанда да, электронды кітаптар мен радио-интернет күндізгі уақытының көбін қала көшелеріндегі көлік кептелістері мен жолда өткізетін жұрт үшін де, ұялы телефонның құлаққабынан әуен тыңдауға бейілді жас үшін де өте керек-ақ.
Бәлкім, енді қазіргі жас азаматтар кітап оқымайды деп байбалам сала бергенше, қазақ тілінде электронды кітаптар мен электронды кітапханалар санын көбейтіп, сапасын жақсартуды қолға алған абзал шығар...
Саны бар, сапасы қайда?
Қазақстанда 300-ден астам баспа ісі және 800-ден астам баспахана жұмыс жасайды, олардың 1%-ы – мемлекеттік, 44%-ы – жекеменшік, 22%-ы жоғары оқу орындарына тиесілі және 27% баспа өнімдерін өндіретін – басқа ұйымдар.
Қазіргі таңда республика өңірінде он шақты үлкен кітап сату ұйымдары қызмет етеді.
Қазақстанда таратылатын басылымдардың көбі отандық кәсіпорындарда басылады және олардың сапасы әлемдік стандарттарға сай.
Бүгінде маңызды басылымдарды шығарудың айтарлықтай үлесі баспалар арасында мемлекеттік тапсырысты бөлу жолымен жүзеге асырылады.
2004 жылы кітап топтамаларын әзірлеу және шығару үшін мемлекеттік бюджеттен – 323,222 млн теңге, 2005 жылы – 339,383 млн теңге, 2006 жылы – 354,655 млн теңге, 2007 жылы – 262,9 млн теңге, 2008 жылы – 352,7 млн теңге, 2009 жылы 236,8 млн теңге бөлінген болатын.
«Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару және әзірлеу» республикалық бюджет бағдарламасы шеңберінде 6 мың басылым 74 мың баспа бет көлеммен шығарылып, келесідей тақырыптарда таратылды: балаларға арналған, тарих, сөздiк-анықтама, әдебиет, қазiргi қазақ қарасөзi, қазiргi қазақ поэзиясы, құжатты-көркем, музыкалық, заң, қоғамдық-саяси, ғылыми-танымдық әдебиеттер және т.б.
Кітап басып шығару ісінің басыңқы бағыты түрлі түсті әсерлi суреттi балалар әдебиетін, әлемдік балалар әдебиетінің классикасын, Қазақстанның атақты тұлғаларының ғұмырнамаларын және қазақстандық көпұлтты мәдениетті, ұлттық және әлемдік мәдени мұрағатты дәріптеуші музыка және басқа да басылымдарды шығаруға жұмсалды.
Қазақ баспа ісі заманауи көшке ілесе ала ма?
Последние статьи автора