Қаржыны құмар ойынға жұмсаған: Шымкентте мектеп қызметкері 200-ден аса ноутбукты ломбардқа өткізіп жіберген
Шымкентте мектеп компьютерлерін жөндейтін маман құмар ойын үшін мектептегі 200-ден аса ноутбукты ломбардқа өткізіп жіберген. 28 жастағы Нұркен Жайынбаев бұл әрекеті үшін 7 жарым жылға сотталды, деп хабарлайды КТКарнасы.
“Ол компютерлердің барлығын "Гарант" дүкеніне барып сатқан, сонымен қатар ломбардтарға өткізген. Ақшаның барлығын, өзінің айтуынша, букмекерлік кеңесеге өткізген, жұмсаған. Ойынқор азамат екен, кінәсін толық мойындады. Куәгерлерден жауап бар, өзінің жауаптары, жәбірленушінің өкілі бар, мектеп директоры”, – деп мәлімдеді Шымкент қаласы әл-Фараби ауданы сотының төрағасы Еркебұлан Төлешов
Құмар ойынға құмартқан жігіт Асанбай Асқаров атындағы мектепке былтыр жұмысқа тұрыпты. Пандемия кезінде оқушылардың онлайн оқуына деп берілген ноутбуктарды сатып жіберген. "Мектеп мүлкін жөндеуім керек" деген желеумен оқушылардан алып қойған. Компютерлердің жетіспейтінін директор мектеп жабдығын түгендеу кезінде байқапты. Жалпы сомасы 35 миллион теңгеге бағаланған техникаларды сотталушы үш ай ішінде қайтарып беруге уәде берген.
“Әрине, ол мектепке бүгінгі таңда қажеттілік бар. Дегенмен де осы құқық бұзушы азамат сол мектептің, соттың алдында да толығымен дәл сондай ноутбуктер мен компютерлерді сатып аламын деп уәдесін беріп отыр. Осы бағыттағы жұмысты бақылап, жаңасын дәл сол үлгіде қабылдап аламыз деп отырмыз. Өзіміз дүкендерден көрдік, құнын, ол кездегі біздің алған бағамыз 145 мың теңгеден болған. Бүгінгі таңда сол компютерлеріміз 152-155 мың теңге”, – деді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.