Қарызыңды төлемесең, кәрізің кетеді
Атырауда коммуналдық қарызы бар тұрғындармен күрестің жаңа әдісі іске қосылды. Электр энергиясын пайдаланғаны үшін төленетін ақшаны айлап-жылдап кешіктіретіндерге бұдан бірер жыл бұрын «АтырауЖарық» акционерлік қоғамы қатаң шара қолданып еді. Берешек тұтынушының жарығын бірден ажыратып тастайтын мекеменің бұл әрекеті өз жемісін берді, бүгінде «АтырауЖарық» халықтан төлем жинау мәселесінде жоғары нәтижелерге ие.
Есесіне, «Атырау су арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының жыл басындағы дебиторлық қарызы заңды тұлғалар бойынша 24,8 млн теңгені, жеке тұлғалар бойынша 14,7 млн теңгені құрап отыр. Атырау қаласы мен Мақат ауданының тұрғындарын, кәсіпорындар мен кәсіпкерлік нысандарын сумен қамтып, кәріздік жүйелерінің жұмысын қамтамасыз ететін аталған мекеме тығырықтан шығу үшін қарызы барларды сотқа беріп, заң жүзімен өндіріп алу тәжірибесін қолданып көрген. Алайда ол да нәтиже бере қоймағасын, қызмет ақысын төлемегендермен күрес жүргізудің жаңа әдісін қолданысқа енгізіп отыр.
«Атырау су арнасы» КМК-ның басшысы Андрей Ташлыков «Крот» деп аталатын арнайы құрылғының көмегімен берешегі көп тұтынушының пәтеріне барып, лас су ағатын кәріз желісін тыйып, құбырын бітеп тастауды қолға алмақшы. «Крот», «Таракан», «Спрут» деген түрлі атауы бар бұл құрал мекеме қоймасына келіп те үлгерген. Бұл әдіс Атырауға дейін Алматы, Астана, Қарағанды қалаларында қолданысқа енгізіліп, біраз нәтиже көрсетіпті. «Атырау су арнасының» жұртшылықпен байланыс жөніндегі менеджері Александр Пастуховтың айтуынша, көпқабатты үйлердің пәтерлеріне тартылған кәріздік құбырын ажыратуға арналған қондырғының мониторында және басқару тетігінде бейнебақылау камерасы орнатылады екен. Осы қондырғыға арнайы түтіктер мен тұрбаны бітеп тастайтын қосымша құралдар жалғанады. Содан соң ғана мамандар кәріз тұрбасын жауып тастайды. Бұл механизмнің тағы бір артықшылығы, пәтерге тартылған кәріз тіктұрбасын алдын ала тазалап алу қажет болмайды.
Жұртшылыққа жаңа қондырғының қолданылуын көрсеткен «АСА» қызметкерлері алдағы уақытта бұл әдіс 5,9,16 қабатты үйлердің пәтерлеріне де орналастырылатынынан хабардар етті. Кәріз құбыры кеткен су қалқып қайтып келіп, үйді күлімсі иіске толтырған соң, амалы қалмаған борышкерлер енді қарыздарын қайтарғаннан бөлек, ажыратылған кәріз құбырын қайта қосуға қосымша 5300 теңге көлемінде ақы төлейтін болады.