Қарағандыда педофил тағы да жас қызға шабуыл жасады
ҚАРАҒАНДЫ. 11 сәуір. Қарағанды қаласының Майқұдық шағын ауданында кішкентай қызға педофил шабуыл жасап, арам ойын жүзеге асырған. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. Хабарламада көрсетілгендей, 9 сәуірде 35-40 жас аралығындағы ер адам тұрғын үйлердің бірінің кіре берісінде кішкентай қызды зорлаған. Әзірге жәбірленушінің көмегімен педофилдің бет-әлпетінің жобасы жасалды. Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 124-бабы бойынша қылмыстық із қозғалып, тергеу амалдары басталып кетті. Еске сала кетейік, үстіміздегі жылдың 31 наурызында Қарағанды қаласының №16 шағын ауданында дәл осындай оқиға тіркелген-ді. Сол кезде де жәбірленуші қыз бала өзіне шабуыл жасаған педофилдің түр-түсін суреттеп берген-ді.
Айқын Несіпбай.
Дерек: Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.