Ақтамберді болып ақтарылып, Махамбет болып кектенген, Абай болып терең күрсінген, Жамбыл болып жырлаған, Мағжан болып мұңайған, Қасым болып от кешіп, Төлегендей сағынышқа енген қасиетті қазақ өлеңінің төрінде ақиық Мұқағалидың алатын орны алабөтен. Қарасаз атты қараша ауылда туып-өсіп, Хантәңірінің етегінен түлеп ұшқан мұзбалақ ақынның жырлары бүгінде әр қазақтың көкірегінде сайрап тұр. Ол өлең өлкесіне өзінің ерекше үнімен келіп, қарапайым да асқақ болмысымен, шыншыл да шымыр өлеңдерімен жадымызда мәңгі қалып қойды.
Талайлы тағдыр маңдайынан сипай қоймаса да, қазақтың қара өлеңін кие тұтқан ақын ағынға қарсы жүзіп, түптің түбінде жұлдызының биіктен жарқырап тұратынын жан-жүрегімен сезіп, сәулелі санасымен болжай білді.
Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,
Алынбаған ақым бар сенде менің... – деп, ақындық жолындағы қиын кедергілерге қасқайып тұрып қарсылық білдірген ақынның жұдырықтай ғана жүрегі қаншама батпан салмақты көтере білді! Ақын жырлары негізінен лирикаға құрылғанымен, ондағы нәзік қалтарыстардан салмақты ой мен сіз бен біздің кеуде тұсымызды шымырлатпай қоймайтын ауыр бір мұң сезіліп тұратыны сөзсіз. Ақын шығармаларына үңілген сайын әркім өзін танып жататыны және аян. Ендеше, оқырман Мұқағалиды емес, Мұқағали оқырманын өзі тауып алатын сияқты. Мұнда әлдебір тылсым күштің әсері сезілетіндей. Расында да, «махаббатпен басталып, парасатқа ұласқан» Мұқағали поэзиясы ешкімге ұқсамайтын мазмұн-сипатымен тым ерекше, әр сөзі сондай анық әрі жүрекке жақын.
Ол өзі өмір сүрген заманның сұрқиялығы мен әділетсіздігін жан сүзгісінен өткізіп, қаймана қазақтың сөзін сөйледі. Мұқағалидың тағы бір ерекшелігі, ол, шын мәнінде, ұлттың ақыны ғана болып қалмай, төрткіл әлемде болып жатқан түрлі құбылыстарға бейжай қарай алмайтын қалам иесі ретінде ғаламдық тұрғыда ой толғаған кең тынысты талантқа ие болды. Өлеңге құбылыс болып келген ол адамзатты толғандырған тақырыптарға барды. Төл әдебиетімізден нәр ала отырып, әлем классиктерінің туындыларымен тамыр жалғастырды.
Ғаламды санасымен құша отырып, ол ақ қағазға өз мұңын төгу арқылы қазақтың ішкі дертіне шипа іздеді, жетімін желеп-жебеп, жесірін жұбатуға жылы сөзін сарп етті. Сұрапыл соғыстан кейін ұлт басына төнген ауыр жылдар, кеңес заманының қызыл саясаты тудырған зауал мен ұмыт қала бастаған тамырлы ата дәстүріміз бен иманымыз Мұқағалиды да толғандырмай қоймады. Ұлтымызды құрсауда ұстап, басымызға бұғалық салған кеңестік идеология Мұқағали музасын мазасыз күйге түсірді. Алайда ноқтаға басы сыймаған ақынның жүрегі аласұрып, ақ жолдан адаспай, ақиқат іздеуден тартынбады. Ол өзі жырға қосқан үш бақытын – Халқын, Тілін, Отанын аялап өтті. Қазақтықтан ажыраған қоғамда өмір сүрген ақын азаттықты аңсады. Қай өлеңін алсаңыз да, оның астарынан бостандыққа ұмтылыс пен еркіндікті аңсау бар. Мысалы, ақынның сәбиіне арнаған мына бір өлеңінің кейбір тұсына зер салып көрсек:
Бұлқынып жатыр,
Келмейді-ау құрғыр шамасы.
Бұлқынып жатыр,
Таусылды-ау айла-шарасы.
Сәулемнің менің аяқ пен қолын матамай,
Бостандық берші,
бостандық берші, мамасы.
Қарашы мынау қабаржып
жатқан пішінге,
ЬІза мен ашу қайнайды келіп ішінде.
***
Мамасы, босат, еркімен өссін тал шыбық!
Ауа мен күнге,
ай менен нұрға малшынып.
Бұлқынып жатыр,
ұмтылып жатыр, қарашы:
Кішкентай жүрек көрсетіп
жатыр қарсылық.
Бір деммен оқып шыққанда-ақ, бұл өлең кішкентай сәбиге арналғандығы айқын аңғарылып тұрады. Бірақ қайыра оқып, астарына үңілсеңіз, басқа ойдың ұшқынын аңғарасыз. Өлеңде айтылғандай, бұлқынып жатқан сәби – кеңестік құрсаудағы қазақ қоғамы. Сол қоғамда Отан-Ана біз үшін Ресей еді. Ақынның «аяқ пен қолын матамай, бостандық берші, мамасы» деп жан ауырта жырлауы да тегін емес. Иә, сол кездегі алып империяның қол астында «ыза мен ашуға» булығып, басылып қалған қазақ қоғамы бостандыққа ұмтылуға бұлқынып, қарсылық көрсетуге талпынып жатқан кішкентай жүрек иесі еді. Ал «Жаным-ай» деген бір өлеңінде:
«Басымыздағы бақыттардан да күсеміз,
Қазылған орға өзіміз іздеп түсеміз.
Қайтеміз енді?!
Ұлы бола алмай ішеміз...» – деген жолдар бар. Иә, Мұқағали ғұмыр кешкен қоғамда қазақ ұлтын бақытты өмір сүрді дей алмаймыз. Орыстың арағына уланып, ататегімізді «ов, ев» деп жаздыртып, тіліміз мен дінімізден ұрпағымызды бездірген саясаттан енді-енді арыла бастадық емес пе?! Қазір ғой орысша жалғауды алып тастап, «ұлы», «қызы» атанып жүргеніміз... Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады.
Ақынның бай шығармашылық мұрасы бүгінде көптеген ғылыми-зерттеу еңбекке арқау болып отыр. Солардың ішінде «Мұқағали және Тәуелсіздік» ұғымына айрықша көңіл бөліне бастауына негіз жоқ емес. Қалай десек те, бүгінгі заман Мұқағали поэзиясын өзге қырынан талдап-тануға серпіліс тудырып отыр. Абай даналығының нәрінен сусындап, Махамбеттің өршілдігіне қаламын жонып, Қасым жырынан от алған Мұқағали бүгінде адамзаттың ақынына айналды. «Күпі киген қазақтың қара өлеңіне шекпен жапқан» Қарасаздың қара баласы миллиондарды мойындатып, рухты поэзия тудыра алғаны анық.
Ақын өзі жазып қалдырған күнделігінің бір тұсында: «Айналып келгенде, поэзияда рух үлкен рөл атқаруға тиіс. ...Кімде рух болмаса, ол поэзиядан аулақ жүруі керек...» – деп ой толғапты. Бұл мәртебелі өлеңге шын жанашыр ақынның кесімді сөзі іспетті. Қазақ поэзиясына бояуы қанық ұлттық реңк пен сананы сілкінтер рух ала келген ақын шығармаларын қайта-қайта парақтаған сайын тың ойларға тап болып, көкейді тескен сан сауалға жауап табарымыз анық. «Тау алыстаған сайын асқақтайды» деген даналыққа сенсек, Мұқағали поэзиясының Хантәңірі де ғасырлар алмасып, жылдар жылжыған сайын биіктей бермек.
Ғалым Жайлыбай, ақын, Халықаралық«Алаш» сыйлығының иегері:
– Ұлы Абай айтқан «тілге жеңіл, жүрекке жылы» өлеңдер Мұқағали Мақатаев поэзиясының негізгі тіні екені даусыз. Мұқағали – қазақ халқының бірнеше буын ұрпағын тәрбиелеп келе жатқан шын мәніндегі ұлт ақыны. Бүгінде Алтай мен Атыраудың, Жетісу мен Арқаның арасында Хантәңірінің мұзбалағы атанған ақиық ақынның жырларын жатқа айтып, оның сөздеріне жазылған әндерді білмейтін жан жоқ шығар. Мұқағали табиғи таланты мен үлкен білімінің арқасында қазақтың қара өлеңін жаңаша түлетіп, заңғар биікке көтере білді. Ақынның өміріне қатысты әрқилы алыпқашпа пікірлер айтылып жүргенімен, Мұқағали көзі тірісінде-ақ мойындалып, өз қатарластарынан оқ бойы озық тұрып, көп оқылған. Біз де бала кезімізде Мұқаңның «Қарлығашым, келдің бе?», «Мавр», «Дариға жүрек» сынды кітаптарындағы жыр-дастандарды жатқа оқып өстік. Өз басым Мұғағалимен бір күнде туғанымды мақтан тұтамын. Осыны жақсы ырымға балап, 15 жасымда:
Іркілмеген, дүркіндеген
жыр кімге,
Өлеңдетпей ғұмыр кешу
мүмкін бе?!
Туған екем мұзарттағы мұзбалақ –
Мұқағали ағамызбен бір күнде, – деп өлең жазып едім. Сондықтан да маған Мұқағали ерекше ыстық, басқалардан бір табан жақын секілді сезіледі. Жыл сайын 9 ақпанда мен ең алдымен көпшілікпен бірге Мұқағалидың тойын тойлап, кештеріне қатысып, өз туған күнімді одан кейін атап өтемін. Қазақ деген елі барда, қара өлеңнің қадірін түсінетін оқырманы барда Мұқағали есімі де өшпек емес. Керісінше, оның соншалық қарапайым, соншалық мөлдір поэзиясы ұрпақтан-ұрпаққа, ғасырдан-ғасырға үздіксіз жалғасын таба беретініне бек сенемін.
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, ақын, «da Қазақстан» халықаралық журналының бас редакторы:
– Мұқағалидың алуан қыры мен сыры бар, адалдығы мен адамгершілігі мол, шығармашылық мүмкіндіктері барынша толысып, кемелденген, өте бір ғажайып ақын екендігіне заманның өзі куә. Ол өзінің өткен ғасыр мен осы ғасырдың және бұдан кейінгі ғасырлардың да құрдасы болатындығын түйсігімен сезіп, айтып кеткен. Бүгінде ақынның айтқаны ақиқатқа айналғанын көріп отырмыз.
Қазақ өлеңінің тарихында, тұла бойында әр пендеге тән кейбір кемшіліктердің болуына қарамастан, жүрегіне иман ұялатқан ақындар көп болған емес. Мұқағалидың басты қасиеті – атеистік қоғамда өмір сүрсе де, Алланы хақ деп танып, асыл дінінен айнымағандығында. Мысалы, Абай «Алланың сөзі де рас, өзі де рас» десе, Мұқағали:
Бәрі рас айтқанының ақ Алланың,
Күн менен топырақтан жаралғанмын.
Тәнімде түйірі жоқ арам қанның... – деп ағынан жарыла келе, «күллі әлемнің мұсылмандары, бірігіңдер» деген үндеу тастайды. Мұқаңның осы бір имандылық қыры мен Абай дәстүрімен сабақтастығы турасында белгілі ақын Құл-Керім Елемес кезінде үлкен зерттеу мақала жазған. Өз өлеңінде «Пайғамбар Мұхаммедтің үмбетімін» деп жаһанға жар салған ақын тірісінде-ақ Хақ жолын мойындаса, бүгінде Алла тағала Мұқағалидың мәртебесін көтеріп жатыр. Ұлылар өмірі қашанда бір-бірімен сабақтас келеді. Мысалы, Махамбеттің (батыста Мұхаммед пайғамбарымызды Махамбет деп те атаған) аты да, Абайдың шын есімі Ибраһим мен Мұқағалидың азан шақырып қойылған аты Мұқаметқали – үшеуі де нұрлы есім. Махамбет – Қаройда, Абай – Қарауылда, Мұқағали Қарасазда туған. «Қара» сөзі қазақта қасиеттілік пен ұлылықты білдіреді. Демек, осы қасиетті үш Қараны қазақ руханиятының үш тұғыры деп танып білуге болады.
Ғарифолла ЕСІМ, философия ғылымының докторы, академик:
– «Дін – ғылымның анасы». Бұл – Мұқағали Мақатаевтың өткен ғасырдың 70-жылдары жазған өлеңінің алғашқы жолы. Ол заманда атеизм (дінсіздіктің идеологиясы) мемлекеттің саяси қызметін атқарғаны көпшілікке белгілі. Дінді ғайбаттап сөз сөйлеу кеңестік мәдениеттің бір өлшемі болатын. Қоғамдағы саяси ағымға сай, ақындар да дінді сынап жазуды дәстүрге айналдыра бастаған. Сол «Құдайсыз заманға» тап болған ұрпақтың өкілдерінің бірі ақын Мұқағали Мақатаев еді, бірақ оның сөзі өзгеше болды. Жоғарғы жақтағыларға дінді қаралап жазса ұнайтынын, марапаттарға ие болатынын ақын білді. Алайда Мұқағали ол жолға түспеді. Жаны жаралы болып, дүйім жұрттың ішінде жалғызсырап, сергелдеңде жүргенде тұла бойына табиғи болмысымен енген мұсылмандық нұрын шашпай-төкпей сақтап, ешкімге ұқсамайтын дін туралы өзінің формуласын ұсынды, оның дінді ғылымның анасы дегені даналықтың үлгісі еді.
Әбіш КЕКІЛБАЕВ, Қазақстанның Халық жазушысы:
– Мақатаев жырларындағы майда қоңыр саз бен жарқ-жұрқ көзге ұрмайтын жұмсақ нұрдың өзі де оның терең тебіреністі гуманистік мәнін айқындай түседі. Жас ақын зор адамгершілікті, биік гуманизмді елден ерек төтен ерліктерден емес, адамдардың бір-біріне деген мейір-пейілінен іздейді. Оның өлеңіндегі адамдар – шетінен жүзі игі, жүрегі жұмсақ жандар. Бірақ ақын өмірді май тозғысыз идиллия қылып суреттеуден аулақ. Ол әрекетшіл, мейірімді, өзгенің бақыты мен қуанышына тек тілектес қана болып қоймай, сол үшін бел шешіп күресетін белсенді, қайырымды адам туралы жырлайды. Ол сонау ұлы шайқас, Ұлы Жеңіс жылдарында жарқырап көрінген моральдық сапаны дәйім биікте ұстауға үндейді. Ол қазіргі қылығымыз бен құлығымызды да сол жылдардағы моральдық биігіміздің деңгейімен өлшейді.
«Дәуірмен бетпе-бет» кітабынан. 1972 жыл