Қар жауса да, өртеніп жүрмейік
Төтенше жағдайлардың алдын алушы мамандар алматылықтардың өрт қауіпсіздік ережесіне салғырт қарайтындарын айтып, жылыту маусымында отын түрлерін дұрыс пайдалануды үйретіп жүр. Ал жыл басынан бері тіркелген тілсіз жаудың тізімі 700-ге жетіп қалған.
Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары биылғы жазда өрттің көп болғандығын айтып, алда келе жатқан жылыту маусымына дайындық шараларын жүргізіп жатыр. Мамандардың таратқан статистикалық мәліметтеріне сенсек, жыл басынан бері Алматы қаласының өзінде 625 өрт оқиғасы тіркеліпті, тіркелмеген тілсіз жаулар қаншама? Жалпы алғанда, төтенше жағдайлардың 80 пайызын өрт құрайтын көрінеді. Өрт сөндіруші қызметкерлердің айтуынша, оның басым бөлігі жалға берілетін үйлерде, қыс мезгілінде тұруға арналмаған саяжайлар мен заңсыз салынған құрылыстарда болады. Өрт қауіпсіздік ережелеріне салғырт қарап, жылыту ошақтарын пайдаланудың қауіпсіздік ережелерін білмейтіндердің кесірінен балалар мен ересектер от жалынның құрбанына айналып жүр. Аптап ыстықта жауынсыз ауа райының салдарынан қурап қалған ағаштар тұтанып, газ балондары атылып жатса, күн суытып қар жауса да жылынамыз деп оттан опық жейтіндердің болары рас. Төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын ұйымдастырушы мамандар да бұл мәселеге қатысты алаңдаушылық танытып, халықты тілсіз жаудың тырнағына ілікпеудің жолдарын бірлесіп қарастыруға шақырып отыр.
Өрттің шығуына төмендегідей жағдайлар себепкер болады:
• Электр жабдықтарын техникалық көшіру мен жөндеуде бұзылған ережелер – 102 оқиға тіркелді;
• Тұрмыстағы электр жабдықтарын көшіруде бұзылған өрт қауіпсіздігі ережелері – 5 оқиға;
• Түтіндіктер мен пештерді көшіру ережелерінің бұзылуы – 76 оқиға;
• Өрт қауіпсіздігі ережесін дұрыс қолданбау – 225 оқиға;
• Өртеу бойынша – 29 оқиға тіркелген.
Айнұр Абдулина, Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің бас маманы:
– Өрттің алдын алу мақсатында 1 қыркүйектен бастап қаланың әр ауданына қарасты төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері өрт қауіпсіздігі айлығын жүргізіп жатыр. Шара барысында күнбе-күн инспекторлық құрам қала тұрғындарының үйлерін аралап, тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерімен, сондай-ақ сұйық және қатты отынмен жағылатын жылыту ошақтарын көшіру ережелерімен таныстырады. Бұқаралық ақпарат құралдары мен жарнама тақтайшалары арқылы, сонымен қатар өрт қауіпсіздігі ережелері жайында жадынамалар таратылып, көше бойы қатты дауысты құрылғымен қала тұрғындарына ақпарат таратылады. Қала мектептерінің оқушыларымен өрт қауіпсіздігі ережелері жайында сабақтар өткізіледі. Десек те, мұндай шаралардың үнемі ұйымдастырылып тұрғанына қарамастан, биыл Алматы қаласында 625 өрт оқиғасы тіркелді, оның 137-сі тұрғын үйлерде орын алды.