Қандай азық-түлік өнімдері қымбат?
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысының орынбасары Гүлмира Ермолдина «Елордада азық-түлік бағасын тұрақтандыру» тақырыбында өткен онлайн брифингте айтты деп хабарлады baq.kz
Жыл басынан бері негізгі азық-түлік тауарлары бойынша бағаның өсуі байқалады. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырған кезде ол 6,2 пайызға төмен. Бағаның өсуі көкөністер мен жұмыртқаға, өсімдік майы, тауық еті, бірінші сұрыпты ұнда байқалады. Қаңтар-мамыр аралығында баға өскен.
Мамырдан бастап жаңа егін өнімдерінің келуімен баға төмендейді. Бағаның қымбаттауына өндірушілер шикізатының қымбаттауы, буып-түю материалдары мен көлік шығындары, делдалдардың әсері де бар, - деді Ермолдина.
Ол атағандай, бағаны тұрақтандыруға арналған шаралардың бірі - жәрмеңкелер.
Биыл да дәстүр бойынша аймақтармен жәрмеңке өткізу бойынша келісім жүргізіп жатыр. Пандемия барлығына әсер етті. Сондықтан біз өткізу кестесін ұйымдастырдық, өңірлердің жауабын күтіп отырмыз. Жәрмеңкелер әдеттегідей шілде мен қараша айлары аралығында ұйымдастырылады, - деді ол.
Ермолдина азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша инвесторлар тартылғанын айтты.
Үш азық-түлік реттеу орталығы мен 2 жылыжай кешенін салу жоспарланған. Оның көлемі 52 гектар мен жылыжайдың қуаты 200 тоннаны құрайды. Бұл жобаны 2022-23 жылдары жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Жалпы инвестиция көлемі 40 млрд теңгені құрайды, - деді ол.