Қан тапсырсаңыз, Қазақстан аруы бетіңізден сүйеді
Елімізде «Сенің күнің, донор!» атты республикалық акция басталды. Аққан ауруына шалдыққан 80 бүлдіршінге мың литр қан керек. Алғашқы болып депутаттар қан тапсырды.
Үшінші рет ұйымдастырылып отырған республикалық акция биыл Алматы қаласынан басталды. Мамыр айының 10-ынан маусымның 10-ына дейін жалғасатын шараның басты мақсаты – мың литр қан жинау. «Бауыржан» қайырымдылық қоры жетекшілерінің айтуынша, осыдан 20 жыл бұрын Қазақстанда 750 мың донор болған. Ал қазіргі таңда бар-жоғы 250 мыңнан аспайды. Сол үшін донорлық қанға мұқтаж жандардың саны өте көп. Акцияның оң нәтижелі болуына атсалысып, қан тапсырушылардың көшін Парламент және Мәслихат депутаттары бастады. Қан тапсыру процедурасының ауыртпалықсыз әрі пайдалы екенін айтқан саясаткерлер баршаға үлгі болды.
Болат Әбілов, саясаткер:
– Бүкіл халықты қайырымды іске шақырамын. Дені сау кез келген азаматтың қолынан келеді. Донор болу – денсаулыққа пайдалы әрі жас балдырғанға өмір сыйлау. Өзге елдерде мұндай шаралар жақсы дамыған. Біздің елде де жоғары дәрежеде дамыту – өз қолымызда. Өз басым екі жылда бір рет міндетті түрде қан тапсырып тұрамын.
Досым Сәтпаев, саясаттанушы:
– Мен ешқашан мұндай қайырымдылықтан бас тартпаймын. Денсаулығымның мүмкіншілігі болса, әрдайым қан беруге даярмын. Осы күнге дейін кем дегенде сегіз рет қан тапсырдым.
Келесі кезек – эстрада жұлдыздарында. Қайырымдылық шараның қаржылай демеушісі – Beeline компаниясының қызметкерлері де қан тапсырмақ. Мамырдың 23-інде 2012 жылғы Қазақстан аруы да акцияға қатысып, сол күні қан тапсыратындардың бетінен сүймекші екен. Бұл күні әрбір донор маусымның 14-і болатын гала-концертке шақыру билеттерін алады. Концертке Сәкен Майғазиев, Мейрамбек Беспаев және қазақ эстрадасының тағы да басқа жұлдыздары қатысады. «Донор болу – қайырымдылық. Біреуге өмір, біреуге үміт отын сыйлау. Республиканың сегіз ірі қаласында өткізілмек шараның ауқымы келесі жылы бүкіл елді қамтитын болады»,– дейді «Бауыржан» қайырымдылық қорының директоры Жұлдыз Омарбекова. Қан тапсырамын деушілерге Алматы қаласындағы Республикалық қан орталығының есігі сағат 17.00-ге дейін ашық.