Полиция қызметкерін өлтіргендер анықталды
Ақтөбеде такси жүргізушісін пышақтап, полиция қызметкерін атып өлтірген үш адам анықталды. Бірақ қолға түсіру амалдары барысында қарсылық білдіріп, оқ жаудырған үшеудің екеуі қаза тапты. Мамандар бұл оқиғаға қатысты жарылыс пен кепілдер жөніндегі тараған мәліметтерді жоққа шығарып отыр. Кісі өлтіргендер – 18, 21 және 23-тегі жас жігіттер.
Маусымның 21-і күні Ақтөбе қаласының Кирпичный кентінде белгісіз үш адам жеке тасымалдаумен айналысқан автокөлік жүргізушісіне қарақшылық шабуыл жасаған болатын. Естеріңізде болса, олар оқиға орнына келіп, қылмыскерлерді ұстамақ болған полиция қызметкерлеріне қарумен оқ атқан.
Нәтижесінде жол полициясының инспекторы Темірбек Жақсылықбаев қаза болды. «Кісі өлтіру фактісі бойынша ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 96-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Жүргізілген жедел-тергеу іс-шараларымен шабуыл жасағандар анықталды» деп хабарлайды Бас прокуратураның баспасөз қызметі. Олар – 1991 жылы туған Жолмырза Бекбауов, 1994 жылы туған Ғабит Құрманқұл және 1989 жылы туған Ерназар Мырзағали. Маусымның 23-і күні аталған азаматтар Ақтөбе қаласындағы Краснощеков көшесі, №46 үй мекенжайында анықталған. «Берілу жөніндегі бірнеше рет қайталанған ұсыныстарға көрсетілген мекенжайда қоршауға алынған Бекбауов, Құрманқұл және Мырзағали қарсылық білдіріп, арнайы бөлімше қызметкерлеріне қарай қарулармен оқ ата бастады. Осыған байланысты қылмыскерлердің екеуінің көзі жойылып, біреуі жарақат алды» деп хабарлайды Бас прокуратура мамандары. Олардың айтуынша, бейбіт тұрғындар арасында қаза болғандар мен жәбірленушілер жоқ, тек құқық қорғау органдарының бір қызметкері ғана жеңіл жарақат алған. Кісі өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. «Қылмыстың басты күдіктілері – діни экстремистік ұйымдардың жақтаушылары» деген мәліметтер де бар. ,