«Полиция күні» мерекесі қарсаңында, Полиция департаментінің жаңа ғимаратында мерекелік шара өтті
«23 маусым Қазақстан Полициясы күні» мерекесіне орай Түркістан облысы Полиция департаментінің жаңа ғимаратында алғашқы мерекелік шара өтті. Жиынға Түркістан облысы ПД басшы құрамы мен ішкі істер органының ардагерлері, жеке құрам қатысты.
Жиында ҚР Мемлекеттік Туы құрметпен кіргізіліп, Әнұран шырқалды. Айта кетер жайт, жақын арада бүкіл қазақ жұртын алаңдатып, бірқатар азаматтарымыздың өмірін жалмаған Абай облысындағы орман өртіне байланысты, жылдағыдай мерекелік концерттік бағдарлама өткізілмеді.
Сондай-ақ ішкі істер саласында қызмет етіп, жұмыс барысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің рухына бас иіп, 1 минут үнсіздікпен еске алу рәсімі өтті. Олардың жұбайларына гүл шоқтары мен бағалы сияпаттар тарту етілді. Құттықтау бейнероликтері көрсетілді.
Ал алғашқы құттықтау сөзді ТО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Бауыржан Сапар алып, халықтың тыныштығы үшін қызмет етіп жүрген ПД-нің полицейлеріне ыстық лебізін білдірді.
«Құрметті ішкі істер органдарының ардагерлері! Сіздерді мерекемен құттықтай отырып, жас мамандарға жол көрсетіп жүргендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Арамызда аман есен жүріңіздер, күш қуаттарыңыз сарқылмасын! Еліміздің қорғандары! Еңбектеріңіз ел алдында елене берсін! Осы тұста жыл бойы жақсы нәтижелерімен көзге түскен бірқатар полицейлерімізге құрмет көрсетпек ниеттеміз. Марапаттарыңыз құтты болсын!», - деп ақжарма тілегін жаудырды.
Одан кейін марапаттау рәсімі жалғасып, ҚР ІІМ бұйрығымен «Кезектен тыс полиция майоры арнаулы атағы» Айгерім Төрегелдиеваға берілді. Ал «Бір саты жоғары полиция подполковнигі арнаулы атағын» Әуелбек Каликулов, Қайрат Шабидинов, Есенжан Жанысбаев иеленді. «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі Ғалымжан Тұрашбеков, Серік Қарабаевқа, I дәрежелі "Ішкі істер органдарының үздігі" төс белгісі Ержан Сәбитханұлы, Бағлан Серикбаевқа тағылды. "ҚР ІІМ-нің Құрмет грамотасымен" баспасөз хатшысы Гүлнар Абдужаппарова марапатталды. Ал ІІМ Грамотасымен Қуаныш Екузаев, Шыңғысхан Мұратбекұлы марапатталды. Министрліктің «Алғыс хаты» Ердос Қалыбаев, Қалижан Мұсалимов, Нұрлан Икимбаевқа табысталды.
Сонымен қатар облыс полицейлеріне Түркістан облыстық мәслихатының, Түркістан облыстық «АМАНАТ» партиясының марапаттары табыс етілді. Ал ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті бастығының «Алғыс хатымен» Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Асылхан Төреханов, Жылдам қимылдайтын арнайы жасағаның командирі полиция подполковнигі Қанат Дильдабеков, Оқу-жаттығу взводы командирінің кәсіби қызметтік және денешынықтыру даярлығы жөніндегі орынбасары полиция подполковнигі Серік Абдуллаевқа табысталды.
Түркістан облысы ПД басшылығы тарапынан жазылған грамота, алғыс хат, 30 жылдық төсбелгілер өз иелеріне үлестірілді.
Осылайша өңірдің өркендеуі мен дамуы үшін аянбай еңбек етіп, өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген ең үздік қызметкерлерге қошемет көрсетілді.
Айтулы іс-шара соңында еңбегі еленіп, марапатқа ие болған тәртіп сақшылары өздерінің шынайы алғыстарын жеткізді.
Сонымен қатар мерекелік құттықтау сөзін ҚР ІІО Құрметті ардагері Мұхтар Ермеков, Оспанғазы Жанқожаев жалғап, ыстық ықыластарын білдірді.
Іс-шара соңында Полиция департаментінің жаңа ғимаратында «Ашық есік күнін» ұйымдастырумен жалғасты. Яғни жиынға арнайы келген қонақтар Жедел-басқару орталығы ғимаратын аралап, ондағы қызметкерлердің жұмысымен танысты. Сондай-ақ алдағы істеріне сәттілік тілеп, естелікке суретке түсу рәсімімен қорытындыланды.
Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі