Полицейлер «бомждар үсіп қалмасын» дейді
Астанада үш тәулік ішінде 140-қа жуық қаңғыбас адам анықталды. Үйсіз-күйсіз жүргендерді есепке алу үшін полицейлер «Қаңғыбас» жедел алдын алу шарасын өткізген.
Шараның мақсаты – қайыр сұрап, қала кезіп жүретіндердің қылмысқа баруына және аязды күндері көшеде үсіп қалуына жол бермеу. Полицейлер желтоқсанның 6-сынан бері Астананың қоқыс төгілетін алаңдарын, теміржол және автокөлік вокзалдарын, базарларды, шіркеулер мен мешіттерді, жертөлелер мен кәріз құдықтарын тінтіп шыққан. Шараның нәтижесінде тұрақты баспанасы жоқ, көше кезіп жүруді әдетке айналдырған 139 адам ұсталды. Олардың 30-ға жуығының еш құжаты жоқ, кім екені белгісіз. Мамандар оларды қабылдау-тарату бөліміне орналастырды. 112 адам Уақытша оқшаулау және детоксикация орталығына жіберілді.