ҚР ІІМ Төтенше жағдай комитеті өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының басшысы Жасұлан Ақтаев жаңа жыл мерекесі қарсаңында өрт қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертті.
Оның айтуынша, өрттің 70% тұрғын үй секторында болады.
«Пиротехника өнімдерін қолдануда абай болыңыздар. Күмәнді пиротехника өнімдерді қолданбаңыздар. Пиротехникалық өнімдерді көшеде машина мен ағаштар жоқ жерде пайдаланыңыздар. Адамдар көп жерде, балконда қолдануға тыйым салынады. Балалар мен жасөспірімдерге мұндай өнімдерді атуға рұқсат бермеңіздер», - деді Ақтаев.
Ол полиция қызметімен бірлесе пиротехника өнімдерін заңсыз сату орындарына рейдтер жүргізіле бастағанын атап өтті.
«Мерекелік іс-шаралар кезінде комитет пен арнайы бөлімше жұмысын күшейтетін болады. Жаңа жылдық мерекелерді қауіпсіз өтуі үшін іс-шаралар басталып кетті. Полициямен бірлесе рейдтер өткізіліп жатыр, дегенмен сату орындары әлі анықталған жоқ. Мұндай заттарды сауда үйлерінің жанында, базарларда сата бастайды. Негізінде пиротехника өнімдерін арнайы белгіленген дүкендерде, арнайы орындарда сату қажет. Сауда үйі, ғимаратта, тұрғын үйде сатуға болмайды. Пирототехникан тұрғын үйден 20-50 метр алыс қашықтықта ату тиіс. Балконнан атқандар да болды, бірақ бұлай болмайды. Пиротехниканы қолданудың арнайы ережесі бар», - деді ол.
Басқарма басшысы сауда үйлерінің жанында бақылау жүргізілетінін, құқық бұзушылықтар анықталса әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айтты. Заңды тұлға 20 АЕК, жеке тұлға 5 АЕК төлейді.
«Сауда үйлерінің басшыларына, ата-аналарға балалардың пиротехниканы қолдануына жол бермеңіздер дегім келеді. 14 жасқа дейін балаларға қолдануға болмайды. Нұсқауларында қай жастан бастап қолдануға болатыны жазылады», - деді ол.