Павлодар облысында боранды күні мал іздеуге шыққан әйелдің денесі табылды
Павлодар облысының 34 жасар тұрғыны 16 сәуір күні кешкісін жолдасымен бірге жоғалған малын іздеуге шыққан шыққан еді. Өкінішке қарай, содан қайтып оралмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол жексенбі күні сағат 18.00 шамасында Бесқауға ауылынан шамамен 25 шақырым жерде, Жаңажол ауылы маңында жолдасымен бірге мал іздеуге барған. Екеуі көлікті сол жерде тастап, тура бір сағаттан соң, яғни 19.00-де сол жерде қайта кездесуге уағдаласқан еді. Айтылған уақытта келіншегі келмеген соң жолдасы полицияға хабар берді.
Іздестіру жұмыстарына полиция департаменті мен Екібастұз қаласы полиция басқармасының жеке құрамы, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері және жергілікті тұрғындар кірісті. Еріктілер жасағы да қосылды. Барлығы 100-ден астам адам жұмылдырылды. Мамандар тікұшақ арқылы да 30 шақырым радиусты шолып шықты. Жалпы, үш күн аралығында іздеу жұмыстарының радиусы шамамен 5 мың шаршы шақырымды құрады.
Еріктілердің сөзінше, боран басталмай тұрып әйел адамды жергілікті екі тұрғын көріп, үйге апаруды ұсынған. Бірақ ол жолдасының көлік жанында күтіп тұрғанын алға тартып, ұсыныстан бас тартыпты.
Ал бүгін «VITA» еріктілер жасағы мал іздеуге шыққан келіншектің денесі табылғанын хабарлады. Марқұмның артында 10 және 3 жасар екі қызы қалды. Жергілікті полиция департаменті әзірше ресми түсініктеме берген жоқ.