Павлодар билігі Төреғали Төреәліні енді ресми шараларға шақырмайтынын мәлімдеді
Павлодар облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жуырда Павлодарда дөрекелік танытып, халықтың сынына ұшыраған әнші Төреғали Төрәліні өңірде өтетін ресми іс-шарларға шақыртудан бас тартатынын мәлімдеді. Бұл туралы pavlodarnews.kz хабарлады.
Ведомства 21 желтоқсанда Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында өткен концерттегі Төреғали Төреәлінің іс-әрекетін орынсыз деп таныды. Сондықтан шенеуніктер жуық арада әншімен байланыс орнатпайды.
"Біз Павлодардағы әр мерекеде қазақстандық эстрада жұлдыздарына мүмкіндік беріп, жиі ресми шақыртулар жіберіп тұрамыз. Сөз жоқ, біз облысымызда жеке ұйымдастырушылардың тарапынан өтетін коммерциялық концерттерге бақылау жасай алмаймыз. Ал мемлекеттік мекемелер өткізетін салтанатты шараларға Төреғали Төреәлі шақырылмайды", – деп хабарлады облыстық мәдениет басқармасы.
Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде Төреғали Төреәлінің көрермендердің бірімен дөрекі сөйлескені жайлы видео қызу талқыланып жатыр.
Қазнет қолданушыларының пікірінше, әртіс өз аудиториясын сыйламаған. Осы жағдайдан кейін әртіс Instagram арқылы тікелей эфирде тыңдармандарына мән-жайды түсіндіруге тырысты. Ол залдағы көрермендердің бірі намысына тигенін айтып, болған жағдай үшін кешірім сұрады.