Өзін-өзі өртеп жіберді
Кеше Атырау облыстық прокуратурасы ғимаратының алдында 52 жасар азамат өзін-өзі өртеп жіберді. Өртенген азамат құқық қорғау органдарынан қылмысқа барған үлкен ұлын куәгер ретінде танып, куәгер болған кіші ұлын айыпкер есебінде жауапқа тартуды талап еткен.
Осы оқиғаға байланысты құқық қорғау органдары басшылары өткізген брифингте Атырау ОІІД-нің бастығы Қайрат Сұнтаевтың айтуынша, өзіне қол салған азамат жасөспірімнің өліміне қатысы бар үлкен ұлына қатысты қозғалған қылмыстық істің тергелуімен келіспеген.
Түсінікті болу үшін айталық, биылғы жылдың наурыз айында қала маңындағы Ақжар елді мекенінде жасөспірім Дархан Олжағалиевтің ұрып-соғып өлтірілген мүрдесі табылған болатын. Көп кешікпей қылмыстың ізін жасырған 1990 және 1993 жылы туған ағайындылар күдіктілер ретінде құқық қорғау органдары қызметкерлерінің құрығына түсіп, қамауға алынды. Қылмыстық іс төрт ай бойы тергеліп, соңында ағайындылардың үлкені айыпталып, ол қылмысын мойнына алған болатын. Бірақ тергеу қорытындысымен келіспеген қылмыскердің әкесі жасөспірімнің өліміне үлкен ұлын емес, кіші ұлын кінәлауды талап еткен. Сондағысы кәмелетке толмаған кіші баланың жазасы да жеңіл болады деп күтсе керек.
Қазір баласы үшін өзін отқа ораған қайран әкенiң құқық қорғау органдарына қандай да бір тосын әрекетке баратыны жөнінде ештеңе айтпағандығы белгілі болып отыр.
Құқық қорғау органдары басшыларының мәлімдеуінше, жасөспірім Д.Олжағалиевтің өліміне қатысты қылмыстық іс куәлардың (бес адам) айтуымен тергеліп, тексеріліп, сотқа жолдану алдында ОІІД-нің айыптау қорытындысымен облыстық прокуратураға 25 мамырда табысталған.
Атырау облысы прокурорының міндетін атқарушы Бақытберген Қасымбаевтың айтуынша, таңертеңгілік жұмысқа келерде оқиғаны көргендер өз-өзіне қол салған азаматтың екі қолындағы бес литрлік пластмасса ыдыста бензин болғанын, оның бірінің жартылай толық еместігін айтып берген. Облыстық прокуратураның ғимараты ауласына енген ол үстіне бензин құйып, шырпы тигізген.
Қазіргі күні денесінің 90 пайыздан астамын күйік шалған азамат облыстық аурухананың жан сақтау бөлімінде өте ауыр халде жатыр.