Шымкенттіктерді өзен бетіне қалқып шыққан мәйіт шошытты. Шала туған нәрестенің денесін тазалық мамандары тауып алған. Баланың тірі не өлі туылғаны әзірге белгісіз. Полиция бірнеше сараптама тағайындады. Белгілісі, баланың салмағы 690 грамм болса, бойы небәрі 36 сантиметр деп хабарлайды 31 арна.
Шымкенттің қақ ортасынан өтетін «Қошқарата» өзенінен нәресте қыз баланың мәйіті табылған. Оны тазалық маманының бірі өзенді қоқыстан тазарту кезінде байқап қалған. Салмағы бар жоғы 690 грамды ғана құрайтын, ал бойы 36 сантиметрлік шала туылған нәрестенің мәйітін дереу полицияға тапсырған.
"Полный барлық денесі көрініп тұр. Қолы, аяғы барлығы бар. Қыз екен. Мүшелерінің барлығы жетілген. Бес айлық екенін айтты", - дейді Шымкент қаласы «ЛДТ Тұрмыс» мекемесінің Нұрлан есімді жұмысшысы.
Облыстық полициядағылар нәрестенің мәйітіне қатысты Әл-Фараби аудандық полиция бөлімі тіркеуге алып, тексеруді бастағанын жеткізді. Мәйіттің жетілмей туылғанын, не болмаса тірі болғанын айта алмады. «Сараптама қорытындысы анықтайтын болады», - дейді.
"Зорлық-зомбылықпен өлтірілген белгілері табылмаған. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бірнеше сараптама тағайындалған", - дейді ОҚО ІІД Баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте «ДауМед» медициналық ғимараты алдында және қоқыс өңдеу алаңында нәрестелердің мәйіті табылған болатын.