Отандық сән әлемінің өкілдері үш кітап шығарды
Алматыда Қазақстан сән бизнесіне қатысты тұңғыш кітаптар жарық көрді. Бұл кітаптарға сән мен күтім туралы кеңестер топтастырылған. Туындылардың артықшылығы – олардың құны бет-әлпетті күтуге арналған курстардан 10 есе арзан.
Елімізде осы күнге дейін сән әлеміне қатысты бірде-бір оқулық болмапты. Бизнестің бұл түріне келгенде, ресейлік кітаптар тізілген сөрелерге жалтақтаймыз. Сұлулық салондарының ұсынатын кеңестері ақылы. Тәжірибелі деген мамандардың өзіне күдікпен қарайтынымыз рас. Себебі бізде сұлулық кәсіп ретінде дами қоймаған. Бұл жолы отандық сән әлемінің дәрежесі бір сатыға көтерілгендей болды. Алматы қаласында бірден үш туындының тұсауы кесілді. «Менің сән әлемінде жүргеніме 20 жылдай уақыт болды. Оқулық таппай Ресейге мың бардым. Намысыма қатты тиді. Содан кітап жазуға бел будым»,– дейді кітаптардың бірінің авторы. Қазақстандық сән әлемінің дамуына қандай кедергілер бар және оларды шешудің жолдарын зерттеген авторлар – Лейла Қайназарова мен Аида Шыныбекова. Ал «Жетілген стильге жетудің алты қадамы» кітабын жазған – Мәди Бекдаир. Автордың айтуынша, кітаптың тілі қарапайым, халықтың түсінігіне лайықталып жазылған. Сиясы кеппеген туындының бейне дискі түріндегі нұсқасы да бар. Бет терісін, шашты, тырнақ күтімі мен дұрыс киім таңдай білуге үйретеді. Дұрыс бояну мен түстердің үйлесімділігін сақтау ережелері де бар. М.Бекдаирдың айтуынша, енді үй шаруасындағы әйелдің өзі 20 минут ішінде нағыз сәнқойға айнала алады. Мамандардың пікірінше, бизнес десе, ақша ғана елестейтін кәсіп иесінің болашағы жоқ. Әсіресе сән әлемінде. Себебі мұндай кәсіпкер клиентімен де, қызметкерімен де тіл табыса алмай, құрдымға кетеді. Қазақстанда үш сұлулық орталығы ашылса, біреуі міндетті түрде жабылып қалады. Бос отырған ақшалы әйелдің ермегіне айналатын салондардың ғұмыры ешуақытта ұзақ болмайды. Халыққа сапалы қызмет көрсетіп, кәсіпті жандандыру үшін мықты әкімші қажет-ақ. Бірақ республика бойынша бұл мамандық оқытылмайды. Батыстық білім алып, өмірінің жартысын сұлулық әлеміне арнаған мамандардың тәжірибесі – сән әлеміне қатысты үшінші туындының өзегі. «Мен – сұлулық салонының оңтайлы әкімшісімін» деп аталатын туындының авторы – Әсел Қадырова. Алдағы уақытта мамандар сән әлемінің майталмандары арасында сайыстар ұйымдастырмақ. Ал тұңғыш туындылар жақын арада ғаламтор беттерінде сатылымға шығады.