Отан қорғаушылар Тәуелсіздік монументіне гүл қойды
Әскерилердің кәсіби мерекесі сияқты тар шеңберде көрінетінімен, мамырдың 7-сі – барлық отандастарымызға ортақ ресми мейрамдардың бірі. Отан қорғаушылар күні кеше елімізде он жетінші рет тойланды. Бүгінде бұл мереке – тәуелсіз елдің Қарулы Күштерінің айбыны мен жалпы ер-азаматтарымыздың қадірін асқақтататын айтулы күн.
Алматыда мереке Республика алаңында тойланды. Қала әкімі Ахметжан Есімов бастаған топ – әскерилер, соғыс ардагерлері мен ауған жауынгерлері, басқа да жұртшылық Тәуелсіздік монументіне гүл қойып, әлімсақтан күні кешеге дейін Отан қорғау жолында қаза тапқан азаматтардың рухына тағзым етті. Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштері – құрлықтағы әскерден, әуе қорғанысы және әскери-теңіз күштерінен тұратын қуатты держава. Қорғаныс саласының құрылымын жетілдіріп, әскерлердің құрам-сапасын нығайтып отырған әскери доктринасы тұғырлы. Өзге елдердің әскери құрылымдарымен өзара байланыс орнатқан еліміздің Қарулы Күштері әлемде бейбітшілік пен бітімгершілік мәселелерін шешуге белсене араласып келеді. Бұл – 17 жыл ішіндегі зор табыс.