Орталық Азияда су соғысын тудыруды көздейтін кімдер?
Бүгінде әлем бойынша су ресурстары үшін қанды қақтығыстардың саны өсіп келеді. Орталық Азия аймағында да жағдай ушығып тұр. Себебі әрбір мемлекет өз жерінде жүздеген су қоймаларын салып, онымен су тапшылығы проблемасын туғызып отыр. Бұл жағдайдың Қазақстанға аса ауыр тиетіні рас. Себебі біздегі өзен-сулардың басым бөлігі шекараның арғы жағынан бастау алады. Сарапшылардың айтуынша, мұның барлығы – сыртқы саяси күштердің «ғаламдық жоспары». Оның негізгі мақсаты – табиғи байлығы мол «екінші сұрыптағы» елдерді бір-бірімен қырқыстырып қойып, жерасты ресурстарды емін-еркін игеру.
Су тапшылығы саяси шиеленіс тудыруы мүмкін
Шыны керек, су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі, бұл – ұлттық қауіпсіздіктің кепілі. Сол себепті осы саладағы бүгінгі жағдайды Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік кеңесі жіті бақылап келеді. Оның болжамына сәйкес, 2025 жылға қарай әлем халықтарының 80 пайызы су тапшылығы мәселесіне тап болады. «Өкінішке қарай, бүгінде Қазақстан сыртқы су ресурстарына тәуелді. Себебі жыл сайын ол судың 40 пайызы шекараның арғы жағынан келеді. Оның азаюы көптеген экологиялық апаттарға себеп болып, елдің әлеуметтік-экономикалық даму болашағына үлкен қауіп төндіреді», – дейді Қауіпсіздік кеңесінің кеңесшісі Ержан Салтыбаев. Маманның сөзіне қарағанда, бүгінде Орталық Азия аймағында су ресурстарын басқарудың интеграциялық жүйесін енгізу аса маңызды. Алайда онымен кейбір көрші мемлекеттер келіспей жатыр. Бұл түптің-түбінде сан алуан теке-тірестерге әкеліп соқтыруы ықтимал. Ал оған басқа бір саяси күштер араласып кетсе, аймақтағы саяси-экономикалық шиеленістер ұзаққа созылып кетуі әбден мүмкін.
Сарапшы-мамандардың айтуынша, бүгінде сыртқы саяси күштердің араласуымен Орталық Азиядағы су тартыстары басталып та кеткен. Мәселен, қазір Сырдария мен Әмудария өзендері бойымен су дұрыс тарамай жатыр. Себебі осы трансшекаралық өзендердің басында отырған Қырғызстан мен Тәжікстан суды жеке энергетикалық мақсаттарға пайдалануды көздейді. Ол үшін Қырғызстан Сырдария өзені бойында «Қамбар ата – 1» гидро-электр стансысын салуды жоспарлап отыр. Биіктігі 275 метр болатын алып құрылысқа 5 млрд доллар жұмсалмақшы. Аталған құрылысқа АҚШ-тың инвестициясы тартылып отыр деген ақпарат бар.
Абай ОМАРОВ (коллаж)
Ал осы елдің Морган, Рокфеллер сияқты ауқатты әулеттері бүкіл әлемнің қаржы-экономикалық жүйесін басқарып отырғаны белгілі. Бүгінде олар барлық аймақтарды өзара бөліп, біреуі алмаз индустриясын басқарса, екіншісі алтын өндірісін өз иелігіне алып қойған. Үшіншісі су тапшылығы мәселесін «саудалап», одан өз пайдасын көріп отыр. Олар соның барлығын өздері емес, өзгелер арқылы істеп келеді. Бұл – «Ғаламдық жоспар». Оның негізгі мақсаты – табиғи байлығы мол «екінші сұрыптағы» елдерді бір-бірімен қырқыстырып қойып, жерасты ресурстарды емін-еркін игеру.
Мұхит СЫДЫҚНАЗАРОВ, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Заманауи зерттеулер институтының директоры:
– Иә, қазіргі су мәселесі инженер-техниктердің құзыретінен шығып кеткелі қашан. Ол саяси мәні бар проблемаға айналды. Ал оны тиімді пайдаланбаудың салдарынан көптеген шиеленістер болып жатады. Мәселен, соңғы 50 жылдың ішінде су үшін 507 текетірес туындаса, оның 21-і әскери соғыспен аяқталды. Су тапшылығы мәселесі Орталық Азия аймағында да өзекті болып тұр.
Қытай суды көптеп жинап алуды көздейді
Бүгінде Қазақстандағы өзен сулардың басым бөлігі шекараның арғы жағынан бастау алады. Соған қарамастан, әзірше елде аса бір су тапшылығы байқалмайды. Себебі біз Қытай сияқты көрші мемлекеттермен келіссөздер жүргізіп, судың дұрыс реттелу мәселесін үнемі қадағалап отырамыз. Алайда кейбір шенеуніктердің кесірінен есе жіберіп қоятын кездеріміз де жоқ емес. Мәселен, жақында қытайлықтар Есіл мен Тобыл өзендерінің мәселесін бөлек қарастыруды ұсынды. Бұл екі өзеннің Ертістен бастау алатыны белгілі. Бірақ олар Ресей Федерациясының жерінде қосылады. Қытай жағы болса Ертіс суын бөлген кезде, Есіл мен Тобылды қоса есептеуді көздеді. Абырой болғанда, бас кезінде қазақстандық комиссияның жетекшісі М.Толыбаевтың «рұқсатымен» енгізілген бұл мәселе бүгінде күн тәртібінен алып тасталды. Соның өзіне екі жылдай уақыт кетті.
Қазақстан қазір барлық мәселені бірден шешіп алуды ұсынып отыр. Қытайлықтар болса, бұл жұмысты бірте-бірте атқарған жөн деп санайды. Оның да бір қулығы бар. Қытай үшін Ертіс суын бөлу мәселесін ұзаққа созып жүріп алған тиімді. Себебі сол уақыттың ішінде ел аумағында су қорын барынша молынан жинап алғысы келеді. Синьзян-ұйғыр автономиялы ауданында осы мақсатта жүздеген суқоймаларын салып қойған. Сол арқылы Қытай Халық Республикасы су ресурстарын тиімді пайдалану туралы халықаралық шарттарды бұзып отыр.
Мәлік БӨРЛІБАЕВ, Қолданбалы экология бойынша қазақстандық агенттіктің атқарушы директоры:
– Негізі, су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша Қытаймен жүргізіліп жатқан келіссөздердің барлығы – тұнып тұрған проблема. Синьзян-ұйғыр автономиялық ауданда 178 суқоймасын салу арқылы Қытай халықаралық келісімшарттарды бұзып отыр. Себебі Хельсинки конвенциясына сәйкес, ортақ трансшекаралық өзен сулары бар мемлекеттер ірі гидротехникалық қондырғыларды салған кезде, көрші елдеріне ескертуі шарт. Қытай жағы болса: «Сендер Қапшағай мен Бұқтырманы салған кезде, бізбен келіскен жоқсыңдар ғой!», – деп уәж айтып отыр. Аталған суқоймалары Кеңестер Одағы кезінде салынды ғой. Ол кезде Тәуелсіз Қазақстан жоқ болды. Соған келіспей отыр олар.
Отандық мамандар жаңбыр сияқты метеорологиялық мүмкіндіктерді де қалт жібермеу керек деп есептейді. Себебі жыл сайын Қазақстанның үстімен 400 текше шақырым су (бұлт болып – авт.) өтеді. Оның барлығы Қытай жаққа ұшып кетеді. Ол болса, барлық ғылыми-техникалық әлеуетін салып, жауын-шашынды өз мүддесі үшін пайдаланып жатады. Сондай-ақ сарапшылардың сөзіне сенсек, бүгінде Қазақстан үшін күріш егу тиімсіз. Себебі оған судың мол қоры жұмсалады. Оны өсіргенше, сатып алған арзан болып тұр.
Су үнемдеудің жарқын мысалы
Әлбетте, су тапшылығы келмей тұрып, суды үнемдеу жұмысын бір жолға қойып алған жөн. Мемлекет оны тарифтерді көтеру арқылы шешуді көздеп отыр. Ол да дұрыс шығар. Алайда халық су ресурстары саласындағы бүгінгі мәселелерді біліп, болашақ проблемасын жете түсінетін болса, өзі-ақ суды үнемдеуге кірісетін болады. Иә, ауылдың халқы онсыз да судың қадірін біліп отыр. Бірақ қала халқының суды үнемдеу мәдениеті әлі де төмен. Бір жылда бір-екі рет су болмай қалған кезде, «судың да сұрауы бар» екендігін түсінеді. Дегенмен ертесінде-ақ ұмытып қалады. Оны мойындау қажет.
Нұрмұхаммед ОРАЗБАЙҰЛЫ, ғалым:
– Бір рет конференцияға қатысу үшін Еуропаға барғаным бар. Сонда қонақүйде шетелдік әріптесім екеуміз қондық. Таңертең тұрып, сақалымды алып жатсам, жаңағы әріптесім мазасызданып кетті. Сөйтсем, ол менің суды сарылдатып қойғанымды көріп, қарсылық білдіріп жатыр. Олар бір стақан сумен сақалын алып, тағы бір стақанмен тістерін жуады.
Міне, суды үнемдеу мәдениетінің жарқын мысалы осы болса керек. Бәлкім, біз де осылай үнем шараларын жүргізетін болсақ, су тапшылығы мәселесі туындамас. Сонда кейбір саяси күштердің арам пиғылы да іске аспайды.