Оралда қаңғыбастарға қамқорлық көрсетілді
Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласындағы бейімдеу орталығының қызметкерлері қаладағы қаңғыбастарды есепке алды. Соған орай оларды тамақтандырып, жуындырып және дәрігерлік бақылаудан өткізді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Олардың кейбіреуі орталыққа өздері келсе, көпшілігі жертөле мен жылу трассалары бойынан полицейлердің күшімен жеткізілді. Алдымен олардың шаштары мен сақал-мұрттары ретке келтірілді. Сондай-ақ, үйсіздерге іш киімдер мен көйлек, шалбарлар және қырынатын ұстаралар берілді. Бұдан соң оларға жуынуға мүмкіндік жасалды. Әрқайсына жеке тұтынатын сабын мен орамал ұсынылды.
Сонымен қатар, барлығы дәрігер кабинеті болды. Мұнда олардан ВИЧ инфекциясына қарсы анализдер алынды. Бұдан соң бейімдеу орталығының қызметкерлері қаңғыбастарға арнап, құнары мол түскілік тамақ ұйымдастырды.
«Біз мұндай іс-шараны 2 айда бір мәрте өткізіп тұрамыз. Бұл жөнінде ішкі істер департаментімен келісіміміз бар. Сондықтан олар бізге тұрақты мекен жайы жоқ жандарды жеткізіп беруге көмектеседі», – дейді бейімдеу орталығының директоры Рашид Өтешов.
Сөз соңында Орал қалалық бейімдеу орталығын ұстап тұру үшін биыл жергілікті бюджеттен 35 миллион теңге бөлінгенін айта кетейік.