Ор қазып, банк тонамақ болды
Астанада бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген ұрлық бола жаздады. Оңай жолмен ақша табуды мақсат тұтқан әпенділер еліміздегі банктердің біріне жер астынан тоннель қазып кірмек болған. Сөйтіп, тонаушылар мүйізі қарағайдай қаржы ұясы «Цеснабанктің» астаналық филиалын сан соқтырмақ екен.
Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция комитетінің төрағасы Сұлтан Құсетовтың айтуынша, тонауға әрекет жасағандар банк ғимаратына дейін үңгір қазған.
Деректер көзіне сүйенсек, қылмысқа олар алдын ала дайындалған сыңайлы. Қазу жұмыстары 1 айға жуық жүргізілген. Қазылған ордың ұзындығы 75 метр. Ескі, қараусыз қалған гараждардан бері қарай қазылыпты. Банк қызметкерінің бірі линолеум төсемесімен жабылған жерге аяғын сұғып алып, едендегі ойықты байқап, полицияға хабар берген.