Өңірлердегі қысқы туризмнің жайы қалай?
Елімізде қысқы туризмді дамыту үшін жағдай жасалуда, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат агенттігі.
Мысалы Алматы облысындағы "Апорт", "Ой-Қарағай","Ақтас", "Ақбұлақ" тау шаңғысы курорттарының аумағын үлкейту, "Түрген" тау шаңғысы курорты мен "Park Canyon"туристік ойын-сауық кешенін салу бойынша басталған инвестициялық жобалардан байқауға болады.
Ақмола облысында қысқы демалысты жандандыру үшін инвестиция көлемі шамамен 300 млрд теңгені құрады. Бұл қаражаттың 70 пайызы жеке компанияларға тиесілі. Пайда әкеле бастаған бастамалардың бірі Сарқан ауданындағы "Теректі" тау шаңғысы базасы болды. Қазір бұл аймақта қысқы демалыс қызу жүріп жатыр. 2018 жылы ашылған шаңғы базасы Тау спортының әуесқойлары үшін сүйікті орынға айналды.
ШҚО-да қысқы туризмді дамыту мақсатында бірнеше іс-шаралар жүргізілуде.
Шығыс Қазақстан облысы туризм және сыртқы байланыстар басқармасының мәліметінше, облыста қысқы туризмді дамыту үшін көптеген мүмкіндіктер бар. Себебі облыстағы қар жамылғысы ел бойынша ең ұзақ әрі қысқы туристік маусым 6 айға дейін созылады.
Қазіргі таңда өңірде тау шаңғысы туризмі өте жоғары деңгейде дамуда. Шаңғы және сноуборд әуесқойлары үшін әртүрлі қиындық санатындағы беткейлері бар көптеген курорттар бар. Олар тәжірибелі шаңғышыларға, сноубордшыларға да, әуесқойларға да ыңғайлы.
Қысқы туризм облыстың басқа аудандарда да жақсы қарқынмен дамуда. Зайсан ауданында "Айка" шаруа қожалығы аңшылық турларды ұйымдастырумен қатар жыл бойы сауықтыру және емдік қызметтерін көрсетеді.
2021 жылы Катонқарағайда "Qaton Qaragai Resort" пантотерапиялық орталығы салынды. Ол сондай-ақ қыс айларында үздіксіз жұмыс істейді. Сонымен қатар, туристер бұл кешенде шаңғы тебуге, атқа мінуге және сырғанауға болады.
Басқарма мәліметінше, жыл сайын қысқы туризм бойынша арнайы нұсқаулық дайындалады. Осылайша, келушілер демалыс орындарын таңдай алады, оған қалай жетуге болатынын біле алады және басқа да қызықты ақпаратпен танысады. Өңірге демалушылар санын көбейту үшін қыс мезгілінде арнайы бейнероликтер түсіріліп, ғаламторға жарияланады.