Өнеркәсіптік дизайн неге мешеу қалып отыр?
Мемлекеттің қаржысы қасықтап емес, күректеп құйылып жатқан жеңіл өнеркәсіптегі кәсіпорындар «спецовка» тігіп отыр. Жеңіл өнеркәсіп дегенде бетіміз бүлк етпей, ұялмай-қызармай сол спецовкаларды көрмеге шығарып келеміз. Қашанға дейін? Оқалы шапан, бүрмелі көйлек, кестелі орамал, құндыз бөрік, алтынмен апталған, күміспен күптелген ат-әбзелін жасаған қазақтың маңдайына ХХІ ғасырда не дизайн жоқ, не эстетика, көркемдік жоқ «спецовка» ғана тігуді жазып қойған ба нарық?
Тырбанып-тырмысып жүріп, мемлекет, үкімет болып жабыла ашқан, елдің иығын бүтіндейді деген жеңіл өнеркәсіп Үкіметтің де, жұрттың да үмітін ақтамай жүр. Бұл саладағы кәсіпорындар қалың бұқара тұтына қоятын әзірге жібі түзу киім-кешек шығарып көрмепті. Өндіріс, немесе қандай да бір қоғамдық қызмет саласына арналған «спецовкалар» мен «формалар» тігуден әріге аса алмай келеді. Ал мұнымен елде жеңіл өнеркәсіп даму үстінде деу – қаншалықты қисынды? Қысқа жіптің байлауға келгенімен, күрмеуге келмейтіні сияқты дүние. Өзімізді алдаусыратуға жарар. Бірақ нақты сан мен сапаға сүйенген экономикаға емес.
Өнеркәсіп палатасының деректері: жеңіл өнеркәсіп саласында 2012 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 2819,7 млн теңге сомаға 23 жоба қолдау тапты. «Жаңа бизнес – бастамаларды қолдау» бірінші бағыты бойынша 814,7 млн теңге сомаға 19 жоба, «Кәсіпкерлердің валюталық қатерлерін төмендету» үшінші бағыты бойынша 2004,9 млн теңге сомаға 4 жоба қолдауға ие.
«Өнімділік – 2020» бағдарламасы шеңберінде арнайы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін лизинг мәні 150 млн теңгеден 75 млн теңгеге дейін, яғни екі есеге төмендетілгенін және айтады. Дәл осы құзырлы орын бүйдейді... Жұмыс істеп тұрған ірі орта тоқыма кәсіпорындардың және өңірлердің саны 68-ді құрады, тоқыма бұйымдар өндірісі – 34, киім өндірісі – 27, былғары және оған жататын өнімдер өндірісінде жетеу дейді. Көз қуанатындай-ақ статистика. Бірақ одан қарапайым халыққа қажетті тауар шықпайды. Ең өкініштісі – сол. Себебі олар шығаратын киім-кешекті қатардағы қазақстандық ұялмай көшеге, жұмысқа, қонаққа киіп бара алмайды. Оның дизайндық сапасы сын көтермейді.
Үстімізге «спецовка», аяғымызға «резеңке етік» киеміз бе?
Жаңылмасақ, елдің ішкі нарығында халық тұтынатын тауарлардың 30 әлде, 40 пайызы сырттан келсе, ол сол елдің экономикасына қауіп дегенін естіген едік экономистерден. Ал бізде дәл осы күні жұрттың иығы мен тізесін жапқан тауардың 80 пайызы сырттан келеді. Боямасыз, бүгінгі нақты жағдайға сүйенсек, жеңіл өнеркәсіп деп аузымызды толтырып айтатын кәсіпорындар өздері алып жүре алмайтын шоқпарды беліне байлап алған. Тұралап қалған жеңіл өнеркәсіпті қалайша сақтап қаламыз деген шақта арнаулы киім тігумен ғана айналысатын жылт еткен кәсіпорынның көпшілігі дерлік мемлекеттен қолдау тапты.
Жеңіл өнеркәсіпті дамытуға баланысты 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама да қабылданды. Содан бері аттай үш жыл өтті. 2014 жыл да қыр астында тұр. Сонда төрт жылдан бері бір отандық көйлек кимеппіз.
Өйткені, өкінішке қарай, жеңіл өнеркәсіптегінің барлығы сол арнаулы киім тігуден әріге бармады. Яғни мемлекет артқан сенімнен шықпады. Белгілі бір өндіріс орнының, я қызметтің тапсырысын алып, содан аз-маз тиын-тебен тапқанына мәз. Бұл саладағы өнеркәсіптің барлығы дерлік осындай бір-бір «майшелпек» тауып алған. Олай етпей ше? Арнаулы киім тігу үшін өнеркәсіптік дизайнның қажеті аз.
Жалпы, елдегі жеңіл өнеркәсіптің өркені өспей келе жатқаны да осыдан. Өнеркәсіптік дизайнның жоқтығынан. Қазіргі жеңіл өнеркәсіптің жүгін көтерген болып жүрген кәсіпорындарда өнеркәсіптік дизайн жоқ. Дамымаған мүлдем. Сондықтан да «спецовка» тігуден аспаймыз. Киім тіксе, қап секілді. Етік тігілсе, ебедейсіз. Мұны мамандар бұдан бұрын да айтқан болатын. Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіптің қанат жаймауының сыры – дизайн сапасының өте төмендігі. Алайда одан беріде оңалған жағдай жоқ.
Өнеркәсіптік дизайнсыз өнеркәсіптің жолы ауыр
Мұны өнеркәсібінің «тісі шығып», «еңбегі қатқан» Ресейдің өзі айтып отыр. Соған лайық шешім іздеп те жатыр. Тұжырымдама да жасалды. Біздегі секілді жеңіл өнеркәсібі бір жаққа, халқы екінші жаққа қарап отырмаса да...
Өнеркәсіптік дизайн – дизайнның өнеркәсіп өндіретін бұйымдардың сапасын, нақтырақ айтқанда, олардың құрылымдық және сыртқы ерекшеліктерін айғақтауды мақсат тұтатын көркемдік-техникалық қызмет. Өнеркәсіпке мұнсыз даму жоқ. Сондықтан да сөз еткен жеңіл өнеркәсіптің ажырамас бөлігі болуы тиісті. Өнеркәсіптік дизайн – өнердің, маркетинг, технология элементтерін өзінде тоғыстыра білген ерекше қызмет түрі. Өнеркәсіптік дизайн нысандардың кең ауқымын қамтиды. Үйдегі ұсақ-түйектен бастап, жоғарғы технологияға дейін. Сондықтан да дамыған елдер арасында ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін факторлардың арасында өнеркәсіптік дизайн жетекші рөл иеленеді. Сондай-ақ ол өнеркәсіптің және өнімді жетілдіре түсудің ажырамас бөлігі болып табылады.
Әлемдік тәжірибе не дейді?
Әлемдік тәжірибе өнеркәсіптердің өнеркәсіптік дизайнды дамытуға құлықсыздығын – бұқара талғамының төмендігімен тікелей байланыстырады. Себебі бүгінгі талғамсыз тұтынушы арзан зат іздейді. Ал оған тауарының сыртқы келбеті аса маңызды емес. Ал қалтасы қалыңдар батыстың брендтік киімдерін киеді. Сонда халықтың талғамын жақсартып, өнеркәсіптеріміздің дизайнға бет бұруы үшін не істеуіміз қажет? Жеңіл өнеркәсіптегі кәсіпорындар жаппай шығарып жатқан «спецовка» мен кезрі, я резеңке етік қазақтың ұлттық киімі емес еді ғой...
Халықтың талғамсыздығын жою үшін, қоғамдық талғамды қалыптастыру үшін дамыған елдер ежелден-ақ арнайы дизайнерлік орталықтар құрып тастап, соның ендігі жемісін көріп отыр. Қоғамның талғамын қалыптастыру мақсатында сонау соғыс кезінде Англияда 1944 жылы Design Council ұйымы құрылды. Бұл идея сауда министрі Хью Далтондыкы. Мақсат – жалғыз-ақ. Отандық тауарларды және британдықтардың өмірін жақсарту. Соның нәтижесі – бұл күнде Ұлыбританияда 232 мың дизайнер бар. Ал дизайн-индустрияның жиынтық кірісі – 15 млрд фунт (30 млдр АҚШ доллары). Шведтің дизайн бойынша тұңғыш ұлттық ұйымы Svensk Form 1845 жылы құрылған. Бүгінде ол елде 12 мың дизайн компания сырт елге шекесінен қарайды. Norwegian Design Council (NDC) 1963 жылы, Испанияда өнеркәсіптік дизайн қауымдастығы 1960 жылы пайда болған. Тізімнің соңындағы Сеулдің дизайн орталығы дегеннің өзінде, оның да бюджеті 1,5 млрд АҚШ доллары көлемінде.
Қазақстанға өнеркәсіптік дизайн неге өгей?
Шетелдік зерттеулер елдегі дизайнның дамуы жергілікті компаниялар халықаралық нарыққа шыққанда және әлемдік бәсекелестік күреске түскен сәтте ғана басталады дейді. Мұндай жағдай Англияда да, Испанияда да, Оңтүстік Кореяда да болған. Яғни жалпақ тілмен айтқанда, біздің жеңіл өнеркәсіптер шетелдік бәсекелестікке түспейінше, олар сол баяғы сарынынан жаңылмайды.
Өнеркәсіптік дизайнға не тұсау? Өнеркәсіппен жоғары білім беретін оқу орындарында қарым-қатынас жоқ. Жоғары білікті мамандардың жоқтығы, өндірісте өнеркәсіптік дизайнның дұрыс бағаланбауы, кәсіпорындардың өз өндірістерінде өнеркәсіптік дизайнды дамытуға мүдделі еместігі. Көпшілігінде дизайн мамандығын алып шыққан мамандар өздерінің орнын таппай сандалып жүреді. Өйткені өндіріс бұларға әлі мұқтаж емес. Сол баяғы қалыптағы киім-кешегін, бәтеңкесін, тауарын өндіруден арылған жоқ. Мұқтаждық туындаса, шетелдік дизайнерлерді тартуда. Әсіресе сәулет өнерінде.
Ал дизайн-индустрия – тілін тапса, елдің экономикасына елеулі үлес қосатын сала. Обалы нешік, бірақ елеусіз, ескерусіз қалып жатыр.
Алмас ОРДАБАЕВ, ҚР Дизайнерлер одағының вице-президенті, Қазақстанның құрметті сәулетшісі:
– Қазақстанда өнеркәсіптік дизайн ақсап тұр. Осының салдарынан отандық жеңіл өнеркәсіп өнімдері әлемдік бәсекеге қабілетті бола алмай отыр. Мұны шешу үшін арнайы дизайн-студияларын ашуымыз керек. Мамандарды жаңа бағытта дайындау ісі қолға алынуы тиіс. Өйткені өнеркәсіп дизайны – тек өнімнің сыртқы әрленуі ғана емес, ол – оның маркасы, орамасы, тіпті компанияның брендін де қамтуы керек. Дегенмен бізде бұл салаға әлі көңіл бөлінбей келеді. Мәселен, Ресейде өнеркәсіп дизайнын дамытуға арналған арнайы тұжырымдама қабылданған. Ал бізде шешілмеген мәселе көп. Білікті дизайнерлердің тапшылығы, ең алдымен, еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алып шығатын мамандардың санына ғана емес, сапасына да байланысты. Өйткені өндіруші зауыт-фабрикалар мен студенттердің арасында ешқандай байланыс жоқ, яғни алған білімін іс жүзінде пайдалана алмаған студенттен ертең тәжірибесіз маман шығады. Тағы бір айта кетер жайт, біздің дизайнерлер заманға сай келмейтін ескі жүйемен оқытылады. Бұл да саланың дамуына үлкен кедергі келтіріп отыр. Біздегі жоғары оқу орындар дизайнерлерді тек теориялық жағынан дайындайды, ал тәжірибелік қор мүлдем аз. Көптеген зауыт-фабрика дизайнерлерді жұмысқа алып, жұмыстарын жетілдіргісі келмейді. Негізі, білікті мамандарды дайындауға өндіруші компаниялардың өздері мүдделі болып, студенттерге тәжірибе жинауға көмек жасауы керек. Шетелдерде қолданылатын осы әдісті неге Қазақстанда енгізбеске? Алайда айтыла-айтыла жауыр болған мәселе мемлекет деңгейінде шешілсе ғана іс нәтижелі болады.