Ұлтымыздың ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін еліміздің әр өңірінде азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Кеше Ақордада Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы тұлғалардың бір шоғырына жоғары марапаттарын табыс етті.
Ерлікке пара-пар еселі еңбегі еленгендер арасында мәдениет, ғылым, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті қайраткерлері, өндіріс, бизнес саласының беделді өкілдері, сондай-ақ құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері бар.
– Құрметті қазақстандықтар! Алдымен баршаңызды алдағы Тәуелсіздіктің мерейлі 24 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – қазақ елінің атын жаһанға жариялаған, бар игілігіміздің бастауы болған мәртебелі мереке. Бәріміз үшін ұлы қуаныш күні! Тәуелсіздік – әрқайсымыздың ешуақытта ештеңеге айырбастауға болмайтын ең жоғарғы, мәртебелі құндылығымыз, – деді салтанатты рәсімді ашқан Мемлекет басшысы.
Н.Назарбаев Ақорда төріне жиылған барлық марапатталушылар үшін бұл атаулы күн – «ерекше мерейлі сәт» ретінде есте қалатынын білдірді.
– Қуаныштарыңыз құтты болсын! Біз Азаттықтың арқасында ел ретінде еңсе тіктеп, мемлекеттілік тұғырымызды бекіттік. Бұған бүгінгі марапат иелерінің әрқайсысының қосқан үлесі зор. Сіздер өнегелі істеріңізбен көпке үлгі болып, ел құрметіне бөленіп келесіздер. Өз саласында ерекше жетістіктерге жеткен азаматтарды ең жоғарғы наградаларға лайық деп санаймыз! – деді ол.
Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл Қазақстан бойынша мыңдаған адамның марапатқа ие болғанын хабарлады: осы күні оларға атақтары мен ордендерін Президент атынан жергілікті жерлерде әкімдер мен министрлер тапсырды.
Сөзін әрі сабақтаған Қазақстан Көшбасшысы осы 24 жыл ішінде, яғни тарих үшін қас қағым, тас түсім уақытта тындырылған ірі істер мен жасалған ұлы қадамдар арқасында Қазақстанның үлкен даму жолынан өткенін атап көрсетті:
– Біз мемлекеттілігімізді орнықтырдық. Экономиканы дамыттық. Жаңа қазақстандықтарды тәрбиелеп шығардық. Бүгінде біздің жастарымыз шетелдің озық оқу орындарында білім алуда. Өңірлерде көрігі қызған өндіріс орындарында еңбеккерлер тынбай жұмыс жасауда. Биылғы жылы біздің үшінші ғарышкеріміз ғарышқа барып, аман оралды. Қазақстан ДСҰ-ға мүше болды. Қазіргі барлық экономикалық қиындықтарға қарамастан, біз көп нәрсеге қол жеткіздік деп ойлаймын. Және осы табыста барша қазақстандықтардың үлесі бар! – деп назар аудартты Елбасы.
Президент елімізді экономикалық дамытудағы және өндірістік қызметтегі аса үздік жетістіктері үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын үш адамға берді. «Биыл осы атақпен «Восточный» разрезінің механигі Р.Әміреновтің еңбегі атап өтіліп отыр. Ұзақ жыл кен өндірісінде жұмыс жасаған ол өз кәсібінің үздік маманы ретінде құрметке ие болды. Екібастұзда талай жылдан бері еңбек етіп, жетістікке жетіп келеді. Балалары да оның жолын қуған, шахтерлардың тұтас әулетіне айналды. Біз өз елімізді – «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» деп атаймыз. Демек, Еңбек адамы жоғары баға алуға тиіс» деді Н.Назарбаев.
Тараз қаласының «Қазфосфат» кәсіпорнының бас директоры М.Искандиров те осы биік марапатқа қол жеткізіп отыр. «Мен оны жеке білемін. Оның бүкіл қызметі фосфорлық өнеркәсіппен тығыз байланысты. Бұл салаға өмірінің 30 жылдан астам уақытын берген. Ол өңірде біздің фосфорлық қорларымызға сүйенген ірі өнеркәсіп құрылуда. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығының дамуына ықпалын тигізеді» деді Мемлекет басшысы.
Президент «Еңбек Ері» атағын иеленген Қостанай облысының «Алтынсарино» ЖШС-ның басшысы Б.Князевпен де «бұрыннан бері таныс» екенін жеткізді: «Ол 40 жылдан астам уақыттан бері аграрлық салада тер төгіп келеді. Еліміздегі ең прогрессивті шаруашылықтардың бірін басқарады. Өз ұжымына үлкен қамқорлықпен қарайды. Ауылды абаттандыруда. Оның ісі тек облысқа ғана емес, республикаға үлгі деген ойдамын».
Нұрсұлтан Назарбаев «Отан» орденімен белгілі әнші, композитор Ескендір Хасанғалиевті марапаттайтынын хабарлады: «Оның әндері халықтың рухын көтереді. Бүгінгі ұрпақты отансүйгіштікке баулиды. Бәріміз оны білеміз!»
«Парасат» ордені «Назарбаев университетінің» президенті, жапон халқының зияткер өкілі Шигео Катсуға берілді: «Ол бірқатар мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеуге елеулі үлес қосты. Бізге эксперт ретінде көмектесті. Оның басшылығымен «Назарбаев университеті» халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орнына айналды» деп жоғары бағалады Қазақстан Көшбасшысы.
Елбасы ІІ дәрежелі «Достық» орденіне «Корё» Жамбыл облысының корейлер қауымдастығының президенті Л.Кан ие болғанын айтты: «Кан басқаратын этномәдени бірлестік этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға үлкен үлес қосты. Ол Қазақстан халқы ассамблеясының жұмысына белсенді қатысады. Ал биылғы жылы ассамблеяның 20 жылдығы атап өтілді».
– Дана халқымыздың «еңбек пен бақыт егіз» деген нақыл сөзі бар. Қазақстанда қалыптасқан Еңбек қоғамының бүгінгі бейнесі осыған дәлел. Сондықтан биыл алғаш рет «Еңбек даңқы» деген орденді тағайындап, оны тек қана еңбек адамдарына тапсырып отырмыз. Бұл орденнің ІІІ дәрежесі бар, соның барлығын алған адам «Еңбек Еріне» теңеледі! Орденмен Атыраудағы Каспий құбыры консорциумының операторы Е.Жұмағалиев, Теміртаудан металлург М.Ибраев, аға шопан К.Сейтенбекова марапатталады, – деді Н.Назарбаев.
Президент «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденін Президент Әкімшілігінің басшысы Н.Нығматулинге және Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевқа, І дәрежелі «Барыс» орденін Мәжіліс төрағасы Қ.Жақыповқа, ІІ дәрежелі «Барыс» орденін Л.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Е.Сыдықовқа өз қолымен тапсырды.
Бір топ белгілі ғалымдар мен мәдениет, білім қайраткерлері, өндірістік сала өкілдерінің еңбегі «Парасат» орденімен атап өтілді, олардың арасында әнші Н.Абдулин, артис Л.Кәден, академик Ө.Мәдиев және басқалары бар.
Бұған қоса, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да материалдық өндіріс салаларының 52 жұмысшысы «Еңбек даңқы» орденінің алғашқы иегерлері атанды.
«Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы ғылым, мәдениет және әлеуметтік саланың 50 көрнекті өкіліне берілді. Қазақстанның Құрмет грамотасымен 326 адам наградталды.
Салтанат соңында Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарға қайырылды:
– Өмірде барлығы да еңбекпен келеді. Еңбек адамдары баршаға үлгі болсын. Еліміздегі барлық салаларда еңбек етіп жатқан азаматтар экономикалық қуатты құруда, ал бұл – барлық істің тұғыр-базисі. Әлеуметтік сала да, қорғаныс та, ішкі қауіпсіздік те – бәрі-бәрі экономика негізінде қалыптасады. Келе жатқан мерекелер құтты болсын! Барлықтарыңыз табыстан табысқа жете беріңіздер. Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық тілеймін! – деп қорытты сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.