Олимпиадалық триумфтың үш жолы
XXX жазғы Олимпиада ойындарында қазақтың көк байрағы көтерілген сәтті қазақстандықтар ешқашан ұмытпайды. Алтыннан алқа тағып, Әнұранымызды шырқатқан чемпиондардың қуанышты жүзі, көз жасы, өзге ұлт өкілі болса да, Қазақстанның Туына бас иіп, алғыс айтуы олардың қазақ жеріне деген ізгі ниетін, ыстық сезімін көрсетті. Қазақ, орыс, дүнген, татар – барлығы бір жұдырықтай жұмылып, намысты қолдан бермеуге тырысты. Тәуелсіз Туымыздың жоғарыдан көрінуін тіледі. Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында толағай жеңіспен оралған Мемлекеттік Туды Олимпиада жүлдегерлері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа табыстады.
Бұл жерде оларды ұлықтау рәсімі өтті.
Бұған дейін төрт қап-қара «Линкольн» кабриолетін мінген Олимпиада жүлдегерлері Астана көшелерін аралап шықты. Қаланың сол жағалауынан басталған көшті халық зор қуанышпен қарсы алды. Алдағы кабриолетте – алтынмен апталған үш толағаймыз Серік Сәпиев, Илья Ильин және Александр Винокуров. Олардан кейін – төрт батыр қызымыз Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова және Ольга Рыпакова, ал соңғы екі машинада күміспен күптелген Әділбек Ниязымбетов, сондай-ақ қола медаль таққан Даниял Гаджиев, Гюзель Манюрова, Марина Вольнова, Ақжүрек Таңатаров және Иван Дычко тұрып-тұрып, қол бұлғап, медальдарын жарқыратып жатты. Тәуелсіздік сарайына жеткен картежді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қарсы алды.
Қазақстандық жеңістің «құпиясы»
«Екі апта бойы барша Қазақстан халқы ұлы аламанға үкілеп шығарып салған үміткерлердің тілеуін тілеп, жанкүйер болды. Алыс сапарға, жауапты жарысқа елдің батасын алып аттанған ұл-қыздарымыз үмітімізді ақтады. Қазақстан спортшылары ел тарихында бұрын-соңды болмаған табысқа қол жеткізді. Лондон төрінде Қазақ елінің көк байрағы жеті мәрте әлемнің барлық туынан биік көтерілді.Отанымыздың Әнұраны жеті рет Лондон көгінде әуеледі. Спортшылар Олимпиаданың алғашқы күнінен бастап соңғы сәттерге дейін қоржынға медаль салумен болды. Құрметті қазақстандықтар, кірпік қақпай теледидарға телміріп, тілекші болған миллиондаған қазақстандықтың ықыласы әрбір спортшыға қанат бітірді.
Мансұр ХАМИТ (фото)
Осылайша, барша Қазақстанның мерейі үстем болды», – деп бастады өз сөзін Н.Әбішұлы. Осыдан кейін Президент XXX жазғы Олимпиада ойындарындағы Қазақстанның рекордтық жеңісіне тоқталып, оның «құпиясын» ашып берді. «Биылғы олимпиадалық триумфтың үш жолы бар. Бірінші – мемлекеттің денешынықтыру және спортты қолдауы. 2006 жылдан бастап осы салаға бөлінетін қаражаттың көлемі үш есе артты. Биылдың өзінде 10 млрд теңгеге жуық қаржы шығарылып отыр. Республика бойынша 33 мыңнан астам спорттық нысан салынып, 70 мыңдай секция ашылды. Бүгінде спортпен айналысатын халықтың жалпы саны 3 миллионнан асып жығылады.
Екінші, ол – әрбір спортшының дарыны, оның жеңіске деген құлшынысы, сондай-ақ бапкерлердің кәсіби шеберлігі. Олимпиада кезінде біз аса тартысты додаларға куә болдық. Қазақстанның атынан шыққан әрбір спортшының жеңіске лайық екендігін көрдік», – деген сөзбен Н.Назарбаев әрбір спортшының жеке қабілет-дарынын ерекше атап өтті. Осы кезде Олимпиада жүлдегерлері көз жасын жасыра алмады. «Ал қазақстандық жеңістің үшінші жолы – этносаралық достық, халықтың бірлігі. Байқап қараңызшы, біздің командамыз Қазақстан халқы спорттық ассамблеясы іспетті. Олимпиада жүлдегерлері ішінде алты ұлттың өкілі бар. Олардың бәрі бір отбасы болып, жарыс жолына шықты. Шыны керек, спортшыларымыздың жеңісі бәрімізді біріктіре түсті. Ортақ үйіміз – Қазақстанда тұрып жатқан барша ұлттардың бауырластығын, патриоттық рухын асқақтатты», – деді Елбасы. Осы орайда Н.Назарбаев спортпен жаппай айналысу мәдениетін барынша дамыту қажеттігін жеткізді. «Қазақстанда кеңінен танымал 20 олимпиадашы республиканың 14 облысынан шығып отыр. Ал енді қараңызшы, егер әрбір 16 облыс бізге бір-бір алтын медаль иегерін тәрбиелеп берсе, оның өз жетіп тұрған жоқ па?» – деп ағынан жарылды Президент.
Қазақстан спорттық державаға айналды
Салтанатты шара барысында Мемлекет басшысы спортшылардың ата-аналарына өз ризашылығын білдіріп, Олимпиада жүлдегерлеріне бірқатар мемлекеттік наградаларды табыстады. Президент Қазақстан құрамасының капитаны, былғары қолғап шебері Серік Сәпиев, велошабандоз Александр Винокуров және ауыр атлет Илья Ильиннің кеудесіне Отан орденін тақты. Зілтеміршілер Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова және жеңіл атлет Ольга Рыпакова ІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталса, палуан Даниял Гаджиев, боксшылар Әділбек Ниязымбетов, Иван Дычко, Марина Вольнова, палуан қызымыз Гөзел Манюрова және еркін күрес шебері Ақжүрек Таңатаров Құрмет орденіне ие болды. Ал Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Талғат Ермегияевқа Парасат ордені табыс етілді. «Осыдан төрт жыл бұрын Бейжіңде өткен Олимпиадамен салыстырғанда, бұл жолы Қазақстанның «алтыны» үш есе көбейді. Бейжіңде біз 29-шы орында болдық. Ал Лондонда бірден 12-ші сатыға секіріп, таңғаларлық нәтижеге қол жеткіздік. Осылайша, Қазақстан 205 ұлттық команданың ішінде жетекші спорттық державаға айналды. Бұл – барша халқымыздың толағай табысы. Енді осы межені ұстап қалу қажет», – деді Н.Назарбаев.
Серік СӘПИЕВ, XXX жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы, Вэл Баркер кубогы мен Отан орденінің иегері:
– Осыдан төрт жыл бұрын Бейжің Олимпиадасының жүлдегерлерін ұлықтау кезінде мен шетте тұрсам да, Сіз мені шақырып алып: «Серік, уайымдама! Бәрі дұрыс болады. Бұл – спорт», – деген едіңіз. Бұл сөздер маған күш-жігер берді. Мен өз мақсатыма жетуге бел будым. Міне, бүгін мен Олимпиада чемпиондары қатарында тұрмын (көзіне жас алды). Біздің жеңісіміз – елдің жеңісі. Жеңіспен оралған Мемлекеттік Туды тапсыруға рұқсат етіңіз!
Илья ИЛЬИН, әлемдік рекордты жаңартқан Олимпиаданың екі дүркін чемпионы, Отан орденінің иегері:
– Ең алдымен барша Қазақстан халқын осы ортақ жеңіспен құттықтаймын. Лондонда жасағанымызды ұмыту қиын. Онымен біз өзіміз үшін жоғары межені бекіттік. Әрине, Рио Олимпиадасына барынша дайындалатын боламыз. Мен қатты қобалжып тұрмын. Өз өмірімде Нұрсұлтан Әбішұлы сияқты адамның барына қуанамын. Ол – қиын кезде көмектесе білген нағыз азамат. Риода мен үшінші алтын медаль аламын. Оған 99,9 пайыз кепілдік беремін.
Марина ВОЛЬНОВА, Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері:
– Олимпиадаға кетер алдында біз жеңіспен ораламыз деп уәде берген едік. Сол сенімді ақтадық деп ойлаймын. Сізді, Нұрсұлтан Әбішұлы, ешқашан ұятқа қалдырмаймыз. Рақмет Сізге! (осы сөзді М.Вольнова еш мүдірмей таза қазақ тілінде айтты).
Александр ВИНОКУРОВ, Лондон Олимпиадасының алтын медаль иегері:
– Сиднейде алған күмістен кейін араға 12 жыл салып мен Олимпиада алтынына қол жеткізіп отырмын. Бұл түсіме кірмеген ой-арманым еді. Осы арманыма жеткеніме шексіз бақыттымын. Өзім кеше ғана Еуропадан келдім. Ол жақта бәрі Қазақстан туралы айтып, біздің Швейцария сияқты дамыған мемлекеттерді артқа тастағанымызға таңғалып жүр.