Елорда әкімі Алтай Көлгінов тұрғын үй сертификатын алатын адамдардың санаты кеңейтілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бұрын тізімде толық емес, көпбалалы және мүгедек бала асырап отырған отбасылар болса, қазір тізімге тұрмысы төмен адамдар санатының бәрін қосамыз. Оның ішінде жетім балалар да қамтылады", - деп жазды Көлгінов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оның айтуынша, тұрғын үй сертификатын алатын адамдардың санаты кеңейту мәселесі мәслихаттың алдағы сессиясына шығарылады. Сол жерде тиісті құжат қабылданады деген жоспар бар.
"Құқықтық-нормативтік процедуралар аяқталған соң, сертификат алушылар санатының жаңа тізімін бекітеміз. Тұрғын үй сертификатының мөлшері – 1 миллион теңге. Оларды "Шаңырақ" (5-10-20) жобасына қолдануға да болады", - деп атап көрсетті Көлгінов.
Осылайша, бұған дейінгі тізімге басқа санаттар да кіретін болатын. Олар:
- жетім балалар;
- I және II топ мүгедектері;
- зейнеткерлер;
- ҰОС ардагерлері және соларға теңестірілгендер;
- мемлекеттік, қоғамдық немесе әскери тапсырма орындау кезінде қаза болғандардың отбасылары;
- экологиялық апат кезінде, табиғи немесе техногендік ТЖ кезінде баспанасынан айырылғандар;
- бөтен елдердің аумағында ұрысқа қатысқандар;
- "Алтын алқа", "Күміс алқа" иегері немесе ертеде "Батыр ана" атағын алған көпбалалы аналар;
- I және II дәрежелі "Ана даңқы" орденімен марапатталғандар.