Наурыз айынан бастап Инвестиция және даму министрлігі ұялы байланыс операторларымен бірігіп нөмірлерді ауыстыру қызметін тестілеуді бастайды.
Бұл туралы Инвестиция және даму вице-министрі Асқар Жұмағалиев мәлім етті.
"Қазір операторлар нөмірді ауыстыру бойынша қызметті енгізу үшін өз желілері мен қондырғыларын дайындау жұмыстарын аяқтағалы жатыр. Біздің тараптан техникалық жұмыстар аяқталғандықтан, осыдан кейін бірден тестілеу шараларын бастаймыз. Мәжіліс қарауында жатқан "Байланыс туралы" Заңға енгізілген түзетулер күшіне енген соң абоненттер қызметті пайдалана алады", - деді Жұмағалиев.
Абоненттің бір оператордан екіншісіне өтуін қамтамасыз ететін механизмді түсіндірген вице-министр аталған қызмет тегін болатынын айтты. Ол үшін қызметін пайдаланғысы келетін операторға тиісті өтініш жазуы керек.
Сондай-ақ ол абонент операторын ауыстырғанда бұрынғы нөмірін, соның ішінде 701, 705, 708 және т.б префикстерін де сақтап қалатынын мәлім етті.
Осылайша, бұл технологияны енгізген соң, телефон нөмірі бойынша оның операторын біле алмайтын боламыз. Асқар Жұмағалиев қызметтің қосылуы операторлар арасындағы бәсекелестікті арттыратынына сенімді.
"Бұл жобаны бастағанда басты мақсатымыз осы болған еді. Оператор оның абоненті кез келген уақытта өзге операторға ауысып кететінін білгендіктен, ол бірінші кезекте өз қызметінің сапасы, жаңа әрі пайдалы тарифті жоспарлар жайлы ойланатын болады", - деді вице-министр.
"Қызмет қосылған өзге елдерді үлгіге алып, операторлар тарифтік жоспарларға көп көңіл бөлетін болады. Олар абоненттеріне пайдалы бағамен белгіленген пакетті сатып алуға, сонымен бірге қызметті пайдалану бойынша көпмерзімдік шарт жасасу талабымен мобильді гаджеттерді үлкен жеңілдікпен сатып алуын ұсынуы мүмкін", - деп есептейді Жұмағалиев.
Министрдің пайымынша, интерконнект мөлшерлемесінің (ставкасының) биыл 8 теңгеге дейін, келесі жылы 5 теңгеге дейін төмендеуі жаңа, әлдеқайда тиімді тарифті жоспарларының пайда болуына септігін тигізеді.
Еске сала кетейік, елбасының мобильді байланыс қызметінің сапасын арттырып, құнын төмендету бойынша тапсырмасы аясында 2013 жылдан MNP қызметін енгізу басталды. Көптеген елдерде, солардың ішінде Ресейде аталған қызмет ақылы. Ал Қазақстанда ол тегін болмақ.
nur.kz