Н.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті: Еуразиялық одақ: идеядан – болашақтың тарихына

Н.НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті: Еуразиялық одақ: идеядан – болашақтың тарихына

Бізді саяси күнтізбеде символикалық тұрғыда қатар орын алған екі айтулы оқиғадан бірнеше апта бөліп тұр.
Біріншісі, бұл – ТМД-ның Алматы Декларациясына қол қойылуының 20 жылдық мерейтойы. Бұл КСРО қиран­дысының орнына Еуразия және бүкіл әлем тарихында бірегей мемлекетаралық бірлестік – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының құрылғанын жария етті.
Екіншісі, 2012 жылдың 1 қаң­тары­нан жаңа жоба – Бірыңғай экономикалық кеңістік құруды жүзеге асыру бастау алады.
Бұлар жаңа тәуелсіз мемлекет­тердің ұлттық мүдделерінің көпжылдық тәжірибелерінің үйлесімді жинақталуымен, еуразиялық интеграцияның оңтайлы үлгісін іздеу және миллиондаған қарапайым адамдардың жаңа үміттерімен табиғи түрде сабақтасып жатыр.

Дезинтеграцияның тұйықталған өларасы
1991 жылдың 21 желтоқсанында Алматыдағы посткеңестік мемлекеттердің басшыларының сам­митінде менің батыл бастамаммен жоғалып бара жатқан супердержаваның хаостық күйреуінің қауіпті процесі тоқтатылды.
Бұл оқиғалардың тікелей қатысушысы ретінде айтып жеткізгісіз драматизмін бүгінге дейін жа­дымда сақтап келемін.
Сол бір тарихи күндер алып келген ауыр сынақ пен қарама-қайшылықтардан уақыттың өзінің белі қайысқандай еді.
Қазақстан мен кеңестік басқа республикалардың көптен күткен Тәуелсіздікке қол жеткізу қуанышы біздің халықтарымыздың үлесіне тиген үлкен тарихи сынақты түйсіну кезеңімен қатарласа тығыз сабақтасып келді.
Бұл кезеңде саяси дағдарыс экономикаға едәуір салмақ түсіріп жіберді. Көз алдымызда бұрынғы бірыңғай шаруашылық механизмінің күл-талқаны шықты. Жекелеген кәсіпорындар ғана емес, тұтастай салалар құлдырап жатты. Көптеген адамдар жұмыссыз, күнкөріске қажетті нәпақасыз қалды.
Қалаларда жарық пен жылудың жоқтығынан пәтерлердің терезелері қап-қара болып үңірейіп тұрды. Осындай сүреңсіз көрініс бұрынғы Одақтың бар­лық аймақтарына тән еді.
КСРО кезеңінің соңғы жылдарында ұлтаралық жанжалдар белең ала бастады.
Барлық посткеңестік елдердің этника­лық және діни негізде бөлшектенуі қанша­лықты шындық болғанын бүгінде ашық айтуға болар. Бұл тұрғыдан келгенде, Югославтық Федерацияның бір мезгілде күйреуі де – нақты мысал.
Мен, әріптестерімнің көпшілігі – жаңа тәуелсіз мемлекеттердің көшбасшылары секілді біздің елдерімізге туысын өлтіретін алауыздыққа, қайыршылықтың түпсіз шыңырауына және әлемдік экономика­ның түкпіріндегі шикізаттық мешеулігіне душар етіп, тарих жиегіне ысырылып қалу ықтималдығына апаратын мұндай апатты жолды сезіндік.
ТМД-ның құрылуына қысқа уақытта, супердержаваның тарихи күйреуінің күрделі кезеңімен бір мезгілде посткеңес­тік кеңістікте жаңа интеграциялық про­цестің басталуы түрткі болды.
Және мен осыдан 20 жыл бұрын қазіргі кезде өмір сүріп отырған ТМД-ны құру туралы дұрыс шешімнің берекелі Қазақстан жерінде қабылданғанын мақтаныш тұта­мын.
Менің өзімнің белсенді қатысуыммен және Алматыдағы есте қаларлық тарихи кездесудің қатысушыларының саяси көрегендігі арқасында Қазақстан бастамасы қабылданды.

1991 жылдың 21 желтоқсанында Алматыдағы посткеңестік мемлекеттердің басшыларының саммитінде менің батыл бастамаммен жоғалып бара жатқан супердержаваның хаостық күйреуінің қауіпті процесі тоқтатылды.

Достастықтың тарихи рөлі
20 жылда ТМД-ның атына өткір сын-пікір аз болған жоқ. Мен де әрқашан Дос­тастықтың дамуынан, әсіресе эконо­микалық интеграция мәселелері бойынша көп нәрсе күткендердің қатарында болдым.
Өйткені елдің тәуелсіздігін нығайту, дағдарысты еңсеру, экономиканы көтеру, адамдардың өмір сүруі деңгейін арттыру үшін аймақтық интеграцияның шынайы мүмкіндіктері туралы жақсы білдім. Өйткені Достастықпен байланыстырған адамдардың Қарағандыда немесе Новосибирскіде, Днепропетровскіде немесе Гроднода, Нөкісте немесе Хорогта, Нахчыванда немесе Марыда, Ошта немесе Бендерда, Батумиде немесе Гюмриде тұратын миллиондаған қарапайым адамдардың Достастықпен байланысты үлкен үмітпен күткенін білдім.
Бұндай мүмкіндікті маған бірегей көпұлтты Қазақстан берді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы барысында, қазақстандықтар­мен кездесуде, Достастықтың барлық елдерінің қарапайым азаматтарының көптеген хаттарынан маған қарапайым адамдарының біздің елдердің, әсіресе экономикадағы өзара қарым-қатынасты сақтауды мақсат етуі күшті дем берді.
ТМД-ның 20 жылдық тарихында бар­лық қатысушы-мемлекеттер үшін тағдырлы шешімдерге дейін барған сәттеріміз де болды.
1993 жылы қыркүйекте экономикалық одақ құру туралы келісімге қол қойылды. Бұл кезең-кезеңмен еркін сауда аймағын, кеден, төлемдік және валюталық одақ құруды және тауарлар, қызмет көрсетулер мен капиталдың жалпы нарығын қалыптастыруды бағдар тұтты. Бірақ бұл уақытта сыртқа тебуші тенденция күшті болып шықты. ТМД-ның барлық көшбасшылары қол қойған еркін сауда аймағы туралы келісімді тек алты мемлекет ратификациялады, дегенмен оның ішінде Ресей де, Украина да, Беларусь та болған жоқ.
1998 жылы мен ТМД мемлекет басшылары кеңесі бойынша барлық әріптестеріме Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы келісім жөніндегі кең көлемді жобамды жолдадым. Бірақ ол сол күйінде жоғары деңгейде қарас­тырылмай қалды.
Объективті және субъективті себеп-салдарларға байланысты ТМД пост­кеңестік кеңістік интеграциясының шешуші құрылы­мы бола алмады. Дегенмен әлем ұлттықтан жоғары тұратын қатаң құрылымсыз көпте­ген өзекті халықаралық қарым-қатынастар мәселесінің өзара шешімін қабылдаудағы және ұстаным­дар­ды жақындатушы мұндай ұйымды көріп-білмеген шығар.
Бұл арада мемлекеттік шекараны бейбіт түрде белгілеуге және олардың тәуелсіздігін нығайтуға әсер еткен мемлекет басшыларының ұдайы кездесуі екенін баса айтқым келеді.
Осы жағынан алғанда, Достастық әріптестік пен өзара іс-әрекет етудің алаңына айналды. Оның шеңберінде президенттердің және үкімет басшыла­рының саммиті үнемі өтіп отырады, 39 салалық мемлекетаралық орган қызмет етеді. Ондағы жұмысқа Латвия, Литва, Эстония және Моңғолияның да белсенді қатысуы – көрнекті құбылыс.
ТМД-ның парламентаралық Ассамблеясы ұлттық деңгейдегі заңнамаларда ұдайы қолданылатын 300-ге тарта модельді заң әзірледі.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісім – барлық мемлекет енбегеніне қарамастан, ол – бүтін ТМД әскери қауіп­сіздігінің арқауы.
Энергетика, көлік, мәдени-гумани­тар­лық салалардағы, шекарааралық қыл­мыс­пен, экстремизммен және лаң­кестікпен күрес жүйесіндегі өзара ықпал­дастық – осының бәрі ТМД-дағы көпжақ­ты өзара іс-қимылдың перспективті ба­ғыты.
Екі онжылдықтың ең маңызды қорытындысы – уақыт өте келе, аймақтық интеграцияның сан форматтағы және әртүрлі жылдамдықтағы нәтижелі сипатына жеткізген Достастық шеңберінде шыңдалған ортақ тәжірибеміз.
Еуразиялық бастама
Бүгіндері КСРО ыдырағаннан кейінгі пайда болған мемлекеттердің жақындасу процесін еуразиялық интеграция деп атау әдетке айналды.
Бұл түсінікті, сарапшылар мен мамандар жиі қолданады, содан да болар ол таяу және алыс шет мемлекеттердің саяси элитасы сөз қорының шектеулі бір бөлігіне айналды.
Қазір Еуразиялық одақты құру туралы идея ешкімді шошытып, таңғалдыр­майды. Сонымен қатар ол туралы ең жоға­ры деңгейде таяу болашақта игері­летін мақсат және нақты интеграциялық жо­ба ретінде айтады.
Ал он жеті жыл бұрын бәрі басқаша еді ғой.
1994 жылы наурызда мен ТМД кеңіс­тігінде жаңа интеграциялық бірлестік ретінде Еуразиялық мемлекеттер одағын құру туралы алғаш ұсыныс айттым.
Бұл идеяны М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің академиялық аудиториясында кездейсоқ мәлімдегенім жоқ. Барлық Достастық елдерінің интеллектуалды элитасы алдына тікелей шығып, ТМД-ның құрылғанына екі жылдан кейін өзектілікке айналған көпжақты интеграциясы процесі мәсе­лесін шешуді ұсындым.
Мен ТМД уақыттың объективті талаптарына жауап бере алмайды, біздің халқымыз қатты қажет етіп отырған мүше-мемлекеттер интеграциясын қамтамасыз етпейді деп ашығын айттым. Сондықтан нақты қағидаларға сүйеніп жұмыс істейтін жаңа мемлекетаралық бірлестік құру қажеттігі өзектілік танытуда.
Маған ХХ ғасырдың бірінші жарты­сын­дағы орыс эмигранттары ортасында пайда болған «еуразиялық мектептің» барлық ізбасарларынан асып түскен ұлы орыс ойшылы Лев Гумилевтің көзқарасы қатты ұнайды. Ол Солтүстік және Орталық Еура­зияның ірі бөлігіндегі халықтың жағрафия­лық және мәдени-тарихи бай­ланыста­рының бірыңғай екендігінің концептуальдық негізін қалады. Астана қа­ласында менің басшылығыммен құ­рыл­ған Еуразиялық ұлттық универси­тет­тің атауы осы ғалымның атымен аталды.
Менің еуразиялық идеяға келуім ХХ және ХХІ ғасырдағы нақты тарихи жағдайларға қарай бөліп қарастырылып, келесі қағидаларға негізделеді.
Біріншіден, мәдени және өркениеттік факторлардың маңыздылығын жоққа шығармай, интеграцияны, ең алдымен, экономикалық прагматизм негізінде құруды ұсынамын.
Абстрактілі геосаяси идеялар мен ұран­дар емес, нақты экономикалық мүдделер – интеграциялық процестердің басты қозғаушы күші.
Сондықтан болашақ Еуразиялық одақтың алғашқы негізін қалауда біздің халқымыздың бірге жемісті дамуының масштабты аймағы – бірыңғай экономи­калық кеңістік.
Екіншіден, мен әрқашан интеграция­ның еркін жүргізілуінің жақтаушысы болып қала беремін. Әр мемлекет пен қоғам жаһандану әлемінде ұдайы өз шекарасында тоңтеріс отыра берудің мәнісі жоқ деген түсінікке өздігінен келуі керек.
Өз жұрты мен елінің мүддесі тұрғы­сындағы ерікті интеграция – гүлденудің ең қысқа жолы.
Үшіншіден, Еуразиялық одақты мен басынан-ақ теңдік, бір-бірінің ішкі ісіне араласпау, егемендікті құрметтеу және мемлекеттік шекараға қол сұқпау секілді қағидаларға негізделген мемлекеттердің бірлестігі ретінде елестетемін.
Төртіншіден, әр мүше-мемлекеттің мүдде­лерін есепке алатын, нақты әрі шынайы құзыры бар пәтуаның негізінде жұ­мыс істейтін Еуразиялық одақтың ұлт­тық­тан жоғары органын құруды ұсынамын. Бірақ бұл ешқандай жағдайда саяси егемендікті өткізіп беру дегенді білдірмейді. Бұл – аксиома. Интеграция бойынша әріп­тестердің теңдігі негізге алынған Еуропалық одақты құрудың жемісті тәжірибесі осындай болатын.
Барлық осы алғышарттар ТМД-ның барлық мемлекет басшысына жолдаған ұсынысымның құжатында жекелей талданған.
Сол кезде мен посткеңестік елдердің барлық жұртшылығынан еуразиялық бастамаға қатысты көптеген оң пікірлерге ие болдым. Бірақ оны саясаткерлер талқылауға дайын болмай шықты.
Мүмкін, бұл заңдылық та шығар. Көптен күткен тәуелсіздікке қол жеткізіп, оған шаттанып, масайрау ләззаты сол кездегі ТМД мемлекеттері басшыларын еуразиялық интеграция идеясының ұзақ мерзімді потенциалын байқауға мүмкін­дік бермеген секілді.
Бұл бастаманың ТМД кеңістігіндегі интеграциялық процестер үшін үлкен серпіліс болғанын байқау мүмкін емес. Кейінгі жылдары Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы, Еуразиялық экономикалық қауымдастық, Қазақстан, Беларусь және Ресейдің Кеден одағы секілді жемісті мемлекетаралық құры­лым­дарды құруда кезеңмен ол өмірімізге ене бастады.

1998 жылы мен ТМД мемлекет басшылары кеңесі бойынша барлық әріптестеріме Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы келісім жөніндегі кең көлемді жобамды жолдадым.

Қарапайым адамдарға қарай қадам
2010 жылы күзде бір топ ресейлік жас тілшілермен кездесуім болды. Біздің әңгімеміз олардың маған алғысынан басталды. Көптеген жылдардан соң алғаш рет олар Қазақстанға шекарадағы кедендік бақылаусыз кірген екен.
Мен бұл сөзді 2007 жылы Кеден одағын құру туралы үшжақты келісімге қол қойған ресейлік әріптесім Владимир Путинге де және осы ин­теграциялық жобаның шынайы болуына жекелей көп тер төккен Дмитрий Медведевке де айту керек деп жауап бердім.
Мен әрдайым Қазақстан мен Ресейді – еуразиялық интеграцияның локомотиві деп есептеймін. Сондай-ақ Кеден одағын құрудағы белорус әріптестерімнің, жекелей Беларусь Президенті Александр Лукашенконың орасан үлесін баса айта кеткім келеді.
Екеуміз орасан жұмысты еңсердік. Үш жылдың ішінде үш елдің Бірыңғай Кеден кодексі қабылданды, ұлттықтан жоғары орган – Кеден одағы комиссиясы құрыл­ды.
Бірыңғай кедендік аумақтан тыс елдермен сауда-саттықтың сәйкестендіріл­ген тарифтерін пайдалану үшін 11 мың­нан астам тауар позициясы нақтылан­ды.
Бүгіннің өзінде Кеден одағын құруда макроэкономика өзіндік нәтижесін беруде.
2011 жылдың бірінші жартысының өзінде үш елдің жалпы тауар айналымы үштен бірге көбейді. Жылдың қорытын­дысы бойынша бұл көрсеткіш 100 млрд доллар деңгейіне жетеді, яғни өткен жылғы көрсеткіштен 13%-ға көп болады деп болжанып отыр. Оның ішінде Қа­зақстан мен Ресей арасындағы шекар­а­лық сауда айналымы көлемі мейлінше қар­қынды өсіп келеді – 40%-дан ар­тық.
Кедендік одақтың толыққанды жұмы­сының алғашқы жылын қорытындылау шешуші көрсеткіштер бойынша оң дамудың мейлінше нақты цифрларын беретініне сенімдімін – ұлттық ЖІӨ-нің өсімі, шетелдік инвестицияны тарту, өнімнің өзіндік құнын төмендету және тағы сол сияқтылар.
Біздің үш елдің экономикалық субъектілерін кедендік тарифтер мен импорт­тық бажға сәйкестендіру кезеңі­мен байланысты белгілі бір қиын­дықтарды көре біл­геніміз сөзсіз. Ұлттық кедендік әкім­шіліктер арасында Кедендік одақ комиссиясының жұмысы­мен әдістемелік жолмен жойылып отыратын кейбір сәйкессіздіктер бар.
Кедендік одақ қазақстандық өнім өндірушілер үшін сату нарығы шекарасын Бресттен Владивостокқа дейін кеңейтті. 2011 жылы біздің Ресейге экспортымыз 60%-ға, Беларуське 2,3 еседен артыққа өсті. Шетелдік валютаның бірыңғай кедендік аумақ ішінде айналуына қатысты шектеулер жойылды. Бұл Ресей мен Беларусь тауар өндірушілері үшін жасалды.
Мұның бәрі, ең алдымен, барлық қазақстандықтар, ресейліктер және белорустар үшін айқын артықшылықтар болды.
1998 жылы мен «Қарапайым адам­дарға арналған 10 қарапайым қадам» деген бағдарламаны ұсындым. Оның көптеген шарттары қазірдің өзінде екі­жақ­ты және көпжақты форматта іске асы­ры­лып жатыр. Біздің бірлескен шекарамыз біздің ел азаматтарының кедергісіз қозғалысы үшін ашық бола бастады.
Қазақстан, Ресей мен Беларусьтің Кедендік одағы – бүкіл ТМД-дағы интег­рацияның тұңғыш ерікті және тең құқылы формасы.
Бұл форма тарихта тұңғыш рет біздің елдерімізді өзара сыйластық, ұлттық болмысты сақтау және ортақ келешектің мызғымастығын түйсіну негізінде жақын­дастырады.
Кедендік одақтың одан әрі Бірыңғай экономикалық кеңістікке, ал уақыт өте келе, Еуразиялық экономикалық одаққа трансформациялануы біздің халықтары­мыздың өркендеуіне қуатты алғышарт болып, жаһандық әлемде елімізді жетекші орынға алып шығатынына мен кәміл сенімдімін.
Еуразиялық қоғамдастық
Қазақстан, Беларусь және Ресейдің Кедендік одағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтан қисынды түрде өсіп шықты. Оның 2000 жылы бес ел – Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан форматында құрылуы еуразиялық интеграция тәжірибесінде бетбұрысты сәт болды.
ЕурАзЭҚ шеңберінде 11 жылдың ішінде интеграциялық процестің түрлі өлшемдері жөніндегі тетіктерінің тарамдалған құрылымы қалыптасты. Олар мемлекетаралық деңгейде ғана емес, төменде, кәсіпкерлердің, ғылым, білім мен мәдениет қайраткерлерінің, үкіметтік емес ұйымдардың, жастардың бастамалары бойынша белгіленді.
Ғаламдық қаржы-экономикалық дағдарысын есепке алғанда, Еуразиялық даму банкі мен Дағдарысқа қарсы қор дер кезінде құрылды. Бүгінде ол ЕурАзЭҚ-тың бірқатар елдерінде нақты экономикалық жобаларды қаржылан­дыруға ғана емес, сонымен бірге, әлем­дік дағдарыс салдарын өте ауыр бастан өткеріп жатқан, мысалы, Беларусь экономикасына жедел көмек көрсетуге мүм­кіндік берді.
Үш елдің Кедендік одақ форматында, айталық, өнім өндірушілердің салалық қауымдастықтарының жылдам пайда болуы мақтанарлық жайт.
Біздің кәсіпкерлеріміз өз мүдделерін келісу, ішкі бәсекелестік ережелерін жасақтау және өзара қолдау бағытында бірігуде.
Еуразиялық Медиа-форум, Еуразия­лық телевизия және радио қауымдастығы нақты бағыттармен жұмыс істеп жатыр. Еуразиялық кино және театр фестивальдері, түрлі конференциялар, жастар форумдары дәстүрлі түрде өтеді.
Санкт-Петербургте өткен экономи­калық форумда мен Еуразиялық университеттер қауымдастығы, Еуразия­лық ғалымдар клубы және менің бастамаммен құрылған Халықаралық жоғарғы технологиялар орталығының бі­ліми-ғылыми кеңістігінде бірігудің көк­жиектері көріне бастағанын атап өт­тім.
Басқаша айтқанда, қазір біздің қоғам өмірінің тереңіне бойлайтын вертикальді интеграция процесі жүріп жатыр.
Еуразиялық интеграция идеясының өмірлік күшінің көрінуі деген осы емес пе?!
Бүгінде біздің халықтарымыз өздерін бар мәдени, діни және тілдік алуан­түрлілігімен, сонымен бірге нәтижелі экономикалық өзара әрекет ету мен тату көршілестікке деген ортақ ұмтылыспен енді ғана қалыптасып келе жатқан еуразиялық бірегейліктің бір бөлігі ретінде сезініп келеді.
Біз бәріміз бірлескен тарихтан ортақ бай тәжірибе алған, сондай-ақ келешекте ажырамас ғұмыры бар ұлттың жаңа еуразиялық бірегей қоғамдастығы­ның дүниеге келгеніне куә болып отырмыз.

1994 жылы наурызда мен ТМД кеңіс­тігінде жаңа интеграциялық бірлестік ретінде Еуразиялық мемлекеттер одағын құру туралы алғаш ұсыныс айттым.

ХХІ ғасырда еуразиялық идеяның жаңадан көтерілуі
Менің Еуразиялық одақ құру туралы идеямда маниловшылдық пен саяси ностальгизмге жабысып қалған келешек жоқ және ешқашан болған емес.
Оның негізінде әрқашан, астарында қандай игі ой мен мақсат тұрмасын, экономикаға саяси зорлық жасау формаларын жоққа шығаратын прагматика­лық көзқарас болған және бола береді.
Еуразиялық жобада тек сыртқы эко­но­м­икалық, әскери, саяси, ақпарат­тық, т­ехнологиялық, экологиялық және басқа да қауіптерден ұжымдық түрде қорғану мүмкіндіктерін ғана ойлау көрегендік болмайды.
ЕАО-ның тарихи перспективасын мұндай тар мағынада түсіну басқа геосаяси өлшемдер бойынша «темір перденің» жаңа түрін бөле-жара қалыптастырудың қаупін күшейтеді. Бұған әсте жол берілмеуі тиіс.
Біз Еуразиялық одақты ашық жоба ретінде қарастырамыз. Оны өзара байланыстың кең ауқымынсыз, айталық, Еуроодақпен, басқа да бірлестіктермен елестетуге болмайды.
Еш­қандай да КСРО-ны «қалпына кел­ті­ру» мен «қайта жан бітіру» жоқ әрі бол­­­майды. Мұндай әңгіме өткеннің елесі, долбар, алыпсатарлық қана болады. Бұл орайда Ресей, Беларусь және бас­қа да елдердің басшыларымен біздің көз­қарасымыз толығымен сәйкес келеді.
Бүгінде «одақ» сөзі мен «империяның бодандығы» жайлы көпірме әңгімелердің үрейінен түгел арылуымыз керек. Бұл туралы В.Путиннің «Известиядағы» мақаласында жазғаны маңызды. НАФТА шеңберіндегі солтүстік-атлантикалық интеграция да үш елден құралады – АҚШ, Канада, Мексика. Бірақ ешкім АҚШ-тың империялық амбициясы туралы айтып жатқан жоқ.
Батыстың кейбір сарапшылары Еура­зиялық одақ Қытайдың экономикалық экспансиясынан қорғануға бағытталған деп, асығыс мәлімдеме жасады. Ақиқат­тан мейлінше алыс жатқан бұдан артық пікір жоқ.
Керісінше, ҚХР соңғы екі онжылдық ішінде Ресейдің де, Қазақстанның да, Беларусьтің де стратегиялық әріптесі болып келеді. Біз интенсивті саяси диалог пен тығыз экономикалық ынтымақтас­тықты дамытудамыз. Сонымен қатар біз ШЫҰ мен АӨСШК шеңберінде өзара тығыз әрекет етудеміз.
Сонымен бірге еуразиялық интегра­цияның мен 17 жыл бұрын айтқан қағи­даларына әрбір қатысушы елдің ішкі тұрақ­ты даму, ұлттық экономикалық нәти­желілік, несие-қаржы және әлеумет­тік саясат үшін жауапкершілікті сезінуі туралы ережені қосу да маңызды.
Еуроодақ экономикасындағы қазіргі қиындықтарды жоюдың бізге пайдалы тәжірибесін есепке алған кезде, бұл ерекше маңызға ие.
2009 жылдан бері біз Қазақстан, Беларусь және Ресейдің Бірыңғай экономи­калық кеңістігін құрудың барлық құқық­тық мәселелерін егжей-тегжейлі пысық­тауды жүргізіп жатырмыз. Осы жылдың соңына дейін тиісті келісімдер үкіметтік деңгейде бекітілетін болады.
2012 жылдың 1-қаңтарынан бастап Бірыңғай экономикалық кеңістікті құру­дың тәжірибелік кезеңі басталады.
Сәйкесінше, үш мемлекеттің эконо­микалық саясатын келісу механизмдері мен трансшекаралық еркін қатынас қызметі, еңбек ресурстары мен қорлары оңтайландыруға, заңнамалық сәйкестен­діруді жүзеге асыруға шынайы мүмкіндік пайда болады. Ұлттық бизнестің субъектілері БЭК-ке қатысып отырған әр мемлекеттің инфрақұрылымына тең дәрежеде мүмкіндік алады. Келешекте кө­ліктік, энергетикалық және ақпараттық қаты­настың ортақ жүйесі қалыптасады.
БЭК интеграцияның тереңірек сатысына, яғни Еуразиялық экономикалық одаққа өтудің негізіне айналады.
Бұл өте қуатты бірлестік болады. Үш мемлекеттің тұтастай ЖІӨ-нің көлемі 2 триллион долларға жуықтаса, өндірістік мүмкіндігі 600 млрд долларға бағала­нады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 112 миллиард доллардан асса, тұтынушылық нарық 165 миллион адамды құрайды.
ХХІ жүзжылдықта Еуразиялық одақ­тың ғаламдық дамудың трендтерін ай­қын назарда ұстап отырмай-ақ, сәтті бір ғаламдық орталыққа айналып кетуін елестету мүмкін емес.
Бұл ғасырда аймақтандыру құбылысы жалпы әлемдік тенденцияға айналды. Еуропалық одақ жақын болашақта Хорватияны, Сербия, Черногория және басқа да елдерді өзіне қосып алу арқылы кеңеюді көздейді.
Шығыс Азияда Қытай және АСЕАН ел­де­рінің қатысуымен, екі миллиард тұты­нушы нарығын құрайтын планета­мыз­дағы аса ірі еркін сауда аймағы құрылып жатыр. Парсы шығанағы аймағының елдері қаржы-экономика саласында одақтасады. Солтүстік Америка мен Оңтүстік Америка, Африка елдерінің интеграциясы бекіп жатыр.
Соңғы 20 жылдағы Ресейдің, Қазақ­с­танның және еуразиялық интеграцияның басқа да мүшелерінің тәуелсіз экономи­калық дамуы ғаламдық экономиканың бөлшегіне айналды.
Бүгінде біздің елдердің модерниза­ция­сының, ғылыми негізделген иннова­ция­лық экономикасының маңызды шарты АҚШ, Еуроодақ, Қытай, Азиялық-ты­нықмұхиттық елдермен инвестициялық және технологиялық серіктестік орнату болып табылады.
Сонымен қатар ғаламдық қауіпсіздік жүйесін қалыптастыру процесінің ма­ңызды аспектілерін ескеру қажет. Осыдан бір жыл бұрын менің табанды түрде ұсынуыммен қабылданған ЕҚЫҰ-ның Астана декларациясында Еуроатланти­калық және Еуразиялық қауіпсіздіктің бірыңғай кеңістігін құру мақсаты алғаш рет қойылды.
Сондықтан ХХІ ғасырдың, бәлкім, тіпті арғы ғасырларға жалғаса беретін Еуразиялық интеграция идеясын ұғыну – бүгінде маңызды іс.

1998 жылы мен «Қарапайым адамдарға арналған 10 қарапайым қадам» деген бағдарламаны ұсындым. Оның көптеген шарттары қазірдің өзінде екіжақты және көпжақты форматта іске асырылып жатыр. Біздің бірлескен шекарамыз біздің ел азаматтарының кедергісіз қозғалысы үшін ашық бола бастады.

Еуразиялық Одақ: болашақ стратегиясы
Еуразиялық одақ – бұл қазіргі және болашақтағы аса күрделі мәселелерді шешетін мегажоба.
Құрылымдануы тарихтағы ең ауқым­ды қаржы-экономикалық дағдарыс­қа тұс­па-тұс келген Еуразиялық одақтың бо­й­ында әлемдік жаңа архитектураның негіз­гі бөлшегіне айналуға толық мүм­кіндік бар.
Ол үшін Еуразиялық интеграцияға мүше мемлекеттердің әрбірінде іс-қи­мылдардың айқын стратегиясы болу керек.
Бірінші: Еуразиялық одақ әу бастан-ақ бәсекеге қабілетті ғаламдық эконо­ми­калық бірлестік ретінде құрылуға тиіс.
Бізді «модернизацияны қуып жету» принципіне ғана сүйенетін дамушы елдердің жиынтығына айналу секілді тар үміт те, өзге әлемге табиғи ресурстар жет­кізіп тұратын мәңгілік экспорттаушыға айналу идеясы да қанағаттандыра алмайды.
Әлем жаңа технологиялық револю­ция­ның табалдырығында тұр. Бүгінде Қазақстан индустриялық-инновациялық дамудың жеделдетілген бағытын ұста­ды.
Біз болашақтағы ұлттық инновация­лық экономиканың діңгегі ретінде заманауи деңгейдегі өнімділік күштердің жаңа құрылымын жасап жатырмыз. Ресей және бірқатар ТМД елдері де өз алдына осындай мақсат қойып отыр.
Сондықтан біздің Бірыңғай экономи­калық кеңістігіміз инновацияның және қуатты технологиялық серпіндердің территориясына айналуы маңызды.
Бұл үшін модернизацияның және еліміздің инновациялық дамуының жалпы алгоритмін құру қажет. Өз тарапымнан, шұғыл түрде Еуразиялық иннова­ция­лық-технологиялық кооперациялар­дың алдағы 10-15 жылды қамтитын ор­тақ Бағдарламасын жасауды және қабылдауды ұсынамын.
Бұған Франция, Германия, Ұлыбрита­ния елдерінің 1970 жылы құрылған AIR­BUS аса ірі халықаралық авиақұры­лыс­тық консорциумы мысал бола алады. Кейіннен оларға Испания қосылды.
2010 жылдың қорытындысы бойынша AIRBUS тасымал және ұшаққа тапсырыс беру бойынша америкалық «Боинг» және «Локхид» сынды компанияларынан басым түсті. AIRBUS-тың жыл сайынғы табысы 30 миллиард еуроға жетеғабыл. Компанияның бүтін Еуропада орналасқан кәсіпорындарында 53 мың адам жұмыс жасайды.
2006 жылы AIRBUS-тың барлық акциялары ЕО елдерінің үкіметтерімен және ұлттық компанияларымен қаржы­ландырылатын Еуропалық ЕАDS аэроға­рыштық консорциумына тиесілі.
Дания мен Швеция Сканда бірлескен инновациялық орталық, «медикондық алқапты» құрды.
Бүгінде ол – түрлі зертханаларды, коммер­циялық құрылымдарды, өндіріс­тік кәсіпорындарды қамтитын Еуропа­дағы ең қуатты кластер.
Бұл жерде құрамында 300 әртүрлі компания, 14 университет және 26 ме­ди­циналық емханасы бар жеті ғылыми парк жұмыс істейді.
Халықаралық инновациялық орта­лық­та­рды ынталандыруға жаңа технологияларды бірлесіп жасау үшін жеке салалар бойынша екіжақты келісімдер арқы­лы бірқатар елдер осы жолмен келеді.

Үш жыл бұрын мен күшті аймақтық резервті валютаның негізі ретінде еуразиялық есеп айырысу бірлігін жасауды ұсынған болатынмын.

Екінші: Еуразиялық одақ еуроатлан­тикалық және азиялық даму аймағын жал­ғайтын мықты орталық болып қалып­тасу керек.
Экономикалық жағынан біз Еуроодақ­тың, Шығыс, Оңтүстік-Шығыс және Оң­түстік Азияның жылдам дамып келе жат­қан экономикасы арасында көпір бола аламыз.
Бүгінде халықаралық көліктік автомобильді дәліз ретінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жобасы жүзеге асырылып жатыр.
Уақыт өте келе бұл бағыттың бойына за­манауи көліктік-логистикалық жүйе салы­натын болады. Ал ол өз кезегінде Еуропа мен Қытай нарығына тауарларды жеткізу уақытын 3,5 есеге дейін қысқар­тады. Болашақта жылдамдығы жоғары трансеу­ра­зиялық теміржолдың салынатыны да сөзсіз.
Бірыңғай экономикалық кеңістіктің Еуропалық одақпен, Қытай Халық Республикасымен, Жапониямен және Үндіс­танмен өзара ынтымақтастығын кеңейту тараптардың бәріне тиімді.
Үшінші: Еуразиялық одақ жаңа ғаламдық валюта-қаржылық жүйенің бір бөлігі бола алатындай жеткілікті дәрежедегі аймақтық қаржылық бірлестік болып құрылуы керек.
Еуроодақтың тәжірибесі көрсеткен­дей, ортақ төлем жүйесін құру одан кейін бірыңғай валюта – заңдылықтарға сай интеграция кезеңі.
Қазіргі жағдайда бұл процесте әлем­дік дағдарыстан кейінгі тенденцияларды ескеру қажет.
Еуразиялық одақ пен еуроаймақты қанша сынап жатса да олар дағдарыста өзде­рінің мығым екенін, жеке қабілетте­рін көрсете білді. Біз қазір қиыншылыққа тап болған мемлекеттерге Еуроодақтың қолдау көрсетіп отырғанын көріп отырмыз.
Үш жыл бұрын мен күшті аймақтық резервті валютаның негізі ретінде еу­разиялық есеп айырысу бірлігін жа­сауды ұсынған болатынмын.
Ғаламдық рецессияның жаңа толқы­ны болуы мүмкін екенін және оның салдары тіпті күрделі болатынын ескерсек, бұл идея өзекті болып қана қоймай нақ­ты шешімді қабылдауды қажет етіп отыр.
Ерекше атап өткім келетіні, БЭК аясында валюталық одақ құру арқылы біз интеграцияның жаңа кезеңіне өтіп, қазіргі Еуропалық одақтың деңгейіне жақындай түсеміз.
Біздің ең негізгі міндетіміз – біздің одақтың өміршең екендігіне нақты істер арқылы көршілеріміздің көзін жеткізу. Сонда біздің құрамымыз үш мемлекеттен әлдеқайда көп болмақ.
Төртінші:
Геоэкономикалық бола­шақ­та геосаяси болатын еуразиялық интеграция эволюциялық және ерікті жолмен жүруі керек.
Интеграцияны жасанды жылдамдық­пен жүргізу, жекелеген елдердің кірісуі тиімсіз болады. Бірыңғай еуропалық на­рық 40 жылға жуық уақытта қалыптас­қа­нын естен шығармағанымыз жөн.
Еуразиялық интеграцияның платформасы айтарлықтай кең.
Оның құрамына сан түрлі формадағы, әртүрлі мақсаты мен міндеті бар мемле­кетаралық бірлестіктер – ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, Кедендік одақ – Қа­зақстан, Беларусь, Ресейдің біріккен экономикалық кеңістігі және тағы басқа ұйымдар бар.
Басқа да құрылымдардың пайда болуы әбден мүмкін. Мысалы, мен Орталық Азия одағы құрылуының жақтаушысы болып қала беремін. Бұл құрылымның құры­луымен аймақтағы елдер арасын­дағы әлеуметтік-экономикалық даму проблемалары өз шешімін табады деп ойлаймын. Өз кезегінде Орталық Азия елдері азаматтарының әл-ауқатын жақ­сар­тып, аймақтағы күрделі мәселелердің шешілуіне септігін тигізер еді.
Аймақтық әртүрлі ұйымдарға қатысу әрбір мемлекетке интеграцияның тиімді жолын таңдауға көмектеседі.
Сондықтан әрбір еуразиялық бірлес­тіктің әлеуетін көтере беру маңызды.

Мен Еуразиялық экономикалық кеңістіктің атқарушы органын Еуразия субқұрлығының географиялық орталығындағы Астана қаласында орналастыруды ұсынамын. Бұл жерде ешқандай амбиция жоқ. Бұл біз үшін қосымша жүк болады. Бір жағынан, еуразиялық интеграцияның бастамашысы ретінде орталықтың Қазақстанда шоғырлануы әділеттілік болар еді. Орталық кеңсенің Қазақстанда орналасуы біздің интеграцияға байланысты елдер ішінде қалыптасқан күдікті де сейілтеді. Бұл өз кезегінде біздің ұйымға үлкен сенім қалыптастырып, алғашқы қадамын жасай бастайды.

Бесінші: Еуразиялық одақтың құрылуы тек қана қоғамның жаппай қолдауына байланысты болуы керек.
Біздің елдеріміздегі «еуразо-оптимистер» мен «еуразо-сынаушылардың» болуы заңдылық. Солардың арасындағы пікірталастар интеграциялық процестің қалай жүзеге асырылатынын көруге өз көмегін тигізеді.
Мен олардың пікірталасы жақын болашақта біздің парламентшілерімізді біріктіретін ұлтүстілік құрылым – Еуразиялық Ассамблея мінберінде талқыланады деп ойлаймын.
Сонымен қатар еуразиялық интеграцияны халықтық сипатта да нығайту маңызды. Яғни еуразиялық қоғамдық бірлестіктердің санын көбейту қажет.
Мысалы, ЕурАзЭҚ іскерлік кеңесінің базасында еуразиялық өнеркәсіп иелері мен кәсіпкерлерінің конгресін құруға болады.
Кедендік одақтың үш елінің форматында еуразиялық сауда-өнеркәсіп палатасын құру керек. Олардың кеңселерін Астанада орналастыруға болады.
Осы бағыттағы жұмыстарды күндіз-түні таралатын «Еуразия-24» жаңалықтар арнасынан құрудан бастау керек. Бұл өз еліміздің азаматтарын интеграция жұмы­сы туралы объективті ақпараттар­мен қамтамасыз ету үшін маңызды.
Мен Еуразиялық экономикалық кеңіс­тіктің атқарушы органын Еуразия суб­құрлығының географиялық орталы­ғын­дағы Астана қаласында орналастыруды ұсынамын. Бұл жерде ешқандай амбиция жоқ. Бұл біз үшін қосымша жүк болады. Бір жағынан, еуразиялық интеграцияның бастамашысы ретінде орталықтың Қазақстанда шоғырлануы әділеттілік болар еді. Орталық кеңсенің Қазақстанда орналасуы біздің интегра­цияға байланысты елдер ішінде қалып­тасқан күдікті де сейілтеді. Бұл өз кезегінде біздің ұйымға үлкен сенім қалып­тастырып, алғашқы қадамын жасай бастайды.
Кезінде ТМД-ның штаб-пәтерін Минск қаласына орналастыру туралы ше­шім де дәл осындай негізде қабыл­данған болатын. Еуропалық одақтың штаб-пәтері Брюссельде орналасуы да кездейсоқ емес.

***
XXI ғасырдың екінші онжылдығының басында еуразиялық интеграцияның идеясы бірыңғай экономикалық кеңістіктен көрініс тауып отыр.
Ол біздің елдеріміз бен халықтарымыздың гүлденуі жолындағы дұрыс тарихи жол екенін дәлелдеді.
Негізгі саяси шешімдер қабылданды.
Экономикалық жағынан қуатты, тұрақты және бәріне тиімді болатын Еуразиялық одақ құру үшін әлі де бірқатар міндеттерді шешуіміз қажет.
Біздің ортақ стратегиялық мақсатымыз да осында!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста