Н.НАЗАРБАЕВ: Лондонда ең танымал әнұран – Қазақстанның Әнұраны
Кеше Ақмола облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ең алдымен облыс басшыларымен бірге физика және математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне ат басын тіреді. Бұдан кейін Мемлекет басшысы қала жұртшылығымен кездесіп, жүрекжарды тілектерін арнады.
Аталмыш зияткерлік мектеп 2009 жылдың 1 қыркүйегінде Елбасының тікелей тапсырмасымен ашылып, бүгінде 761 дарынды оқушы білім алуда. Биыл білім ошағын 87 оқушы тамамдап, оның 21-і – «Алтын белгі» иесі, ал сегізі үздік аттестат алғаны мектеп үшін үлкен мақтаныш әрі зор мәртебе екендігі даусыз. Тек өткен жылдың өзінде ғана төрт бірдей шәкірттің Еуропа елдерінде өткен халықаралық «Фиджип-Евроталан» ғылыми жұмыстарының жүлдегерлері атанғаны, сондай-ақ Швейцарияда өткен халықаралық ғылыми олимпиадада бес оқушының жүлделі орындардан көрінгендігі бұл мектептің ғылым жолында жүргізген жұмыстарының нәтижелілігін, қосқан үлестерінің сүбелі болып отырғанын айғақтап береді.
Елдің ертеңі білімнің көзін табуда болса, сол білімнің қайнар көзі болашақ жастардың қолында тұрғандығын атап көрсеткен Елбасы зияткерлік мектеп оқушыларымен жүздесу кезінде олардың білім жүйесіндегі бүгінгі таңдағы реформалар және мемлекеттің осы саладағы жеткен жетістіктері мен болашақ алар асулары жайлы ойларымен бөлісіп, білім саласын жетілдіруде жастардың озық үлгідегі жаңаша білім мен технологияларды игеруі аса қажет екендігін жеткізді. Сондай-ақ Елбасы дарынды жастардың мемлекетте ел экономикасының даму бағыттары бойынша жасалып жатқан реформалар турасында ойларымен бөлісіп, пікір алмасты. Оқушылардың ата-аналарымен және педагогикалық құраммен әңгіме барысында дарынды балаларға арналған оқу орындарының түлектері ХХІ ғасырдың соңында Қазақстанды алға сүйрейтінін атап өтті. «Мемлекет білім беруге еріккеннен, былайша айтқанда, басқа ісі жоқтығынан баса көңіл бөліп отырмағанын сіздер түсінуге тиіссіздер. Бұрын біздің мұндай мектептер салуға мұршамыз болған жоқ», – деді Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарға қарата айтқан сөзінде. «ХХІ ғасыр – білім ғасыры, ғылым ғасыры.
Біз 20-30 жылдан кейін мүлдем басқа ғасырға кіреміз. Бұл мүлдем басқа жұмыс, үшінші индустриялық революция болады. Сондықтан да бізге жарты ғасырдан кейін Қазақстанды алға апаратын адамдар қажет. Сіздердің қазіргі мына балаларыңыз сол сәтке дейін есейіп, ержетеді», – деп атап өтті Президент Н.Назарбаев. Мектеп ұстаздарымен әңгімелескен Мемлекет басшысы білім саласында өзгелерден көш ілгері болғандықтан, зияткерлік мектепке халықаралық білім беру саласындағы жетістіктер мен технологияларды енгізу талаптары жүктелетінін, сондықтан бұл іске аса жауапкершілікпен қарау керек екендігін ескертті.
Бұдан кейін Нұрсұлтан Әбішұлы Абылай хан атындағы орталық алаңда қала жұртшылығымен кездесіп, қоғам ортасында беделі мен абыройы жоғары азаматтарды әңгімеге тартты. Облыс тұрғындарымен кездесуде Мемлекет басшысы Олимпиада ойындары, әлеуметтік жаңғырту, Ақмола облысы үшін ерекше өзекті болып табылатын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және тағы басқа мәселелерді қозғады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Лондондағы XXX жазғы Олимпиада ойындарында жеңіске жеткен қазақстандық спортшылардың табысын жоғары бағалады. «Лондонда ең танымал әнұран – Қазақстанның Әнұраны. Біз бұрын ондай табысқа жеткен жоқ болатынбыз. Былай қарасаң, спорт, ал елдің абыройы үшін маңызы зор», – деді Н.Назарбаев Көкшетауда жұртшылықпен кездесу барысында. Бұдан басқа Президент Қазақ елінің қарыштап қадам басуына үлкен үлес қосып отырған Ақмола облысының аграрлық аймақ болып табылатынын және Астана жергілікті сапалы ауылшаруашылық өнімдеріне мұқтаж екенін ерекше атап өтті. «Енді сіздер астаналық облыссыздар, мәртебелеріңіз басқа, өнімді тұтынушы – Астана, ол дәл қастарыңызда. Оның барлық мейрамханасы, дүкендеріне сіздердің шығарған өнімдеріңіз керек, өйткені олар басқаларына қарағанда жақсы әрі арзанырақ. Сату нарығы осында, Көкшетауда бар. Бұдан басқа Астана жақын уақытта миллион тұрғыны бар қалаға айналады», – деп атап өткен Елбасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасын тұрғындардың оның пайдасы мен артықшылықтарын әлі де түсіне қоймағанын, сондықтан бұл бағдарламаның мерзімінен бұрын жабылуы мүмкін екенін ескертті. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту мәселелері туралы айтсақ, біз бұған ешқашан кіріскен емеспіз, оған мүмкіндік болмады. 40-50 жыл тұрған барлық «хрущевка» қирап жатыр. Енді біз егер өз меншігіңіздегі пәтеріңізді жөндеуден өткізгіңіз келсе, мемлекет сізге жартысын төлеп береді, қалған жартысын өздеріңіз төлейсіздер деп айтамыз. Мемлекетке бұл шығынның жартысын 20 жылдан кейін пайызсыз қайтарасыздар. Коммуникация, үйдің шатырын, кіреберістерін жөндеңіздер. Бұдан кейін тұрғын үй ауданының шаршы метрінің бағасы үш есеге өседі». Бірақ осыны адамдарға түсіндіре алмай-ақ қойдық. Егер осылай жалғаса берсе, бұл бағдарламаны жабуға тура келеді», – деп атап өтті Н.Назарбаев.
Президентті қарсы алушы облыс жұртшылығының қатарында соғыс және еңбек ардагерлерінің облыстық кеңесінің төрағасы Чапай Әбутәліпов, Қазақ ССР-і Халық әртісі Жібек Бағысова, Социалистік Еңбек Ері Ибрагим Жанғоразов, соғыс ардагерлері Молдыбай Иманғалиев пен Есембек Найкиндер болды. Елге белгілі бұл азаматтарды есінен шығармаған Елбасы ардақты аға ұрпақ өкілдерінің қоғам өмірінде әлі де болса белсенді әрекет жасап жатқанына шексіз алғысын білдіріп, зор денсаулық тіледі. Бұдан кейін ел арасында атақ-абыройы жоғары азаматтар, Елбасымен одан кейін болған митингіде Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Сүлейменов, жазушы Төлеген Қажыбай, «Зерделі ұрпақ» қоғамдық ұйымының белсенді мүшелерінің бірі Ерлан Ахмеди, Көкшетау қаласы мектептер мен студенттер ассамблеясы ассоциациясының төрайымы Дина Галлямова және Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен Ж.Мусин атындағы педагогикалық колледж студенттері Томирис Қошқарбаева мен Людмила Миронова сөз сөйлеп, Елбасының Ақмола облысына арнайы келгеніне алғысын білдіріп, әлемдік деңгейдегі Қазақстанның беделі мен абыройын арттырудағы ерен еңбектері үшін қуанатындықтарын жеткізді. Сондай-ақ жиынға қатысушылар Елбасының Бурабай-Шортанды курортты аймағын дамыту, сонымен қатар Көкшетау қаласына жаңадан жылу электр стансысын салу, табиғи газбен қамтамасыз ету сияқты іргелі стратегиялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсеткеніне алғыс айтты.
Мемлекет басшысы сонымен қатар Бурабай селосында солтүстік өңір басшыларымен кездесіп, биылғы қуаңшылық кесірінен астықтың өнімділігі күрт төмендеп кеткендігі жөнінде ойларын ортаға салып, азық-түлік бағасын тұрақты деңгейде ұстап тұруға әзірлік жасау қажеттігін де атап көрсетті.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Еліміздің ең бір сұлу аймағында орналасқан көкшетаулықтар әрқашан еліміздің даму жолында ерекше мәнге ие. Сондықтан бұл аймақта туризм кластерін дамытудың стратегиялық маңызы өте жоғары. Сондай-ақ мемлекетіміздегі ыстық сусыз жалғыз қала болғандықтан, Көкшетауға бұл жағынан бірінші кезекте көмек беру қажет болып отыр.