Неке сарайынан бұрын денсаулық кабинетіне кіріңіз
Алматылықтарға некеге тұрудан бұрын медициналық тексерістен өту міндеті жүктелмек. Науқас нәрестелердің дүниеге келуінің жиілеп кеткеніне алаңдаған дәрігерлер денсаулық кабинеттерін ашуды жоспарлап отыр. Әзірге жүздеген жұптың алтауы ғана бұл ұсынысқа қолдау көрсетті.
Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Роза Қуанышбекова «некеге тұрудан бұрын медициналық тексерістен өту керек» деген ұсыныс айтты. Статистикалық мәліметтерге сенсек, Алматы қаласында дүниеге келетін әрбір 10 баланың төртеуінің денсаулығы нашар. Нәрестелердің туа бітетін кемістігі салдарынан қаза табатындардың саны жөнінен де әлемде алдыңғы қатарда тұрмыз. Р.Қуанышбекованың айтуынша, жыл басынан бері 300-ге жуық бала құрсақта жатып шетінеген және жартысынан астамы – толық жетілгендер. Ал Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері бойынша, қыз балаларымыздың 40 пайызында репродуктивті денсаулық проблемалары бар және қазақстандық ерлі-зайыптылардың 16 пайызы бедеуліктің бейнетін тартып жүр. Алматының ақ халаттылары аудандық АХАЖ бөлімдеріне өтініштерін жеткізіп үлгерген. Мамандардың сөзіне сенсек, алдағы уақытта некеге тұрмас бұрын алдымен денсаулық кабинетіне бас сұғудың міндеттелуі мүмкін. Аталған ұсыныс практика жүзінде де іске асырылды. Бірақ бір аптаның ішінде шаңырақ көтерген 200 жұптың алтауы ғана құптаған. Айта кетер жайт, ҚР статистика жөніндегі агенттігі жарты жылдың ішінде тіркелген некелер санын жариялады. Биылғы қаңтар-маусым айларында барлығы 70 488 жұп тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5750-ге көп. Ал ажырасу саны 23 239-ды құраса, былтыр 21 340 болған. Халық саны 118 514-ке ұлғайып, жаңа туғандардың саны 187 387-ге жетті. Ал қайтыс болғандар саны – 72 503. Осылай, халықтың табиғи өсімі 114 884 адамды құрады. Қазақстан халқының саны бір жылда 1,6 пайызға ұлғайып, 1 шілдеде 16 млн 793,9-ға жетті.