Наурыз айында Ұлттық қордың активтері 1,5 млрд АҚШ долларына өсті
Ұлттық қордағы валюталық активтердің жалпы көлемі наурыз соңында 58,4 млрд АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Халықаралық нарықтарда жағдай тым құбылмалы болғанына қарамастан, наурызда Ұлттық қордың инвестициялық табысы 1,5 млрд АҚШ долларына теңесті. Бұл туралы ҚҰБ төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова хабарлады.
«Нарыққа қатысушылардың назарынан түспеген бір жағдай болса, ол – АҚШ-тағы аймақтық банктердің басынан өтіп жатқан проблемалар. Бұл қатарда швейцарлық Credit Suisse банкінің мәселесі де бар. АҚШ пен Еуропа реттеушілері банк секторына уақытында қолдау көрсетіп, соның нәтижесінде Silicon Valley Bank пен Signature Bank банкрот болуынан және Credit Suisse банкте туындаған проблемалардан кейін нарықта пайда болған құбылмалылық теңестірілді. Тәуекел-тәбетінің өсуі акциялар мен облигацияларды қайта бағалау кезінде оң әсер етті», - дейді ол.
Активтердің өсуіне тағы бір себеп бар. Әлия Молдабекованың айтуынша, ол – Ұлттық қорға түскен валюталық түсімдердің пайдасы. Наурызда оның мөлшері 300 млн АҚШ долларына жуықтады.
«Өткен айда трансферт есебінде Ұлттық қордан республикалық бюджетке 473 млрд теңге аударылды. Осы мақсаттар үшін ішкі валюта нарығында 721 млн АҚШ долларына активтер сатылды», - деп нақтылайды Ә. Молдабекова.
Ол өз сөзінде ашықтықты арттыру үшін жуырда ҚҰБ интервенциялар туралы айлық деректерді брутто-негізде жариялағанын мәлімдеді.
«Ендігі жерде валюталарды сатуға және сатып алуға қатысты операциялар жеке-дара көрсетіледі. Сол секілді ҚҰБ трансферттердің көлемі мен Ұлттық қордан сатылған нақты көлемді ғана емес, сонымен қатар, теңгелік шотта қалған қалдық туралы мәліметтерді де ай сайын жариялауды қолға алады», - деп дәйектейді ҚҰБ төрағасының орынбасары.