Тұрғын санына қарамастан, сапалы интернетті әр елді мекенге қалай жеткізуге болады? Бұл сұраққа Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жауап берді.
Интернетті жеткізудің ең тиімді және заманауи әдісін Илон Маск көрсетіп берді. Бұл төмен орбиталық спутниктерді қолдана отырып, кең жолақты интернет ұсыну. Старлинктен айырмашылығы дегенге келсек OneWeb тұтынушыға тікелей қызмет көрсетпейді, ол жергілікті серіктестермен, оның ішінде байланыс операторларымен жұмыс істейді, яғни байланыс операторы жоқ жерде интернетті қамтамасыз етеді. Міне, бүгін цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қарамағына кіретін компаниялар OneWeb-пен меморандумға қол қойды - деп жазды министр өз парақшасында.
Британдық «OneWeb» компаниясымен серіктестік байланыс саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.
Бұл меморандум Қазақстан аумағын толық қамтып, оның ішінде шалғай және қатынас жағы қиын елді мекендерді «OneWeb» байланыс спутниктері арқылы жылдамдығы жоғары кең жолақты интернетпен қамту мәселесін пысықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, біз Нұр-Сұлтан қаласындағы ғарыш құрылғыларын құрастыру-сынау кешенінің базасында «OneWeb» спутнигіне жиынтықтарды құрастыру бойынша ынтымақтаса аламыз. Бұдан бөлек, Орталық Азия елдерін спутниктік интернетпен қамтамасыз ету үшін «OneWeb» Орталық Азия техникалық орталығы» ашылады. Біз ынтымақтастықты дамытып, Байқоңыр ғарыш айлағынан «OneWeb» спутниктерін бірлесіп іске қосқымыз келеді - деді Бағдат Мусин.