Мұнайлы Қазақстанға сауатты мұнай саясаты қажет
Биылғы бюджеттен Қарашығанақ жобасының 10 пайыздық үлесін сатып алуға 300 млрд теңге жұмсау көзделген. Соған орай кеше Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев Мәжіліске келіп, үлесті иемденудің келешек мәселелері һәм елдің ішкі нарығын мұнаймен қамту жайын баяндап, депутаттардың жанармай төңірегіндегі сауалдарына жауап берді.
Жұрт арасында «мұнайы бардың құдайы бар» деген сөз бекер туындамаған ғой, жалпы. Өйткені кез келген елдің экономикасын ғана емес, оның энергетикалық һәм жалпы қауіпсіздігіне қатысты мәселелер де мұнай мәселесімен ұштасатыны білінеді. Ал Қазақстанға келсек, бұған дейінгі экономикалық асуларға да ең алдымен «қара алтын» көп қауқар берсе, алдағы межелерді бағындыру да мұнай есебінен болмақ. Дегенмен мұнайдың бағымен қатар, соры да болатынын айтады қайсыбір сарапшылар. Бұл да бекер уәж емес. Мәселен, «мұнай долларлары», «голланд ауруы» атты терминдер тегін шыққан жоқ. Ендеше алдағы жылдары мұнай өнімі жағынан әлемдегі ондықтар қатарынан үміткер Қазақстан үшін сауатты мұнай саясаты қажет-ақ. Ал мұндай саясаттың негізі халықтың игілігіндегі байлықты оңды пайдалану. Рас, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тәжірибенің кемдігінен бірқатар зор жобаларда ұпайымыз кеткені белгілі. Алайда соңғы жылдары билік мұндай олқылықтардың орнын толтыруға бетбұрыс жасап келеді. Соның бірі – Қарашығанақ жобасы. Қарашығанақтан мемлекеттік үлес алуға қатысты келіссөздер біршама дау-дамайдан кейін, 2011 жылдың 14 желтоқсанында беті бері қараған. Биыл қажетті құжаттарға қол қойылса, ондағы Қазақстанның ұстанымы беки түсетін болады. Сауат Мыңбаевтың мұнай саясатына қатысты алғашқы баяны да осы турасында өрбіді.
«Қарашығанақ» қазаққа қайырлы болсын...
Қазіргі таңда Қарашығанақ жобасы игерудің екінші кезеңінде тұр. Мәліметтер бойынша оның көлемі жыл сайын шамамен 11 млн тонна сұйық көмірсутек және 14-15 млрд текшеметр газ өндірумен сипатталады. Мұнай министрінің мәліметінше, Қарашығанақ жобасы қолға алынғалы 114 млн тонна сұйытылған көмірсутек және 136 млрд текшеметр газ өндіріліпті. Бұдан Қазақстанның көрген пайдасы 13,3 млрд теңге болса, мердігер 7,5 млрд долларға ие болған. Әйтсе де бүгінге дейін Қарашығанақтан алынған өнім шикізат кен орнының жалпы есептелген геологиялық қорының шамамен 10 пайызын ғана құрайды екен. Сондықтан да Қарашығанақтың Қазақстан үшін маңызы зор.
«Үкімет соңғы екі жарым жыл бойы Қарашығанақ консорциумымен бірқатар даулы мәселелер бойынша келіссөздер жүргізді. 2011 жылдың 14 желтоқсанында Қазақстан мен мердігер компаниялар арасында даулы мәселелерді реттеу туралы келісім жасалды. Келісімге сәйкес, даулы мәселелерді реттеу есебінен мердігер компания Қазақстанға жобадағы үлестің 5 пайызын береді. Бұдан бөлек, тағы 5 пайызын 1 млрд долларға сататын болады», – дейді мұнай мен газ басшысы. Сондай-ақ келіссөзден тағы бір ұтқанымыз – Қазақстан тарапы Қарашығанақтың шығындарын бақылау тетігін де иеленген. Бұл құны 500 млн доллардан асатын ірі инвестициялық жобалар үшін қолданылатын болады. Қазіргі сәтте тараптар негізінен келісімнің кейінге қалдырылған бірқатар шарттарын іске асырумен шұғылдануда. Бұл жұмыс биыл 30 маусымға дейін аяқталуы тиіс. Тараптар кейінге қалдырған шарттардың барлығын ортақ келісіммен орындаған жағдайда реттеу туралы келісім күшіне енетін болады. Ал бұдан не ұтамыз? «Егер, мұнай бағасы барреліне бүгін болжанып отырған 85 долларды құрайтын болса, 2012-2017 жылдар аралығында «ҚазМұнайГаз» компаниясы ақша ағыны түрінде Қарашығанақтан 3,3-5 млрд долларға дейін қосымша табыс алатын болады. Ал мұнай бағасының баррелі осы күнгі 110 доллар шамасында сақталатын болса, сәйкесінше, «ҚазМұнайГаздың» иеленетін табысы да айтарлықтай арта түседі», – деді мұнай және газ министрі.
Ресейге тәуелділіктен арылар жол бар ма?
Қазақстан соншама мұнайлы болғанымен, жанар-жағармай бағасының тұрақсыздығы көпшілік үшін мүлдем түсініксіз. Бұның себебі біздің білуімізше, сыртқы нарыққа, сосын Қазақстанға импортталып отырған Ресей мұнайына байланысты. Нақтыласақ, Қазақстанның ішкі нарығында тұтыну үшін жылына 13 млн тоннадан астам мұнай қажет болса, соның 7 млн тоннадан астамы теріскейдегі көршіден келіп, біздегі зауытта өңделеді. Яғни мұнай өзімізде де мол болғанымен, біз көршінің шикізатына тәуелдіміз. Неге біз тәуелдіміз және мұндай тәуелділіктен қалай арылуға болады? Көпшіліктің көкейіндегі осы мәселені мұнай министрі Сауат Мыңбаев қарапайым тілмен сауатты түрде түсіндіруге тырысқан болатын. Сонымен ұққанымыз мынау болды: тарихи қалыптасқан тасымал логистикасына сәйкес, Ресей мұнайы Павлодар және ішін ара Шымкент зауыттарына жеткізіледі. Ал одан бас тартуға Қазақстан еш мүдделі емес, керісінше, бұл – Ресейге тиімсіз бола тұра, Қазақстанға тиімді нәрсе. Осыны депутаттарға жете түсіндіру үшін мұнай министрі барын салды. «Мұнай импортынан құтылу үшін біз қалыптасқан жағдайды мұқият бағалап алайықшы», – деп өтінген министр бірқатар объективті себепті алға тартты. Біріншіден, Павлодар зауыты бастапқыда Батыс-Сібір мұнайына ыңғайлап салынған. Ал оған Ресейдің емес, өзіміздің мұнайды тасып апару (құбыр арқылы болсын, теміржол тасымалы болсын) зор шығынды қажет етеді. Бұл ел бюджетіне тым ауыр салмақ. «Егер біз Ресейден алатын мұнайдың орнына өзіміз өндіретін 7 млн тонна шикі мұнайды бағыттасақ, онда біздің бюджетке жылына 1,8 млрд доллар салмақ түседі. Ал Ресей 7 млн тонна мұнайды Қазақстанға жеткізу барысында ешқандай пайда да тауып отырған жоқ. Өйткені олар бізге мұны бажсыз беріп отыр. Сондықтан да еліміздегі мұнай зауыттарына шикізатты Ресейден алу – орыстарға қарағанда, Қазақстанға көп пайдалы. Былтырлары өздерінің шығынға батқанын ойлап, Ресей Қазақстанға мұнай жеткізуді дереу тоқтатпақ болды. Алайда келіссөздер нәтижесінде, біз 2014 жылға дейін импортты сақтайтын болып уағдаластық. 2014 жылдан кейін алмасу операциялары жүзеге асырылады. Бұл ретте біз Ресейден мұнайды Омбы-Павлодар құбыры арқылы алатын боламыз, ал Қазақстан оның есесіне, айырбас ретінде дәл осындай мөлшердегі мұнайды Атырау-Самара құбыры арқылы жеткізеді», – дейді Сауат Мыңбаев. Яғни министрдің сөзінен түсінгеніміз – жақын аралықта импорттан арылу мәселесі еш сөз болмайды. Ең құрығанда айырбасқа көндігеміз. Импорттан құтылудың екінші жолы – қолданыстағы үш зауытты қайта жаңғырту. «Қазір Атырау зауытында бұл жұмыс басталып кетті. 2014 жылдың ортасына таман бітуі тиіс. Шымкент зауыты 2015 жылы қайта жаңғырады. Павлодар зауытының жаңғырту жұмысы 2016 жылға қарай аяқталмақ», – деді Сауат Мыңбаев. Тағы бір тың бағыт – төртінші яки жаңа зауытты іске қосу. Мұны өткендегі алқада Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов те қуаттап еді. «Жаңа зауыт негізінен, Қашаған мұнайына байланысты. Ендеше, қисынға салсақ, бұл зауыт Қазақстанның орталығында болуы керек шығар», – деді мұнай мен газ басшысы. Дегенмен қалай болғанда да, Қазақстандағы жанармай бағасы әлемдік баға мен Бірыңғай экономикалық кеңістік шеңберіндегі мөлшерден көп ауытқымайды. «БЭК шеңберінде еш шекара жоқ. Ондай кезде мемлекеттердегі жанар-жағармай бағасы бір-бірінен мүлдем басқаша болуы тіпті мүмкін емес. Біздегі жанармай бағасы тым төмендеп кетсе, онда өнім көрші нарыққа қарай ауып кетеді. Сол үшін біз БЭК шеңберінде жанармай бағасының мөлшері салыстырмалы болуы керек деп есептейміз», – деген министр жалпы мұнай саласында бағаның экономика тұрғысынан теңгерімді болуы керектігін ескертті.
Алдан Смайыл, Мәжіліс депутаты:
– 10 зауыт саламыз ба, 20 зауыт саламыз ба, әйтеуір халыққа керегі – бензиннің ұдайы болуы және бағаның күрт өспеуі. Ал бізде жылда бензин тапшы, сосын баға өседі. Көптеген елде мұнай өнімдерінің қоры бар. Мысалы, АҚШ-тағы сондай қор біздің жерасты мұнай қорымыздан да көп екен. Ендеше, неге біз қор жинау саясатын ұстанбаймыз? Ең құрығанда бензин қорын жасауымыз керек.
Александр Милютин, Мәжіліс депутаты:
– Ішкі нарықта импортқа тәуелділікті шешпей болмайды. Бұл – инфляциялық үдерістің артуындағы басты фактор. Яғни мұнай импорты арқылы біз инфляцияның импортына ұшырап отырмыз. Оның үстіне, шикі мұнай импорты Шымкент пен Павлодар мұнай өңдеу зауыттары үшін де өзекті. Өйткені Ресейден шикі мұнайдың жеткізілмеуі зауытты толық қуатта жұмыс істеуден айырып, оның ақыры жанармай тапшылығы мен бағасының артуына әкеп соғады. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауытының проблемасын біз келешекте Құмкөл арқылы жабатын болсақ, Павлодар мұнай өңдеу зауытын отандық шикі мұнаймен қамту проблема күйінде қалатыны айқын. Осы тұрғыдан алғанда, неге біз Қазақстандағы жанар-жағармайға қатысты тек үш зауыттың проблемаларын айта береміз? Бәлкім, заманауи, соңғы технологияларға негізделген мұнайды терең өңдейтін шағын зауыттар құрылысын салу туралы ойлану керек шығар.