Миында ұлттың коды жазылған ақын

Миында ұлттың коды жазылған ақын

Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 80 жыл!

Мұқағали әдебиетке жасындай жарқ етіп келді. Ақынның жыр­ла­ры өткен ғасырдың 60-70-жылдарындағы қазақ поэзиясы­ның ең жарқын беттерін түзді. Ол сүйініш пен күйінішке, арман-мұрат­қа толы қызу тірлік кешті. Әдетте Мұқағали жайлы сөз болғанда «ақынды ортасы түсінбеді, дер кезінде бағаламады, ол соған күйінді, жаны жабырқады, әділетсіздікке ашынды, сөйтіп, басын тау­ға да, тасқа да ұрды» деген сияқты әңгімелер айтылады, айты­лып та жүр. Бірақ мұның бәрі – мәселенің бетін қалқу ғана. Яғни ақын жөнінде бәрі белгілі, тайға таңба басқандай анық іспетті бо­лып көрінгенімен, бізге Мұқағалидың ақын, адам, азамат ретіндегі шы­найы тағдырын, өлеңдерінің табиғатын, қоғаммен қарым-қаты­насын, қарама-қайшылығын зерттеп, зерделеу жетіспейді.
Бір анығы, баспасөз бетінде ал­ғаш жариялана бастаған кезі­нен-ақ әде­би орта да, оқырман қа­уым да Мұқағалиды бірден мо­йындаған. Бірақ сон­шама бай қор­­жыны бола тұра, Мұқағали да­р­алануға, кимелеп барып көп­тің алдына түсуге асықпаған. Сөйтіп, 50-жылдардың басында-ақ үлкен ақын ретінде танылғанына қара­мас­тан, тұңғыш жыр жинағын тек 33 жасын­да ғана шығарған. Әде­биет­ке шын мәні­сінде ардың ісі деп қараған ақын­­ның өзгелерден дара осы бір сипатын жары Лашын «Мен кейде шы­дам­сызданып: «Өлеңдеріңді газет-журналдарға беріп, ел-жұртыңа таныла бер­мей­сің бе?» – десем, ол: «Жақсы жа­зу үшін мол білім керек.
Ол үшін жатпай-тұрмай оқуым ке­рек» деп кітаптан бас алмайтын», – деп еске алғаны бар. Десе-деген­дей-ақ, Мұқағали – шаршамай, тал­­май іздену арқылы өзін-өзі үз­дік­сіз жетілдірген ұлан-ғайыр білім ие­сі болды да. Әйтпесе қарапайым қа­зақ ауылында туып, қазақ мек­те­бін­де оқыған ақынның мектепте орыс тілінен сабақ беретіндей, ке­йі­ні­рек тіпті У.Уитмен, Данте, Шекспир, Пуш­кин, Некрасов, Блок тәрізді әлем­­дік деңгейдегі классиктердің шы­ғар­маларын ана тілінде ше­бер­лікпен сөйлетердей мүмкіндігі бол­мас еді. Бұл ретте, М.Қабанбаев айт­пақшы, «миында ұлттың коды жа­зылған» Мұқағали – кей­бі­реу­лердің «Ақынға білім қажет емес, та­биғи талант болса жеткілікті» де­ген жаңсақ пікірін терістеген бірден-бір ұлы тұлға.
Алғашқы жинағы жарық көр­геннен кейін небәрі 12 жыл өмір сүр­ген Мұқағали сол аралықта сегіз жыр жинағын шығарған, «Райымбек! Ра­йым­бек!», «Ильич», «Аққулар ұйық­та­ған­да», «Мавр», «Моцарт. Жан азасы» тәрізді бас­­қа да бірқатар поэма-толғаулар, көр­кем аудармалар қалдырған, мыңнан ас­там өлеңдер жазған. Алайда қаламы құр­ға­май жазып-сызғанына және қыруар әдеби мұра түзгеніне қарамастан, ақын­ның сол тұста жарық көрген жинақтарының кө­лемі де, таралымы да өзгелермен са­лыс­тыр­ған­да әлдеқайда аз болған. Бұл ту­ра­лы жа­зушы, баспагер Бексұлтан Нұр­же­ке­ұлы­ның: «Мұқаң көзі тірісінде жыл са­йын не жы­лара шығып тұрған кілең жұп-жұ­қа жи­нақтардан-ақ шаршап біткен бо­луы керек деп ойлаймын. Қатарластары том-томдап кітап шығарып, қомақты қа­ла­мақы алып, шалқақтап жүргенде о жа­рықтық өлерінде көрген «Өмір-дастаннан» өз­ге қалың кітап шығарып көрген жоқ. Өйткені сөзін сөйлейтін адамы – «кры­ша­сы» болған жоқ. Мардымды қызметі де бол­мады. Оның үстіне «ішеді» дегенді жа­уы да, досы да сыбырлап алға тартты да отырды. Соның бәрі оған кесір болды. 1979 жылы Нұрлан, Баққожа үшеуміз қол­­­жазбаларынан жинақтаған «Өмір-өзен» кітабының көлемі ақынның көзі ті­рі­сін­­де шыққан «Армысыңдар, достарым!», «Қар­­лығашым, келдің бе?», «Мавр», «Да­ри­ға жүрек», «Шуағым менің» деген бес кітабының көлемімен бірдей екен. Мұ­ны қазақ шөміштен қағу дейді», – деп қын­жыла еске алғаны бар. Бір айта ке­терлік жайт – Мұқағалидың 70 жылдығына орай «Жалын» баспасы ақынның төрт том­дығын шығарды және оның үш томына ақын­ның бұрын-соңды жарияланбаған шы­ғармалары енді. Бексұлтан аға айт­қандай, «Өлген адам өлең жазбайды ғой. Де­мек, соның бәрі тірі күнінде-ақ жа­зыл­ған, бірақ әртүрлі себеп-сылтаулармен жа­рық көрмей қала берген. Соның бәрі Мұ­қаңның жүрегін жараламады, көңілін жү­детпеді деп кім кепілдік бере алады?»
Ең бір кереметі, Мұқағали поэзия жан­ры­на ғана емес, проза, драма, сын са­ла­сына да қалам тартып, «Құлпытас», «Әже», «Өз­гермепті», «Марусяның тауы» әң­гі­ме­ле­рі мен «Қос қарлығаш», «Жыл құстары» по­­вестерін, «Қош, махаббат» пьесасын жаз­­­ды. Өкінішке қарай, ақынның про­за­лық шығармалары күні бүгінге дейін әде­биет­ші қауымның зерттеу аясынан мүлде тыс қалып келеді. Ол түгіл, жан-жақты зерт­телініп жүрген тәрізді болып көрінетін поэ­зиялық шығармаларының өзіне ба­йып­ты талдау жетіспейді. Біздің сыншыла­ры­мыздың, мұқағалитанушы­ла­ры­мыздың ақын өлеңдерін таразылауы көбінесе со­ның мазмұнын қара сөзбен қайтадан баян­­­дап берумен ғана шектеледі. Ал қара­па­йым оқырман ретінде, мысалы, мені Мұ­­қа­ғалидың не себепті «Біздерде мо­настырь жоқ, Мен оған барар едім» деп ағы­нан жа­рылғаны болмаса «Қайтеміз ен­ді... ұлы бола алмай ішеміз» дегенде не­ні меңзегені, сол сияқты «Жапырақ жүрек жас қайың, Жанымды айырбастайын...» деп неліктен мұң төккені, «Қылышың емес пе едім қы­наптағы, Жоғалттың неге мені, пай­ғам­ба­рым?!» деп неге күрсінгені ой­лан­тады.
Өкінішке қарай, біздің әде­биет­та­ну­шы­лар ақынның адами болмысы мен өзін­дік ұстанымын, әлдебір жағдайларға бай­ла­нысты тың да тосын көзқарастарын өз дең­ге­йінде, өз дәрежесінде түсінуге ты­рыс­пай­ды. Мұқағали туралы әңгімелердің де­ні не біржақты мақтау, мадақтау, не бол­­­маса бір­ыңғай кінәлау, жамандау си­па­­тында болып ке­леді. Мақтайтындар «мық­ты ақын еді, әттең, қоғамнан, орта­сынан те­періш кө­ру­мен өтті» десе, келесі біреулер «оған тәп-тә­уір қызметтер де, үй де бе­ріл­ді, өлеңдері жа­рияланып жатты, атақ-даңқ­ты өзі көтере ал­мады» деп сө­геді. Бәл­кім, екі пікірдің де жа­ны бар шы­ғар. Бі­рақ ендігі мақсат – ақынды не ақтау, не дат­тау болмауы тиіс. Бүгінгі қауымға ақын өмі­рінің шындығы қажет. Осы орай­да ақын Зайда Елғон­ди­но­ваның: «Біз тұл­ға­­ла­рымыздың бейнесін қол­­дан салынған, күл­лі жұрт табынып, сы­йы­­натын сурет тү­рін­де жасауға құмармыз. Әри­не, біреудің же­­ке өмірін қазбалаудың қа­­жеті жоқ. Әйт­се де ешкім періште емес, ақын да – адам. Оның да қателескен тұс­та­ры, кемшін мі­нез­­дері, жеке тағдыры бар. Осы тұрғыдан ал­ғанда, бізге Мұқағалиды адам ретінде зер­делеу жетіспейді», – деген пі­­кірі көңілге қо­­нады. Қалай дегенмен де, ке­­зінде ақын­ның:
Жазылар естеліктер нешелеген,
Көрерміз оның бәрін пешенеден.

Әйтеуір, білетінім бір-ақ нәрсе –
Көшеді өлең немесе өшеді өлең!
Қулары «таудың қызыл түлкісі» дер,
Момындар «біздің үйдің кірпіші» дер.
Мәңгілікке өзіммен ала кеткен,
Менің нәзік жанымды кім түсінер?.. –
деп қалайша дәл айтып кеткеніне еріксіз таңғаласыз.
Рас, ақынның таңдамалылары да, ол туралы естеліктер де жарияланып жатыр. Ендігі кезекте Мұқағали жайында деректі фильмдер түсіру жағы ескерілсе деген тілегіміз бар. Өйткені ол туралы ре­жиссер Серік Жар­мұ­ха­медов түсірген «Қы­ран­ның қанатынан қуат алған» атты фильмнен бас­қа тұшымды дү­ние­нің бар екендігін осы­ған де­йін көрген де, естіген де емеспіз. Мұ­қа­ға­ли­дың жанды бейнесі сол фильм­нің кадрынан ғана көрініс тапқан. Оның өзі Мұқаңның бір топ ақын-жазушылар­мен бірге 1969 жылы Талдықорған об­лысы, қа­зіргі Көксу ауданы шар­уа­шылық­та­рын ара­лап, жергілікті жұрт­шылықпен болған кез­­десулерге қатысқан ке­зінде түсірілген ки­но­жур­налдан алынса ке­рек. Сенсеңіз де, сен­бе­сеңіз де, Мұқағалидың бей­несі сақ­талған жал­ғыз киноқұжат әзір­ге тек осы ғана. Кім біледі, егер­де мұ­қият із­­дес­тір­сек, Жазушылар ода­ғы­ның съез­де­рінен, өз­ге де жиындардан түсірілген, Мұ­­қа­ға­лидың бей­несі бар әлдебір құнды кадр­лар, мүм­кін, мемлекеттік мұрағаттың ки­но-фо­то және дыбыс жазбалары бө­лі­мі­нен та­бы­латын да шығар. Тек соның со­ңы­на тү­сіп, ақын жөніндегі құнды құ­жат­тар­ды жиыс­­­­тыратын, мазмұнды, ма­ғы­на­лы фильм жасайтын ынталы топ қажет.
Мұқағалитану бағытындағы бірқатар ол­­қылықтарға орай зиялы қауымға, қа­ламгерлерге өкпе артқанымызбен, қа­ра­пайым халыққа иненің жасуындай мін таға алмасымыз анық. «Абай жаққан бір сәу­­ле сөнбеу үшін», «бір сөзге бір ға­сыр­дың жүгін артып», жарық күнді, өмірді, ту­ған елін, туған жерін жырлап өткен Мұ­қа­ға­­лиын ел-жұрты шын құрметтейді, шын қа­­дірлейді. Жырларын жатқа айтады, жер-жерде «Мұқағали оқуларын», еске алу кештерін өткізіп, ақын рухына тағзым ете­ді. Жоғарғы жақтың ешбір нұсқауын­сыз, бұй­рығынсыз-ақ жалпыхалықтық кө­лем­де ме­рекеленетін бірден-бір той – Мұ­қа­ғали то­йы. Әзірге осыған қуанамыз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста