ҚР Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов «ҚазМұнайГаз» және «Лукойл» компанияларының ынтымақтастығына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» жер қойнауы учаскесін иегруде не себепті ресейлік серіктеске таңдау түскені туралы сұрақ қойылды.
Өз кезегінде Асхат Хасенов аталған жоба аясында ресейлік компания тиімді ұсыныс жасағанын жеткізді.
«Осы орайда аталған компания «ҚазМұнайГаздың» стратегиялық серіктесі ретінде анықталды. Осы жоба аясында Қазақстанға қандай пайда түседі? Біріншіден, бұл кен орнын игеру біраздан бері қарастырылып келе жатыр. Кезінде біз оны Каспий жобасы бойынша келісім аясында игеруді жоспарлаған едік. Бірақ экономикалық тұрғыда ынталандыру тетіктері болмаған соң, оператор бұл жобаны мемлекетке қайтарды. Сондықтан тиісті жеңілдіктер беруді көздейтін жетілдірілген келісімшарт механизмі енгізілді», - деді вице-министр.
Айта кетейік, биыл 9 ақпанда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «Лукойл» ЖАҚ Каспий теңізінің Қазақстан бөлігіндегі «Қаламқас-теңіз, Хазар, Әуезов» жер қойнауы учаскесін иегру жобасы бойынша бірқатар келісімге қол қойды.
Компаниялар Қатысушылар келісіміне, «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС жарғылық капиталында 50% қатысу үлесін сатып алу-сату шартына және оператор қызметін қаржыландыру талаптары туралы келісімді бекітті.
Құжаттар жер қойнауын пайдаланушының аталған учаскені игеру бойынша бірлескен қызметінде құқықтары мен міндеттерін айқындайды. Осы орайда «Лукойл» «ҚазМұнайГаздың» Каспий қайраңында жер қойнауының осы учаскесін игеруде стратегиялық серіктесіне айналды.