Мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасына кім жауап береді?
Республикада мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша бой көтерген үйлердің көпшілігі сын көтермейді. Құрылыс мамандарының айтуынша, кезінде бетон құйғанда оның арасына салынатын 14-16 мм жуан арматуралардың орнына сегіздік арматуралар қойылған екен. Тіпті 10 тонна цемент кететін жерге үнемдікпен 8 тонна құйылған көрінеді. Ең сорақысы, осының барлығы Қытайдан әкелінген сапасыз өнімдер екендігі айтылып отыр. Сейсмикалық қауіпті аймақ болып есептелетін Алматы қаласында осының салдары бұл күндері байқалуда.
Депутаттың алаңдауы орынды-ақ мәселе. Өйткені қазір құрылыс компанияларының салақтығынан жүздеген отбасы зардап шегіп отыр. Алматы мен Астана қаласының тұрғындары мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің сапасыздығын айтып дабыл қағуда.
Ол – ол ма, тіпті Астанадағы министрліктер мен басқармалар орналасқан ғимараттардың да тиісті құрылыс нормалары мен ережелерге сәйкес жүргізілмегендігі анықталып отыр. Жарайды, үкіметтік ғимараттардағы сапасыздықты олардың ішіндегі дербес шаруашылық басқармалары реттей жатыр, ал қарапайым тұрғындардың үйін кім жөндеп береді?
Аманжан Жамалов, Мәжіліс депутаты:
– Кейінгі жылдары елімізде салынған ғимараттар қазақстандықтардың өміріне қатер төндіруде. Себебі құрылыс нысандарында пайдаланылып жатқан арматуралар мүлдем сапасыз. Мәселен, құрылыста қолданылып жатқан арматуралар сәулетшілер көрсеткендей 14-16 мм емес, олардың арасына көбі сегіздік арматураларды тығып жіберген. Ол арматураларды қолмен де майыстыруға болады, оның біреуін екіншісіне ұрсаң оп-оңай сынып кетеді. Оған себеп – оның тек сыртқы қабатының ғана металл, ал ішінде темірдің орнына бетон болуына байланысты.
Онымен қоса, біткен құрылысты қабылдап аларда тиісті органдар қайда қараған? Мұның барлығы тендердің дұрыс өткізілмеуінен, мемлекет тарапынан қадағалаудың болмауынан, тіпті шындап келгенде жергілікті биліктің жауапкершілігінің жоқтығынан екендігін білдірмей ме?..
Елбасымыз Н.Назарбаев «Қазіргі кезде бюджет қаржысының далаға шашылмауын, оған қадағалауды күшейту керек» екендігін қатаң ескертті. Алайда сапасыз құрылыс жұмыстарын жасап, мемлекетке айтарлықтай шығын келтірген мекемелерге не істей алдық, қандай шаралар қолдандық? Ал құрылыс нысандарын жүргізгенде және оны қабылдағанда тиісті деңгейде қадағалап, бақылау орнатпаған жергілікті мемлекеттік сәулет және құрылыс департаментінің басшыларын не болмаса әкімдерді жауапкершілікке тарта алдық па? Жоқ! Тұрғындар арыз беріп, шу шығарғанда ғана сот шешімімен компания басшысы бұзылған жерді қайта сылап-сипағандай болады. Бар болғаны – осы. Ал ол нысан бәрібір де түпкілікті сапасыз салынғандықтан, ертең тағы да бір шикілік шықпасына кім кепіл? Сондықтан да мүмкін оларға қайта жөндете отырып, қомақты айыппұл салдырып, тіпті қылмыстық іс қозғауымыз керек шығар. Сонда олар екі шығындалмас үшін сапалы жасайтын болар... Біздің міндет ой тастау, ал оның шешілуі тиісті органдардың құзырындағы мәселе.
Арсен, «Құлагер» ықшамауданының тұрғыны:
– Лифт бірде істесе, бірде істемейді. Терезелерде саңлау көп. Қыста суық уілдеп тұрады. Тіпті қабырғалардың жұқалығы сонша, әр пәтерден шыққан дыбыс көршілерге естіледі. Жылы су мен суық су шығатын құбырлар да қалай болса солай қойыла салған. Мысалы, құбыр бір бұрышта тұру керек болса, олар жарты метр бері шығарылып қойылған. Ал оның артын пайдаға асыра алмайсың. Онымен қоса, қабырғалары да қисық. Дәліздің кіре берісінің ені 1,80 болса, келесі басы 1.5 метр болып тарылып кеткен. Үйге кіре салысымен, шала құрылыс жүргізілгендігі бірден көзге көрініп тұрады. Тіпті балкондарға өрілген кірпіштің арасында еш байланыс жоқ. Сынған, мүжілген жарты кірпіштерді қалап шыға берген. Бір-бірімен байланыспаған қабырға кейін опырылып қалуы мүмкін. Сондықтан бала-шаға қауіпсіздігі үшін қайтадан несие алып, жаңа салынған үйдің өзіне күрделі жөндеу жүргіздік.
Арықбай АҒЫБАЕВ, заң ғылымының докторы:
– Үкімет қаржы бөлмейді емес, жеткілікті дәрежеде бөледі-ақ. Бірақ соны құрылыс компанияларының басшылары ұқсатып жаратпайды. Құрылысқа кететін шығынды үнемдейміз деп, арзан материалдарды алады. Әрине, одан кейін құрылыс сапасы төмен шығады. Ал немқұрайды салынған құрылыс адамдардың өміріне қауіп әкеледі. Сондықтан біз, заңгерлер, осыған қатысты Үкіметте ұсыныстар жасап, 2007 жылдың наурыз айында қылмыстық заңға қосымша 245 — 1-бап қосылды. Сапасыз құрылыс деп аталады. Онда былай делінген: «Құрылыс компаниялары басшыларының, жұмыс жүргізушілердің және құрылыстың сапасын бақылауды жүзеге асыратын лауазымды адамдардың сапасыз салынған немесе аяқталмаған, талапқа сай емес ғимараттар мен құрылыстарды пайдалануға тапсырса, сонымен қатар ол қабылданса және де онда адам денсаулығына аса ауыр немесе орташа жарақат әкелсе, онда қылмыс болып табылады». Ал абайсызда екі немесе одан да көп адамдардың өліміне алып келсе, онда қылмыстық жауапқа тартылады. Мұндай жағдайда құрылысқа қатысы бар лауазымды адамдар сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар егер сапасыз құрылыс салған адамдардың мақсаты тек ақша жасау жолымен салғандығы анықталса, онда оған алаяқтық деген бап қосылады. Осы заңды прокурорлар, құрылыс бақылайтын органдар дұрыс қолданса, онда сапасыз үйлерге тыйым болар еді. Бірақ осы баптың енгізілгеніне екі жыл өтсе де, бірде-бір құрылыс басшыларының қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын естіген емеспін. Яғни қылмыстық кодекске енгізілген бұл бап «өлі» бап болып тұр.