Құрметті қазақстандықтар!
Алдағы сайлау еліміздің дамуы, демократиялық құндылықтардың нығаюы үшін өте маңызды.
Мемлекет сайлаудың ашық, адал, айқын және бәсекелестікпен өтуіне барлық жағдайды жасап отыр.
Оны баршаңыз көріп отырсыздар.
Электоралдық науқанның барлық кезеңіндегі заңдылықтарды сақтау қамтамасыз етілді.
Саяси партиялар бұқаралық ақпарат құралдарын тең дәрежеде пайдалана алды.
Сайлау процесіне қатысушылардың бәріне сайлаушыларын өздерінің сайлау алды тұғырнамасымен таныстыруға кеңінен мүмкіндік берілді.
Қай партияның ел мүддесіне арналған нақты бағдарламасының бар екенін, ал қай партиялардың тек бос сөз, алдау және жала жабумен жүргенін халық нақты көрді. Барды жоқ деп, елге іріткі салатындарға халық өз әділ бағасын береді деп сенемін.
Халықаралық қауымдастық сайлауға зор ықылас танытып отыр.
Біздің болашағымыз, бірлігіміз, тұрақтылығымыз өзімізге, әрбіріміздің таңдауымызға байланысты болады. Осыны әркез есте сақтауымыз керек.
Орталық сайлау комиссиясына сегіз халықаралық ұйымнан және 29 шетелден 819 бақылаушы тіркелді.
Сайлау туралы 118 шетелдік бұқаралық ақпарат құралы ақпарат таратады.
Жалпы алғанда, электоралдық науқан белсенді жүргізілуде. Сіздер оны күн сайын көріп келесіздер.
Барлық әлеуметтік зерттеу халықтың басым көпшілігі сайлауға қатысып, дауыс беруге ынталы болып отырғанын көрсетеді.
Бұл кездейсоқ емес. Бұл белсенділік дұрыс. Себебі бұл – елдің 20 жылдағы тұрақты дамуының нақты нәтижесі.
Біз көп нәрсеге қол жеткіздік. Бүгінде ЖІӨ жан басына шаққанда 11 мың доллардан асты. Өткен жылдың қорытындысымен салыстырғанда экономика 7,5 пайызға өсті. Халықаралық резерв жиынтығы 75 млрд АҚШ долларынан асты.
Бұл қаржыны не үшін жинап жатырмыз?
Бұл қаржы бізге жаңа дағдарыстар, қазіргі заманда ешкім де қорғана алмайтын катаклизмдер кезінде керек болады.
Егер сондай катаклизмдер бола қалса, бұл қаржы зейнетақылар мен бюджеттік қызметкерлердің жалақыларын уақытында төлеу үшін қажет.
Сіздер білесіздер, үш жылдың ішінде ғана қазақстандықтардың жалақылары мен зейнетақылары екі есе өсті. Денсаулық сақтау мен білім беру салалары қарқынды жаңарып келеді.
Қазақстан халықаралық үдерістердің белсенді қатысушысы болып табылады.
Сайлаулар – кез келген қоғам үшін әрқашан сынақ. Бізге де солай. Бұл қоғамдық құндылықтарды, ұлттың тұтастығы мен қабылданған шешімдердің дұрыстығын тексеретін кезең.
Сонымен қатар бұл – әрқашан пікірталастар мен қатаң бәсеке. Бұл қалыпты демократиялық үдеріс.
Бірақ біз сайлаудың өмірдің белгілі бір кезеңі ғана екенін естен шығармауымыз керек.
Қазақстанның алдында жаңа міндеттер тұр.
Құрметті отандастар, әдеттегідей шынайы әрі тура айтар болсам, өкінішке қарай, бізді қиын кезеңдер күтіп тұр.
Әлемдік экономиканың тұрақсыздығы экспортқа деген бағаның төмендеп, Қазақстан экономикасына әсер ететін жаңа дағдарыс толқынының туу мүмкіндігін жоғарылатады.
Біз бұған бірінші жыл дайындалып отырған жоқпыз.
Біз 2008-2009 жылдағы әлемдік қаржы дағдарысын толықтай еңсере алдық. Оның қайталануы мүмкін екені жөніндегі болжамдарға қарамастан, біз азаматтарымыздың жағдайын жақсарту үшін елімізді жаңғыртудағы бағытымызды жалғастыра береміз.
Біріншіден, біз азаматтардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған ауқымды әлеуметтік жаңғыруды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз.
Біздің жоспарларымыздың барлығы жалпыұлттық бағдарламалар арқылы бекітілетін болады.
Бұл «Сапалы өмір – 2030 », «Дені сау ұлт – 2030», «Ақпараттық Қазақстан - 2030».
Бұлар қаржымен қамтамасыз етілетін нақты бағдарламалар және біз оларды тиісінше жүзеге асырамыз.
Бұл бағдарламалардың орындалуы біздің елдің тұрғындарының бақуатты өмір сүруін қамтамасыз етеді.
Екіншіден, еліміздің индустрияалдық-инновациялық дамуы жалғасын табады.
Біз өндірісті дамытып, Қазақстанға аймақтық және әлемдік деңгейде бәсекелесуге мүмкіндік беретін ғылыми технологияларды енгіземіз.
Электрониканың, машина жасау, әуе құрылысы, локомотивтер мен вагондар өндірісі, құрылыс индустриясының жаңа салалары толықтай жұмыс істейтін болады.
Біз еліміздің аграрлық секторына ерекше қамқорлық көрсететін боламыз.
Біз шикізатты өңдеу саласын жолға қоюды жалғастырамыз.
Біз мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлетін боламыз. Біз ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында 2300 шаруашылық орталықтарын құрамыз.
Үшіншіден, біз қазақстандық қоғамның саяси жаңғыруын жалғастырамыз.
Сайлау қорытындысына сәйкес, кемінде қоспартиялы Парламент жасақталады.
Біз құқық қорғау органдарын, әсіресе сот жүйесін реформалауды жалғастырамыз.
Жемқорлықпен ымырасыз күрес жалғасын табады.
Бұл еліміздің дамуының жаңа кезеңі. Біз барлық саяси партиялармен конструктивті негізде жұмыс жасаймыз.
Біз ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту бағытындағы жұмыстарымызды жалғастырамыз.
Біздің болашағымыз өзімізге, әрбіріміздің таңдауымызға байланысты. Біз мұны әрдайым есте сақтауымыз керек.
Қаңтардың 15-і күні қазақстандықтар өздерінің азаматтық парыздарын өтеу үшін сайлау учаскелеріне баратындықтарына және еліміздің көркейіп дамуы үшін өз таңдауларын жасайтындарына сенімдімін.
Бұл сайлау Қазақстанды бұрынғыдан да қуатты, тұрақты, еңселі мемлекет болуына және реформалық, инновациялық саясатына мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының алда болатын сайлауына байланысты Үндеуі
Последние статьи автора